Ресми

Арнаулы төлем: денсаулыққа зиянды азайтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр жыл соңында зиянды өнеркәсіп саласында жұмыс істейтіндерді әлеуметтік қорғау туралы заңға қол қойды. Заң аясында зиянды өнеркәсіп орнында еңбек ететін зейнеткерлік жасқа дейінгі қызметкерлерге жаңа арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді. Қазақстандықтар оны 55 жастан бастап зейнетке шыққанға дейін алуға құқылы. Арнаулы әлеуметтік төлемін ай сайын алып, демалысқа кетуіне болады. Қоса жұмыс істеймін десе, рұқсат, тек ауыр, денсаулыққа зиянды жұмыс істемесе болғаны. Айта кету керек, оны алу үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында кемінде жеті жыл бойы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары жиналуы тиіс.

Сурет: ulysmedia.kz

Бұрынырақта айтылғандай, аталған төлем бірнеше компоненттен тұрады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті бас маманы Бекзат Бейсбекованың айтуынша, арнаулы әлеуметтік төлем арнайы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы (екі ең төменгі күнкөріс деңгейі), зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемінен,  жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемнен және  жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы төлемдерінен құралады.

– Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарға арнаулы әлеуметтік төлем алу үшін жұмыс берушіге зиянды өндірістік факторлардың әсерін болдырмайтын немесе еңбек шартын бұзатын басқа жұмысқа ауыстыру туралы өтініш беру қажет. Бұл туралы мәлімет Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесіне келіп түседі. Осы деректер негізінде арнайы әлеуметтік төлемге кіретін жоғарыда көрсетілген төлемдердің барлық түрлерін тағайындау бойынша проактивті қызмет көрсетілетін болады. Бұл ретте ЖЗҚ-дан МКЗЖ және МКЗЖ есебінен немесе тек МКЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін алуға келісімді, 1414 нөмірінен жіберілген тиісті SMS-хабарламаға жауап беріп, растау қажет. Арнаулы зейнетақы төлемін алушы ешқайда бармай-ақ, SMS-хабарламаға жауап берса, жеткілікті, – дейді Бекзат Бейсбекова.  

Зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыстарда жұмыс істеген, бірақ, қазір жұмыс істемейтін адамдар аталған төлемді арнайы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы мен жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы төлемдері есебінен алады.

– Бұл ретте зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыстарда жұмыс істемейтін, 55 жасқа толған және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын кемінде 84 ай төленген тұлғалар тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» бөлімшесіне барып, өтініш жазуы керек. Онда төлемдерді алуға өзінің келісімін көрсету қажет болады, – дейді Бекзат Яхияқызы.

Ол міндетті кәсіптік зейнетақы жәрдемақы, сақтандыру төлемі және жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлем түріндегі бюджет қаражаты есебінен жинақтаған арнаулы әлеуметтік төлем ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты жыл сайын өсетінін және зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін төленетінін де атап өтті.

– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін ай сайынғы зейнетақының мөлшері міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен де, міндетті зейнетақы жарналары есебінен де қалыптастырылады. Зейнетақы төлемінің мөлшері аталған екі жарнаны 6,5%-ға көбейту және 12-ге бөлу жолымен айқындалады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынындағы зейнетақы төлемдері 5%-ға индекстелетін болады және зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін жүзеге асырылады, – деп түсіндірді Бекзат Бейсбекова.

Жансая ОМАРБЕК,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button