Медицина

Арнайы вакцина әзірленді

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 19 қаңтарда коронавирус инфекциясына – 74, коронавирус пневмониясына 7 адам шалдықты. Пневмониядан бір науқас қаза тапты. Жалпы, 1 949 адам індеттен емделуде. Бұл – кешегі дерек.

Емделушілер арасында 156 пациент стационарда. 1 793 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Дерек бойынша он адамның жағдайы ауыр, бесеуінің жағдайы өте ауыр. Үш науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Айта кетсек, бұдан тәулік бұрын коронавирус 101, пневмония төрт адамнан анықталған болатын.

Пандемия басталғалы 1 405 289 адам ауырды. Оның 13 843-і қайтыс болды. Осы аралықта облыста 163 251 адамның ауырғаны белгілі. Соңғы тәулікте жаңадан 11 адам індет жұқтырды. Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің дерегінше, жыл басынан бері коронавируспен ауырған 161 адам анықталды. Оның ішінде 152 жағдай (94,4%) симптомдармен, 9 жағдай (5,6%) симптомсыз. Осы аптада індет жұқтыру дерегі өткен аптамен салыстырғанда 16,4%-ға төмендеген. Өткен аптада 74 жағдай болса, осы жұмада 61 жағдай тіркелді.

Министрліктің мәліметінше, соңғы кезде ревакцинация алушылар көбейген. Бүгінгі таңда республика бойынша 5 746 905 адам ревакцинация жасатқан. Ал вакцинацияның бірінші компонентін 10 858 865, екіншісін 10 629 710 адам алған. Бірқатар вакцина өндірушілер коронавирустың жаңа мутацияларына қарсы вакцина жасауды қолға алған. Мәселен, ресейлік Гамалей атындағы ғылыми-зерттеу орталығы «кракенге» қарсы әсері бар вакцина жасауды қолға алыпты. Оны орталық директоры Александр Гинцбург айтты. Алдында аталған орталықтың зерттеушілері «кракен» нұсқасы таралу жағынан басымдық алуы мүмкін деген пікір білдірген еді. Сонымен қатар, ол коронавируспен ауырған немесе оған қарсы вакцина алғандардың иммунитетін де айналып өте алады деп пайымдайды. Сондықтан мамандар вакцинация мен ревакцинацияға, сонымен бірге, қарапайым сақтық шараларын сақтауға кеңес береді. Қазір елде Sinopharm, CoronaVaс және QazVac вакциналары қолданыста. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының арнайы миссиясы Қазақстанға келіп, QazVac-ты тіркеуге қатысты тексерулер жүргізеді. Бұл жайында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтқан болатын.

– Қазақстандық вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық ұйымында тіркеу жұмыстары қазір жалғасып жатыр. Былтыр осы ДДҰ өкілдері, мамандары мен сарапшылары онлайн режимде әр түрлі құжатымызды сұрап, тексерген болатын. Енді биылдың өзінде сол ұйымнан арнайы миссия келіп, біздің вакцинаның қалай шығарылып жатқанын, зауытымыздың халықаралық стандарттарға сәйкестігін, дүние жүзінің халқына қолдануға жарамдылығын тексереді, – деді министр.

Жансая ОМАРБЕК.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button