Қарекет түбі – берекет
Шет өңірі – ежелден түлік өргізген өңір. Бүгінде де сол үрдісі үзілмеген. Төрт түлік арқылы түтіні түзу ұшқан жайы бар. Мал шаруашылығы арқылы мұнда мұрты майланған фермерлер көптеп кездеседі. Сондықтан да, ауданның тұрмыс-тірлігі күн санап жақсарып келеді. Бұған еңбегінің өтеуін төккен тер мен жомарт жерден ғана сұрайтын жергілікті шаруалар үздіксіз үлес қосып жүр. Олар мал шаруашылығымен қатар егін де салады. Тегі, қыс қыстаққа, жаз жайлауға көшірген үйір-үйір жылқы, отар-отар қой – ауылдың сәні екенін тамыры атамекенде жатқан қазақ жақсы біледі.
Мемлекеттік бағдарлама арқылы шаруашылығын шалқытқан шаруа қожалығының бірі – «Харекет». Қожалық басшысы – Қуаныш Хантурин. Бұдан бірнеше жыл бұрын «Сыбаға» бағдарламасы арқылы мал шаруашылығын қолға алған ол ауыл шаруашылығының кәнігі маманына айналған. Бағымындағы қазақтың ақбас сиырының саны 300-ге жуықтаған. Аналығы 150-ден асады. Оның әрбіреуіне 150 мың теңгеден субсидия алады. Шаруа қожалығы жетекшісінің айтуынша, бұл малдың жем-шөбі мен күтіміне жетеді.
– Қазақтың ақбас сиыры мекен талғамайды, әрі төзімді келеді. Ыстық-суыққа қоңын да оңай бермейді. Еті де өзге сиырларға қарағанда дәмдірек. Міне, алты айға толған бұзауларын құжаттарымен сатуды бастаймыз. Оның құны да өзгеше болады. Бір бұзаудың бағасы 300-500 мың теңгені құрайды. Малдың бұл тұқымын өсіргелі 9 жылдың мұғдары. Өте берекелі. Ал, қалған сиырларға жыл сайын 25 мың теңгеден беріледі. Бұл да жем мен шөпке әжептәуір көмек. Қарекет қылып, адал жолмен нәпақа табамын, жұмыс істеймін деген жанға Үкімет жол көрсетіп, жағдайды жасауда. Тек өзіміз әрі әкете алсақ, жарадық, – дейді Қуаныш Хантурин.
Расында, «Үкіметтен көмек жоқ» дегендердің құлағына алтын сырға. «Харекет» шаруа қожалығы тек сиыр ғана емес, қой да өсіріп, көл-көсір пайдасына кенеліп отыр. Биыл 500 қойдың әр басына 2500 теңгеден субсидия алған. Оның айтуынша, қой қыстың ортасына дейін далада жайылады. Боранда ықтаудан сақтап, бақсаңыз, орташа аяздарға қой шіркін төтеп береді. Жылқының шарын қуалай жайылған Шопан ата төлі ауа райы қолайсыздығына төзгіш. Тек көктемде төлдегенде сақ болған абзал екен.
– Қой қоздағанда қозылар егізден туып жатады. Оның сыңары еркек-ұрғашыдан болса, еркегі міндетті түрде әлжуаз келеді. Еркегін қадағалап, ауыздандырмаса, жұлмырлау, ширақ ұрғашысы бар сүтті еміп қояды. Ал, жалқы туған қозылар ерте пісіп, жетіледі. Қарап отырсақ, төрт түліктің әрқайсысы өзінше ерекше, – деп түйді шаруа қожалық иесі.
Шаруа қожалығы жетекшісі бұған қоса егін де салады. Бұдан бірер жыл бұрын мемлекет бағдарламасымен техникасын сақадай сайлап алған. Жаңа трактор, шөп шабатыны және күреуішін қоса алған. Бүгінгі таңда малға берілетін жемнің жартысынан көбі шаруа қожалығының өз тарапынан. Бұл да – өніп-өркендеу, дамудың белгісі.
– Әуел баста мал асырауды бастағанда жылқыға – 15 млн. теңге, сиырға 15 млн. теңге несие алғанмын. Бұл Үкіметтен берілген көмек деп санаймын. Әрине, сол қаражатты ұқсатып, өнімін көбейтсе, онда ойға алған мақсатқа жеттің деген емей немене?! Мемлекетімізді түбінде дамытар – осы ауыл шаруашылығы. Өзіңе-өзің қызмет ете берсең, пайдасы қоғамға да тиеді. Ал, маңайға титтей пайда тисе, олар саған келіп, көмектесуге міндетті емес. Мен сырттан жұмысшы іздемеймін. Шаруа қожалығымыздың бар шаруасы өзім мен бала-шағамнан артылмайды, – деді Қуаныш Хантурин.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында да «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді» деп нақтылап айтты. Оң пікір.
– Мал ұстаған соң, оның қызығын көру керек. Жақсы өмір сүруге ұмтылып, өзіңнен, ағайын-туыстан көмек аямаған абзал. Қазір біздей шаруалар бүтін бір ауылға ұйытқы болып отырған жайы бар. Біздің де көксегеніміз – тұрған мекенімізге пайдамызды тигізу, – дейді Қуаныш Хантурин.
Ауыл қаланың тынысы екені көптің есінде. Қалаға келген құрт-майдың, қазы-қартаның отаны – ауыл. Негізі, қазақтың қай жерде жүрсе де, кіндігі ауылға байланған.
Шаруашылық жетекшісі Қуаныш Хантуринді ауыл-аймақ жете таниды. Өйткені, оның ауылдас ағайындарға көмек беруден жаңылып көрген жері жоқ. Барын жапалақша басып емес, сұңқарша шашып жейтін азаматтар осындай болса керек-ті.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz