АймақБалқаш

Балқаш туризмі брендке айналады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді экономиканың маңызды драйвері әрі инвестиция тартудың перспективалы бағыты ретінде айқындап отыр. Бүгінде Президент тапсырмасына сәйкес өңірде туризм саласын дамытуға бағытталған кешенді шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Балқашта биылғы туристік маусымға дайындық жұмыстары айтарлықтай күшейтілген. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша қалаға 182 901 турист келіп, туризм саласында көрсетілген қызмет көлемі 3,25 млрд теңгені құрапты. Биыл демалушылар саны мен көрсетілетін қызмет көлемінің бұдан да артуы күтілуде. Олай дейтініміз, қалада қолға алынған жаңа жобалар мен инфрақұрылымдық бастамалар биылғы маусымға сақадай сай.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жыл басынан бері жалпы инвестиция көлемі 2,77 млрд теңгені құрайтын үш демалыс аймағы іске қосылды. Жыл соңына дейін 2,712 млрд теңгені құрайтын тағы алты нысанды пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар, 2025 жылы мемлекеттік қолдау аясында туризм саласындағы бес жобаға жалпы сомасы 702,5 млн теңге көлемінде қаржыландыру бөлінген. Биыл сол жобалар ел игілігі үшін қызмет атқармақ.

– Туристік саладағы шығындардың бір бөлігін өтеу мемлекеттік қолдау шеңберінде Балқаш қаласы бойынша бір өтінім мақұлданды. Қазіргі уақытта осы бағытта тағы бес өтінім қаралуда. Бұдан бөлек, Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, Бертіс шығанағы аумағында жалпы аумағы 14 гектарды құрайтын өңірлік индустриялық аймақ құрылды. Бүгінде «Premium Villa Balkhash» ЖШС құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Сондай-ақ, «Сарыарқа» ӘКК-мен әріптестік аясында екі инвесторға санитарлық-сауықтыру кешені мен қонақүй салу үшін жер учаскелері берілді, – деді Балқаш қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерслан Зияда.

Қала аумағындағы барлық қолданыстағы туристік нысанға тексеру және паспорттау жұмыстары жүргізілген. Маусымға дайындық аясында Барковское ауданында, «Балқаш Tour Fest» фестивалі өтетін аумақта, және Шұбартүбек пен Тораңғалық елдімекеніндегі жағажай аумақтарында бекітілген талаптарға сәйкес абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

– Абаттандыру аясында көлеңкелі шатырлар орнатылып, жағажайларға киім ауыстыратын кабиналар қойылуда.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдайы да толық жасалады. Қазіргі таңда «Балқаш Tour Fest» фестивалі өтетін аумақта кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, автотұрақтар кеңейтіліп, периметрлік жарықтандыру жүйесі орнатылды. Қоршаулар салынып, шағын сәулет нысандары орналастырылды. Сонымен қатар, қосымша санитарлық тораптар орнату көзделген. Бүгінде барлық курорттық аймаққа жаяу жүргіншілер тротуарларын салу жұмыстары басталды. Қажетті материалдар толық көлемде сатып алынған. Қазіргі уақытта модульдік санитарлық тораптар, душ кабиналары және киім ауыстыратын кабиналардың жеткізілуі күтілуде. Бүгінде бұл жұмыстар 55%-ға орындалған, – деді Ерслан Зияда.

Сонымен қатар, Шұбартүбек және Тораңғалық елдімекенінде құтқару станциясы орнатылып. Бертіс шығанағын тазарту жұмыс­тары да жалғасуда.

– Тораңғалық елдімекенінде тұрғындар мен туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында полиция бекетін ашу жоспарлануда. Одан бөлек, 15 сәуірден бастап, масаларға қарсы дезинсекциялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыс­тар бойынша конкурс нәтижесінде «Батыс Қазақстан облыстық медициналық бірлестігі» жеке медициналық мекемесі жеңімпаз атанған. Дезинсекция жұмыстары төрт кезең бойынша жүзеге асырылады. Оның екі кезеңі аяқталды. Барлық жұмыстарды 2026 жылдың 15 шілдесіне дейін аяқтау жоспарланған, – деді Ерслан Қанатұлы.

Айта кетейік, биыл төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған «Балқаш Tourfest – 2026» фестивалі алғаш рет республикалық туристік және мәдени іс-шаралар күнтізбесіне енгізілді. Былтыр екі күн ішінде 50 мыңнан астам турист жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізген болатын. Биыл көкше көлдің жағасы 70 мыңға дейін турист қабылдауға әзір.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button