АймақҚарағанды

Ардагерлер орталығы ашылды

Таяуда Осакаровка ауданының орталығында ардагерлер орталығы ашылды. Оған ардагерлер қауымының өтінішін жерде қалдырмаған аудан әкімдігі, маңайдағы шаруа қожалықтарының иелері мен қариялардың өздері себепші болды

Әрине, өңір тарихының алтын қазығы, сыр сандықтың шексіз шежіресі болып табылатын аға ұрпақтың қай жерде болсын орны бөлек екені белгілі. Ақыл айта білетін, жөн сілтей алатын қазыналы қарттардың арамызда жүргені бір ғанибет. Өмірдің талай сынағынан сүрінбей өтіп келе жатқан олардың өмір жолы кейінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге болып қала берері сөзсіз. Еліміздің ертеңін қолға алатын жас ұрпақ соны біліп өссе, орта буын иелерінің оларға деген құрметін көрсе, ұрпақтар үндестігінің бағасын біледі.

Орталықтың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Алма Шалабаева, аудандық мәслихат хатшысы Қанат Саққұлақов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ислам Шәкірбеков қатысты. Жалпы, ардагерлер орталығының ашылуына аудан әкімдігі, соның ішінде жұмысшы жігіттерді ұйымдастырған Владимир Мажура мен Жұмағали Сапаров, осындағы тоғыз мекеме ұжымы мен ауданға қарасты Садовое ауылындағы шаруа қожалықтарының иелері Владимир Энрих, Виталий Ямковой, Григорий Годик және жабыла жұмыс істеген 16 зейнеткер көп еңбек сіңірген. 800 мың теңгедей қаражат жиналған.

Жылы да жарық, керекті жабдықтармен қамтамасыз етілген бөлмелер қариялардың бас қосуына ыңғайлы, жайлы орын.

Орталыққа тіркелген ардагерлер қауымының айтары мен алғысы бөлек. Олар мұнда шахмат, дойбы ойнап, өзара пікірталас клубын құрып, шығармашылықпен айналыса алады. Сондай-ақ, мұнда құрылған ақсақалдар алқасының жастарға берер ақыл-кеңестері де аз емес.

Дулат ЖҮНІСБЕКҰЛЫ,

Осакаров ауданы.

Ortalyq.кz

Басқа материалдар

Back to top button