Жаңалықтар

Ардагерлер ұйымы – өнеге бастауы

Өңірімізде Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің басын қосатын үлкен облыстық ұйым, оның құрамында, қалалық, оның құрамында аудандық ұйымдар бар. Олардың жұмысын ұйымдастырып, әдістемелік көмек көрсетіп, басшылық жасап отыратын кеңестер құрылған. Кеңестің мүшелері — ардагерлер, өмірдің ыстықсуығына төзіп, талай сыннан сүрінбей өткен арда ерлер. Осындай қоғамдық ұйымның бірі – қаламыздағы Октябрь аудандық ардагерлер кеңесі.

Мазмұнды, жүйелі түрде ауқымды іс-шаралар өткізіп, облыстық, қалалық кеңестер тарапынан оң бағаға ие болып жүрген Октябрь ауданы ардагерлер кеңесінің іс-тәжірибелерін насихаттау мақсатында облыстық ардагерлер ұйымы президиумының отырысы осы ауданда өткізілді. Оған Теміртау, Шахтинск, Саран, Абай кеңестерінің төрағалары қатысты. Облыстық ардагерлер ұйымы президиумының Октябрь ауданында өтуі біз үшін мақтаныш әрі үлкен қолдау деп есептейміз. Ал, шынында өткен жыл жетістіктерге толы жемісті болды.

Ардагерлеріміз қаладағы қоғамдық жұмыстарға, әсіресе, қазіргі буын-жастарға қашанда жол көрсетіп, ұлттық болмыс пен құндылықты бойына сіңіре отырып, ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты аналарымыздың өмірлік тәжірибесі мен бөлісіп, үнемі ақыл-кеңес беруден жалыққан емес. Осындай шаралардың бірі тоқсан жылдан астам тарихы бар Жамбыл атындағы мектептің ардагерлер бастауыш ұйымымен бірлесе өткізген «Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» тақырыбындағы сырсұхбат шарасы жоғары деңгейде өтті. Мектептегі «Жас мұғалімдер» клубының қатысуымен пікірталас ұйымдастырылды. Тәжірибелі ардагер ұстаздар кеңестерін айтып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы төңірегінде ашық әңгіме өткізді.

Сол сияқты қаламыздағы әскеритехникалық мектепте аудан ардагерлері мен мектеп курсанттары арасында Кеңес Одағының Батыры Мартбек Мамыраевтың туған күніне орай шахмат жарысы ұйымдастырылды. Ардагерлеріміз тоғыз құмалақтан да әртүрлі деңгейдегі жарыстарға қатыса бастады.

Дойбы жарыстары да атаулы күндері өткізіліп тұрды. Осындай спорттықсауықтыру ойындарын бұдан былай да жиі ұйымдастырып тұрмақшымыз.

Тұңғыш Президент және Тәуелсіздік күніне орай, дәстүрлі ардагерлер хор ұжымдарының байқауы өткізілді. Жеңімпаздарға арнаулы сыйлықтар тапсырылды. Ауданда мектеп ардагерлері ұйымымен бірге мектеп оқушыларының шығармашылық қабілетін дамыту әрі туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру мақсатында «Менің кіші Отаным», «Менің туған қалам», «Менің туған ауылым» тақырыптарында эссе жұмыстарының байқауы өткізілді.

Мектеп мұражайларының тәрбие берудегі және ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу мақсатындағы жұмыстарын бағалау мақсатында конкурс ұйымдастырылды.

Аудандағы әрбір ардагер назардан тыс қалған емес. Әрқайсысы есепке алынған, бастауыш ұйымның есебіне тіркелген. Әрбір ардагерге көңіл бөліп, назар аударған соң олар да белсенділіктерін арттыра бастайтыны белгілі. Жұмыс жүйеленген.

Ұрпақтар сабақтастығы мақсатында ардагерлеріміз жас ұрпақ тәрбиесіне көбірек араласа бастады. Мектептерде, колледждерде кездесулер жиі ұйымдастырылуда. Қарттар күніне және ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай, Октябрь ауданы ардагерлер кеңесінің бастамасымен №95 мектеп-гимназияда ардагер ұстаздармен мерекелік кездесу өткізілді.

Ауданда тұратын Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлерінің мерейтойлары да назардан тыс қалмайды. Бүркіт Есжановтың, Алпан Итжановтың 95 жылдық мерейтойлары жоғары дәрежеде өтті. Нина Николаевна Сорокинаның 100 жылдық мерейтойына ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілдері, мәслихат депутаттары, облыстық, қалалық әкімдіктердің өкілдері, қоғамдық ұйымдар басшылары қатысты.

Ардагерлер Кеңесінің мүшелерін қызықтырған тағы бір мәселе – латын графикасын үйрену. Осы мақсатта арнаулы сабақтар өткізілді. Латын әліпбиімен танысып, жазу жазып, жаттыға бастадық. Бұл да бір жетістік. Немерелеріміздің не жазғанын оқи алатын дәрежеге жетсек деген ұмтылыс бар. «Ал, өзіміз жазып, немерелерімізге үйрете алсақ, немесе бірге үйренсек – бұл да өнеге көрсеткеніміз емес пе?!» – дейді ардагерлер.

Ошақбай СУХАНБЕРЛИН.

Басқа материалдар

Back to top button