АймақАқтоғай

Қараталда той өтті дүбірлеген

Кеңестік дəуірде 300 шаңыраққа жуықтаған Калинин, Жамбыл, Чапай колхоздары мен Кенелі ауылының орталығы «Абыздың Қараталы» атанған берекелі жерде «Қарашаңырақ Қараталым!» деген атаумен ауылдың мерейтойы айрықша аталып өтті. Қаратал ауылының айшықты таңбасы ретінде еңселі ескерткіш ашылып басталған дүбірлі той тау бөктерінде жалғасты. Елуге жуық ақшаңқан киіз үй тігіліп, ас берілді.

Ақтоғайдағы ұлы той
Суреттер автордан

«Көргені жақсы көш бастайды», – демекші, мерекеге қатысушылар ауылға ат басын тіреп, Қарағанды облысы мен Ақтоғай ауданының Құрметті азаматтары Сағадат Жапабайұлы мен Рымбек Жүнісұлы сөз сөйлеп, ескерткішті ашты. Содан кейін ескерткіш жанына қарағай көшеті отырғызылды.

Мерейтойлық шараның екінші бөлігі Бас-Қараталда өткізіліп, мұнда өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан ауыл тарихының кейбір мəселелері жəне өңірдегі ұрпақтар сабақтастығы турасында баяндама жасады. Ақтоғай ауданының əкімі Руслан Кенжебеков жəне қонақтар, ауылдың жергілікті азаматтары ыстық лебіздерін жеткізді.

– Қаратал ауылының сары белінде дүбірлеп жатқан той ауылдың берекесі мен бірлігін айқындап тұр. Ауылдың іргесін сетінетпей, сəулеті мен дəулетіне өз үлестерін қосып жатқан ағайынға алғысым шексіз. Еліміздің бірлігі арта берсін, – деді Руслан Кенжебеков.

Өзіндік мол тарихы бар өңірдің тойын өткізуге атсалысқан көпшіліктің еңбегі ескерілді. Ұйымдастыру комиссиясының төрағасы, білім саласының үздігі Қанат Мұсаханұлы, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан, əнші Жұмагелді Əбдіров, Сейткамал Алтынбеков, сонымен қатар, Зəуреш Əйнекова, Сағындық Бəкіров, Орынбай Ошанов, Сембек Советұлы, Чапай Байболатовтарға ауылдастар алғысын жаудырды. Сонымен қоса, бірқатар азаматтар аудан əкімінің Құрмет громатасы жəне Алғыс хатымен марапатталды. Қариясын құрметтеген ауыл тұрғындары Тұңғышбай Мұқан ақсақалға ат мінгізіп, иығына шапан жапты.

Ауылдың торқалы тойына орай айтыстың өтуі игі дəстүр деп білдік. Айтысқа түскен ақындар Бақытжан Əрінов пен Нұрдос Маратұлы ел тарихын жырлап, жергілікті жұртшылықты өлеңге қосып, жасындай жарқылдады. Түйдек-түйдек ойларымен, терең толғауларымен талай тектілердің кіндігін кескен, бесігін тербеткен киелі мекен ақындардың жырына арқау болды. Тойдан тəбəрік ретінде қос ақынға арнайы қаржылай жүлде табысталды.

Қараталдың мерейтойына орай белгілі ұстаздар, өлкетанушылар мен журналистер ауыл, тарих тақырыбындағы еңбектерінің басын қосып, кітап шығару ісін қолға алған болатын. Салтанат аясында «Қарашаңырақ Қараталым» аталған жаңа жинақ көпшілікке ұсынылды.

Ақтоғайдағы ұлы той

Жергілікті халықтың шаруашылығына пайдалану үшін Қаратал ауылының барша тұрғыны атынан «ДТ-75» тракторы тарту етілді. Ауыл тағдыры таразыға тартылған сын сағатта батыл шешім қабылдап, азаматтық бастама көтеріп, туған ауылға оралған Думан Оралұлына сый-сияпат жасалды. Сонымен қатар, ауылды құтты мекенге айналдыру үшін өз бастамаларымен қоныс аударып келген отбасының отағасы Азамат Жүнісовке əлеуметтік көмек көрсетілді. Сондай-ақ, Дəуітəлі Стамбеков атындағы мектептің материалдық базасын нығайтуға арналған қажетті керек-жарақ сатып алуға сертификат мектеп меңгерушісі Құрмет Таукееваға тапсырылды. Ауылдың көркі мен келбетін абаттандыруға арнайы бөлінген қаржы ауыл əкімі Ерлік Аумағанұлына табысталды. Бұдан кейін ауыл халқы ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан аламан бəйге, қазақ күресі, қол күрес, қой көтеру сынды ұлттық спорт ойындарын тамашалады, жəрмеңке ұйымдастырылды. Күн райы да ашық болып, шараның өз мəнінде өтуіне септігін тигізді. Аламан бəйгеде алдына қара салмаған Алматының Ұзынағашынан келген Серік Қазыбековтің «Құлагер» атты жүйрігі мəрені бірінші болып кесіп өтіп, 1 млн. теңгені еншіледі. Ал, екінші орынға Шет ауданы, Қайрақты ауылының тұрғыны Ернат Серікболовтың «Əдемі» атты тұлпары, үшінші орынға Сарыобалы азаматы Əмір Төлеуханның «Көкторғай» атты қылқұйрығы тұрақтады.

Күрес бəсекесі талайларды тамсандырды. Спортсүйер қауым қазақ күресінен өтетін доданы сағынып та қалыпты.

66 келі салмақта Медет Исин, 74 келіде Тілек Тоқтасынұлы бас жүлдені иеленді. Жұртшылықты «түйе палуандар» сайысы ерекше қызықтыратыны сөзсіз. Əрбір бəсеке тартысты өтті. Шеберлігімен көпшілікті таң қалдырған Ақтоғай ауданы Қуаныш ауылының мақтанышы Еркебұлан Түсіпбаев барлық қарсыласын жеңіп, «Қарашаңырақ Қараталым» турнирінің «Түйе палуаны» атанды.

Сонымен қатар, ауыл күні мерекесіне арналған ауылдас-жерлестердің қатысуымен дайындалған «Ауылым – əнім» атты концерт ұйымдастырылды. Ерекше форматта өткен əн-шашуға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дəуренбек Əркенов, Аман Сəдуақасов, Жұмагелді Əбдіров, Мадияр Өмірғалы бастаған дүлдүлдер ауыл аспанын сырлы да сұлу əнге бөледі. 

Нұрдос КƏРІМ,
Ақтоғай ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button