Қарашаңырақта – кадрлық өзгеріс

91 жылдық тарихы бар, қазақ баспасөзінің Арқадағы қарашаңырағы «Ortalyq Qazaqstan» газетіндегі кадрлық өзгеріс оқырман назарынан тыс қалмаса керек.

«Орталық Қазақстан» газеті

Алдымен, ел газеті «Егемен Қазақстан» басылымының Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі қызметіне – «Орталықтың» ақмылтығы, өткір тілді, оқырманға есімі жақсы таныс, газетіміздің жауапты хатшысы болған Қызғалдақ Айтжанды «ұзаттық».

Ал, газеттің қайнап жатқан «кухнясына» жетекшілік ету жас та болса айтары көп, жазуы жатық Қасымхан Ғалымға тапсырылды.

Бас редактордың орынбасары лауазымына бұған дейін редакциядағы қызмет сатыларының барлығынан өткен Нұрқанат Қанапия тағайындалды. Газеттің интернет редакциясына Ілияс Мұқай жетекшілік ететін болады.

Қарағандыға республикаға белгілі журналист Назым Дүтбай келді. Қонаққа емес, газетіміздің руханият және мәдениет бөліміне тілші болып…

Айта кетуіміз орынды болар еді, Қарағанды облысынан енші алып шыққан Ұлытау өңірінде де енді «Егемен Қазақстан» газетінің өз меншікті тілшісі бар. Ол – Ахат Құрмансейіт. Ахаңның «Ortalyq Qazaqstan» газетінде де ізі қалған. Мемлекеттік қызметте де, БАҚ-та да еңбегі сіңген азамат.

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің ұжымы жаңа тағайындалған әріптестерін құттықтай отыра, қаламдарына қарым, қадамдарына құт тілейді!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

#орталыққазақстангазеті #қарағандыоблысы #облыстықгазет #қарағанды #қарашаңырақ