Жаңалықтар

Қарашаңырақ

“ҚАРСАҚБАЙ!” десе, қаны қызбайтын қазақ сирек. Осы сөздің өзінде керемет қасиет жатқандай… Бұдан бір ғасыр бес жыл бұрын Жосалыдан Қарсақбайға теміржол тартылды… Енді санаулы күннен кейін Қарсақбайдың қара мысы алынғанына 90 жыл толады…

Тастағы тарих

Ұлытау-Жезқазған өңірінде ежелгі Сақ тайпасы б.д.д. V ғасыр шамасында кенді ұқсатып, одан металл алған. Жылнамашы Геродот жазбасындағы дерек осыны дәйектейді.

 “Түгін тартсаң, майы шығатын” құйқалы өңірдің қойнауындағы қазба байлығы отаршыл орыстың мазасын алды. XVI ғасырдың бастапқы үш онжылдығының ортасынан бастап Ресей империясы үш ғасырдан астам уақыт елші-тыңшы арқылы қазыналы қазақ даласын егжей-тегжейлі зерттеп, маңызды мәлімет жинады.

 Ен байлықты еншілеп қалу үшін оны игеруге ниет білдірген кәсіпкер біткенге барынша жағдай жасап бақты. Бізге біршама белгілісі – көпес Никон Ушаков. 1846 жылы сәуірде қазақ даласының топырағына табаны тиген ол қарашада генерал-губернатор П.Горцовқа жолдаған мәлімдемесінде Ұлытаудың оңтүстік-шығысынан мыс кенін тапқанын баяндайды.

Бір жылдан кейін тағы екі жерден мыс кенін табады. Бар-жоғы бір-екі жылда Жезқазған жерінен тапқан кен көзіне “Покровск”, “Златоусовск”, “Никольск”, “Крестодвиженск”, “Спасск” деп ат қойып үлгерген келімсек көпес тиісті құжатты Көкшетау дуанының аға сұлтанына тапсырады.

Дархан даланы дамылсыз үңгіген олардың ойында тапқан кен орнын игеру болған жоқ. Тек алыпсатарлықпен айналысты. Бір мысқал мыс алынбай-ақ алты кен орны мен Байқоңырдағы көмір шахтасының 1908 жылы күзде бас кеңсесі Лондонда орналасқан “Атбасар мыс кен орындары” АҚ-на сатылып кетуі, соған дәлел.

Акционерлік қоғам 1912 жылы желтоқсанда зауыт салуға қаулы қабылдады.

Шығысында кен шахтасы шоғырланған Жезқазғанның, батысында отын көзі орналасқан Байқоңырдың ортасындағы Қарсақбайға қалауы түскен ағылшындық алпауыт жерді жергілікті байдан отыз жылға жалға алып, 1913 жылы құрылысқа кірісті.

Осы кезден Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңді қамтитын маңызды мәлімет мұрағатта сақталған.

Даладағы дүбір

Аязды ақпандағы төңкеріске айылын жимаған ағылшындық алпауытты қазанда қайталанғаны қатты алаңдатқаны анық. Өйткені, иі жұмсақ Уақытша өкіметтің орнына қылышынан қан тамған “қызыл” келген. Оны арқаланған кедей-кепшік те қарап жатпады.

Жосалыдан үш жыл әуреленіп әрең жеткізген жабдықты ағылшын алпауыты толық орнатып та үлгермеді. Өндіріске қажетті негізгі 16 нысан мен бірқатар қосалқы құрылымды қиратып, жабдық біткенді бүлдіріп, шахтаны суға толтырып, тайып тұрды.

Ағылшын алпауытының аранынан аман қалған Қарсақбай мемлекеттің меншігіне өтті. Қираған кәсіпорынды Кеңес өкіметі қалай қалпына келтіргені тарихтан мәлім. Төрт жыл (1920-1924 ж.ж.) қаңтарылған зауытты жеделдетіп қатарға қосу үшін 1925 жылы жазда “Атбасартүстімет” тресі құрылды.

Энергия көзі тартылды. Кен байыту бөлімшесі мен мыс балқыту цехы бабына келтірілді. Жосалы мен Қарсақбайды жалғастырған шойынжол Байқоңыр мен Жезқазғанға жетті. Қумола өзенін бөгеп, су мәселесін шешті.

Дегенмен, құрылыс қиын жағдайда жүрді. Кәсіпқой маман жетіспей, 1926 жылы 861 құрылысшы сырттан шақырылды… 1928 жылы 16-қыркүйекте балқыту пеші қыздыруға қойылды. 10-қазанда шихта тиелді. Тоғыз күннен кейін түнгі сағат 23-те алғашқы балқыма алынды.

Айтулы оқиға құрметіне салтанатты жиын өтіп, дала комиссары Әліби Жанкелдин қарсақбайлықтарды қызу құттықтады. Қарсақбайдың даңқты дастанының жарқын бетін жазу даланы дүбірлеткен сол айтулы күннен басталды.

Мыс зауытының тұңғыш директоры “төңкерісшіл топты” төңіректегені үшін патша өкіметі 1913 жылы осы өңірге жер аударған Иван Васильевич Деев болды.

1958 жылы 16 шілдеде Жезқазған кен басқармасы мен Қарсақбай мыс зауытының базасында Жезқазған кен-металлургия комбинаты құрылды. Ал, елдегі түсті металлургияның қарашаңырағы атанған Қарсақбайды қазір де қатардан көру қандай ғанибет!

Қаныштың “көзі”

Қарашаңырақта Қанышқа қатысты өткен-кеткенді қозғауға “тамызық” болатын бәсіре баршылық. Ал, академик атындағы мемориалдық мұражай – қанша көрсең де жалықтырмайтын, жан-дүниеңді рухани жаңғыртатын айырықша әлем.

 1928 жылы салынған екі пәтерлік үйдің бір басында геологиялық кеңсе болды, екіншісінде 1941 жылға дейін Қаныш Имантайұлы отбасымен тұрды. Бұл ғимарат – 1969 жылғы 12-сәуірден мемориалдық мұражай. Үйдің ішкі құрылымы өзгертіліп, бес бөлмеге белгілі бір жүйемен жәдігер қойылған.

Бүгінде академиктің өмірбаянын өрнектейтін жәдігер жинақталған жер бұрын “қонақ бөлме” болыпты. Төрт жасында анадан айырылған, 22 жасында ойламаған жерден профессор Михаил Усовпен танысып, тағдыры түбегейлі өзгерген, 27 жасында Томск институтын тәмамдаған ол 1964 жылы 31-қаңтарда өмірден озғанша халқына қалтқысыз қызмет көрсетті.

Бір кездегі “жатын бөлме” – бүгінде “минералогиялық кабинет”. Онда Менделеев таблицасын толық қамтитын коллекция қойылған. Жезқазған мысы мен мырышы, Байқоңыр көмірі, Ақтас сутасы, Жезді марганеці, Балқаш бариты, тағы басқасы бар. Академиктің ақ мәрмәрдан сомдалған мүсіні де осында.

“Қаныштың жұмыс кабинеті”. Үйдің бұл басы геологиялық басқарма кеңсесі болғанда да Қанекең осында отырыпты. Қабырғада – көлемді геологиялық карта. Бір бұрышқа жұмыс үстелі жайғасқан. 100 жылдығы тойланғанда ғұлама ғалым тұтынған жиһаз: үстел, орындық, кітап сөресі мұражайға қайтарылған.

Академиктің жеке мүлкі қойылған төртінші бөлмені геологтар кезінде “камералька” деп атапты. Сірә, жұмысты жүйеге келтіретін, минералды өңдейтін орын осы болса керек. Мұнда коллектор, көшірме алушы, сызбашы, геолог-техник ортадағы үлкен сызу үстелінде түннің бір мезгіліне дейін жұмыс істейді екен.

Қазір бұл бөлмеде академик тұтынған ыдыс-аяқ тұр. Ұлттық өрнекпен әдіптелген шапаны, қызметке киген костюмі қойылған. Өзі шебер шерткен домбырасы дамылдаған. Шақшасы сол қалпы сақталған. Қызы Мейіз айтқандай, “қайда барса да қалдырмайтын” шабаданы қозғалмағалы қашан?

Бесінші бөлмеде бұрын есепші, жоспарлаушы, жабдықтаушы отырған. Адам аяғы бір басылмайды екен. Есепшоттың қағысы, бұйымтаймен жүрген адамның дауысы үнемі естіліп тұрған. Осы аядай бөлмеде батыл болжам жасалып, аймақ тағдыры шешіліп жатыпты. Бүгінде бұл бөлме Қарсақбай тарихына арналған.

…Мұражай ауласына аздап аялдасаң, тура табалдырықтың тұсында, кіреберістегі босағаның бойында Қаныш отырғызған қарағаш өзге тал-теректен оқшау көзге түседі…

Көмескіленбейтін көрініс

 Қасқа жолмен “Қаратөбені” қапталдай көтерілгенде қарсы алдыңнан ақшаңқан үйлі Қарсақбай көрінеді. Оң жақта – зауыт. Ойпаңдағы оны қырат көлегейлегенімен, мойнын созып қозыкөш қашықтықтан көзге шалынатын қос мұржасы көңіл түкпіріндегі сағынышты қоздатып, өткенді еріксіз еске түсіреді.

Табалдырығын талай аттаған, көзге таныс, көңілге ыстық кәсіпорын. Оның тарих қойнауында қалған, айбыны асқақтаған қуатты кезеңі күні кешегідей көз алдымда:

 Қызуы бет қаратпайтын қызылжалқын балқыма. Киіз қалпағын келістіре киіп, маңдайынан тер моншақтаған металлург. От көсеген өреннің тұлғасы таумен таласқандай…

Қос мұржасы көкке шаншылған зауыт. Бура шудасындай шұбатылып, көкжиекке қарай көшкен көкшулан түтін.

 Кереметтің бәрі Қарсақбайда болып жатқандай көрінетін:

“Қаратөбеге” қарай қасқайып

жатқан орталық көшедегі ерсілі-қарсылы ағылған ел… Маңайынан адам арылмайтын “Московский” дүкені… Кеш түссе жастардың күміс күлкісіне көмілетін, салтанаты сейілмейтін саябақ… Қолы қалт етсе қарашаңырақтың кәрі-жасы жинала қалатын еңселі клуб…

 Өзіне өзгені ынтықтырған осындай ордалы Қарсақбайдың басына өткен ғасырдағы жетінші онжылдықтың ортасында қара бұлт үйірілді. Майталман металлург біткен Жезқазғанда жаңадан қатарға қосылған, Қарсақбайдағыдан әлдеқайда қуатты мыс қорыту зауытына ауысып кетті.

Қарсақбайда қалған қауымның “екі қолына – бір күрек” тауып беру кәдімгідей күрделі мәселеге айналды. Зауытқа жабылып қалу қаупі төнді…

“Қарсақбайдың күні бітті!” деген қаңқу сөздің шыққанына да қырық жылдан асты. Құдайға шүкір, қарт Қарсақбай әзірге қажитын, көштен қалатын түрі жоқ. Қайта уақыт талабына сай қайта құрылып, етек-жеңін жинап, “Қазақмыстың” қажетін өтеп отыр.

Тарих талқысына төтеп берген, тоқсанның төріне шыққанша небір сындарлы сынақты көрген қарашаңырақты құтты қонысқа айналдырған қарсақбайлық қауымға серік болған сенім сейілген емес. Сол сеніммен суғарылған үкілі үміт қазіргі қимылына соны серпін берген.

Қарсақбай мен Қадыр

Қарсақбайға барған сайын Қадыр-аға еріксіз еске түседі. Ұзақ уақыт зауыт тізгінін ұстаған, қарашаңырақты тағдыр тәлкегіне қалдырмай, соңғы демі таусылғанша толассыз тер төгіп, ерен еңбек сіңірген Мәткеновті айтам. Қарсақбайға қатысты құмарыңды қандырып әңгіме тиегін ағытатын Қадыр ағадай адамды әлі кездестірген емеспін.

 Жол түсіп Қарсақбайға барып қалғанда жарықтық табиғатына тән байсалды қалпымен салиқалы сөз сабақтайтын. Мол пішілген пошымы қандай?! Кеңпейілділік, парасаттылық самалы есіп тұратын. Қарсақбайдың кешегісін көктей шолып, бүгінгісін бүкпесіз баяндап, келешегіне кемел ой жүгірткенде тыңдаушысын тамсандырып тастайтын.

“Қарсақбай” дегенде жаны бөлек еді. Енді, міне, екеуі егіз ұғымға айналып кетті. Халқы да оны қатты құрметтейтін. Жерлестері зыр жүгіріп жүріп, Қарсақбайдағы бір көшеге көзі тірісінде-ақ, 1998 жылы атын алып берді.

Әдетте, басшы артынан абырой әпермейтін әңгіме ереді. Мынандай мерейге бөленіп, көпшіліктің құрметіне кенелу Мәткеновтің маңдайына жазылғанын мойындау керек. Асқан адамгершілігін, қайырымдылығы мен қарапайымдылығын қарсақбайлықтар күні бүгінге дейін жыр қылып айтады.

Оның кеңсесінен ешкім еңсесі түсіп шықпайтын. Бұйымтайын айтқан адамның шаруасын табанда шешіп тастайтын, реті келмей қалса тілін тауып, тігісін жатқызып, көңіліне кірбің түсірмей шығарып салатын. Алдына барған адам ештеңе алмаса да, ат мінгендей мерейленіп қайтатын.

Қарсақбайдың тағдыры таразы басына тартылған тұста шайқала бастаған қарашаңырақтың қадірін кетірмей сақтап қалған, өзіне үміт артқан бір қауым елдің сенімін ақтап, арқасүйері болған оның есіл еңбегі әлі толық бағасын алған жоқ. Оған көрсетілер құрметтің мөлшері бір көшеге есімін берумен шектелмесе керек! Егер Қарсақбай қара мысының 90 жылдығы құрметіне металлургиялық зауытқа оның есімі беріліп жатса, қандай керемет болар еді?! Бүгіннің бедері Қоныс аудармай Қарсақбайда бауыр басып қалған қауымның қажетін қанағаттандырған, үзілмеген үміттің куәсіндей кәсіпорын қайта құрылған. Кезінде алқынған пеште от ойнатқан металлургтің інісі мен баласы, тіпті немересі тың кәсіпті мінсіз меңгеріп алған. Бұл – уақыттың өзі үйлестірген өзгеріс. Қазір қалашықта тұратын 1700 адамның 213-і металлургиялық зауытта жұмыс істейді. Бұрынғы кеңшардың қырық шақты шаруа қожалығын қалашық әкімдігі қанатының астына алған. Оның бесеуі мал асылдандырумен айналысады. Бүгінде тоғыз мыңдай ұсақ мал, үш жүздің үстінде ірі қара, жарты мың жылқы, он шақты түйе түлігі бар.

Тоқетеріне тоқталсақ, қарашаңырақтың тірлігі көптен көш ілгері болмаса да, көңіл жабырқайтындай жайы жоқ. Өңірге шақ – өндірісі, “тәубе!” дейтіндей тұрмысы бар.

Агротехникалық колледж, жыр алыбы Жамбыл атындағы орта мектеп, отбасылық дәрігерлік емхана, балабақша, өрт сөндіру бөлімі, ақын Болман атындағы мешіт, хат-хабар және байланыс жүйесі, кітапхана, саябақ, Мәдениет үйі тұрғындар игілігінде. Олар енді “Спорт-сауықтыру кешені салынса” деп армандайды.

Қалашық іргесінен үш шақырым қашықтықтан өтетін “Жезқазған-Бейнеу” теміржолы жаңа мүмкіндікке жол ашты. Оған жиырма шақты адамның жұмысқа орналасқаны өз алдына, бұл қатынас экономика саласына да серпін берді. Енді ешкім Қарсақбайды “тұйықта тұр” деп айта алмайды.

 “Жезқазған-Қызылорда” жолаушы поезы қатынайды. Күніне он шақты жүк поезы өтеді. Бұрынғыдай емес, бизнесте де күрт бетбұрыс бар. Бүгінде “Central Asia Copper” және “Сарыарқа 777” фирмасы зауыттың минералды техногендік қалдығынан мыс ұнтағын және құрамы ренийге бай иондық шайыр (смола) алу бағытында жұмыс жүргізуде.

Бұл – берекелі болашаққа бетбұрыстың бергі жағы ғана. Былайғы жұртшылық Қарсақбайдың келешегін құрамы темірге аса бай “Балбырауын” кен орнымен байланыстырады. Кезегін күтіп “Керегетас” жатыр. Екеуі ел игілігіне айналғанда екінші Қазақстан Магниткасы өмірге келетініне күмән жоқ.

Қарсақбайды қазақстандық түсті металлургияның “Ашық аспан астындағы мұражайы” десең, қателеспейсің! Тұнып тұрған тарих! Таратып айтсаң, том-том кітап жазуға тақырып табылады.

Ең бастысы – “Жезқазған-Бейнеу” теміржолы облыс орталығынан – 650, ауданнан 110 шақырымда жатқан Қарашаңырақтың “екінші тынысын ашады” деген елдің үкілі үмітін оятты.

Әлібек ӘБДІРАШ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button