АймақБалқаш

«Қараман жаны таза жан еді…»

Белгілі қаламгер, Арқа журналистикасының қара нары, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, марқұм Қараман Айтжанұлы ағамыздың асыл жары Күміс Танабаевамен көптен бері қисынын таппай жүрген кездесудің сәті Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында түсті. Тілшілік тіршілікте қалтқысыз қызмет етіп, қолынан қаламын тастамаған журналист ағамен әріптес ретінде бірге жұмыс жасамасам да, өзім сияқты жастарға жол сілтегеніне талай куә болған едім. Ағамыздың айтқан ақылы бүгінде ақпарат айдынында жүрген жандарға азық болып жүр десем артық айтқаным емес. Қаламгер аға тірі болғанда биыл 70 жасқа толар еді. Қарекеңнің журналистикаға сіңірген еңбегі туралы көп айтуға болады. Оның жазған мақалалары, жеке адамдар туралы қалам тербеген автопортреттерінің өзі – бір төбе. Көпшіліктің ыстық ықыласына бөленгенін жақсы білеміз. Бейресми сұхбат құрғанда алдымен ойға оралар сұрақ адамның өмір ағысы, тіршілік тынысы хақында болары анық. Қарашаңырақта отырған журналистің жарымен сұхбат барысында қаламгер ағаның өнегелі өміріндегі қызықты әңгімеге қанықтық.

– Әңгімеміздің әлқиссасын Қараман аға қай жерде дүние есігін ашты, қайда оқыды, қандай мамандықтың иесі атанғанынан бастағанымыз дұрыс шығар. Ағаның өмірбаянына тоқталып өтсеңіз?

– Әрине, өмірбаян кімнің болса да жүрек қылын шертіп, сонау қамсыз күндерге жетелейтін, адам өмірінің бастауы ғой. Ардақты асыл азаматым Қараман Садырбаев 1953 жылы Ақтоғай ауданының Айыртас селолық округінде туған. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін журналистика мамандығын таңдап, үлкен жауапкершілік арқалады. Көп жылдар журналистика саласында тер төгіп, аймақ тынысын үнемі жариялап, қалам ұстап, ой кешті. Баспасөздегі қызметін 1975 жылы Ақтоғай аудандық «Арқа еңбеккері» (қазіргі «Ақтоғай ажары») газетінде тілшілік қызметтен бастап, біраз жыл ауыл шаруашылығында еңбек етті. 1977 жылы наурыз айында Балқаш көлінің жағасында Приозерный ауданы ашылып, Рыбтрест поселкесі аудан орталығы болды. Сол кезде осы ауданда «Ленин жолы», «Ленинский путь» газеттерінің ауыл шаруашылығы бөлімінің тілшісі болып қызметке қабылданды. Мамандығы – заңгер. 2004 жылдан Балқаш қалалық «Балқаш өңірі» газетінде қызмет істеді. «Дәурен-ай» атты очерк, суреттеме, әңгімелер жинағын шығарды. Газет саласында жемісті қызмет еткен қаламгер кейінгі кездері баспасөз саласында түрлі тақырыпта қалам тербеді.

– Қараман ағамен таныс­тығыңыз қалай басталды, қай жылы шаңырақ көтердіңіздер?

– Қайран да, қайран Қарекеңнің кешегісін ойласаң, ең әуелі сол кешегі күндердің көңіл түпкірінен не бір асыл ағалар мен не бір жақсы да жайсаңдармен бас қосқан сәттер еске түседі. 1975 жылы Саран педагогикалық училищесін аяқтап, Айыртас савхозына жолдамамен мұғалім болып келдім. Сол жылы мамандардың жетіспеушілігіне байланысты бастауыш сыныпты қабылдап алдым. Ауылда Шүлембек деген замандасымыз әскерге кетіп, әскерге шығарып салу тойына белгілі журналист Оралбек Жүнісұлы мен Қараман келді. Ауылдағы шопандардан және жас маман мұғалімдер Әлия Елеубекова екеуімізден сұхбат алды. Ол уақытта «Арқа еңбеккері» газетінің бас редакторы Қасжан Ағеділов деген кісі болатын. Содан, Қараман бір аптаға сұранып ауылда қалып, Оралбекке жиған-терген ақпаратты ұстатып шығарып салды. 1975 жылы үйленіп, үлкен үйге келін болып түстім. 47 жыл отасып, бірге ғұмыр сүрдік. Азды-көпті өмірімізде біз де Арқа өңірінің абыройлы да беделді азаматтарының, жақсы ағалардың біразымен пікірлес, сыйлас болған екенбіз. Енді келіп, солардың көбісі қазір арамызда жоқ екенін ойласаң, жаныңды әлдебір сағыныштың билейтіні бар. Қарекеңнің жүрісінде де, тұрысында да, сөйлеген сөзінде де әлдебір сырбаздық бар еді, қашан болсын сабырлы қалпынан бір жаңылмайтын. Дауысында да әлдебір жанға жайлы естілер қоңыр сарын, үнінде де бір ғажайып жылы әуен жататын. Тұла бойына ақыл мен парасат тұнған, қос жанары мейірімге толған, жаны жайсаңдықпен нұрланған жолдасымның дауысының бір қатты шыққанын да, асығып-аптыққанын да, ғайбат сөйлеп, әлдебіреу жайлы өкпе, реніш сөз айтқанын да, кеуде қағып, өзімшілдікке салынған пендешілігін де естіген де, көрген де емеспін. Тіпті, балаға да ұрыспайтын. Біз әйтеуір әкелерің ұрсады деп балаларды тыйып отырамыз ғой. Қарекеңнің кішіпейілділігі мен ішкі мәдениетінің аса жоғары екендігін баса айтар едім.

– Ағаның аңқаулығы жайлы біраз әңгімеден құлағдар болған едім. Аңдамай жасаған бірер қызығы есіңізде ме?

– Қарекең сері адам болды. Ел танып жатқан соң баратын қонағы да көп. Ол кісі жалғыз журналистиканың жалына жабысқан жоқ. Электрик те, механизатор да болды. Есімін ұмытып отырмын, Аманбаев деген кісі жаңадан келген К-700 тракторының рөліне отырғызған. Ол кезде балаларды асырау керек, бір қасиеті – ешқандай жұмыстан тайынған емес. Сол «К-700» тракторын жүргізіп жүргенде Саят ағамызға «тракторыңыздың жағармайын сатып, ақшалап алайық. Сіз менен бұрын жолға шығыңыз. Мен жанармайыңыз таусылған жерден алып кетемін» деп келіскен екен. Ол уақытта ащы суды ішетін кезі. Қызып алған Қарекең жолда тұрған «К-700» тракторын байқамай, өтіп кетіп, Айыртасқа келіп қонады. Түнде Саят деген кісі есік қағып, өкпесін білдіріп, Қарекең ол кісіні төрге шығарып аман қалғанын атап өткен еді. Тағы бірде құндыз бөрікпен кетіп, бір әріптесінің аппақ, қоян бас киімін киіп келген сәті де болған. Неге олай жасағанын сұрасам, басы жүдеп тұрған соң кигізіп кеткендігін айтқан. Аңқаулығы және қолындағы затын беріп кететін дархандығы бар еді. Ол кісінің жан тазалығы мен көңіл кеңдігі, ақыл мен парасаттың таразысын салмақтап тең ұстар кемеңгерлік қалыбы бөлек-тін. Қараман жаны таза жан еді. Менің пайымым осы!

– Адам ұрпағымен мың жасайды ғой. Ағаның ұрпақтары қай салада жұмыс жасайды, әке аманатын қалай орындап жатыр?

– Алты бала өсірдік. Шын сөйлеуге тырыстық. Алтауын да адалдыққа баулыдық. Тұңғышымыз Шорман «СуЖылуТранс» мекемесінде шебер болып жұмыс жасайды. Сырым жылу жүйесі жағында қызмет істейді. Қарағандыда тұрады. Қарашаңырақта отырған Айдын, Астанадағы балам Абзал, осы Балқаштағы қызым Қорлан жеке кәсіпкер. Кенжеміз Мұхит Қарағанды қаласында тұрып жатыр. Теміржол саласының маманы. Балалар әкесі сияқты қалам ұстап, журналист болған жоқ. Қаранай бауыры мықты тілші болған. Қарекең үйде жазу жазбайтын. Барлығын жұмыс үстелінде жазатын.

Оның өнегелі өмірін артында қалған қарашаңырақтың иесі – ұлдары мен қызы жалғап жатыр. 18 немере мен 3 шөберем бар. Мен оларға бақытты да баянды ғұмыр тілеймін. Атам қазақ «орнында бар оңалар» деп тегін айтты дейсің бе?! Жақсының жалғасы әкенің ғибратты ғұмырын жалғастырып, келер күндердің көкжиегіне жеткізетініне, сөйтіп, әке үмітін, ана тілегін орындайтындықтарына бек сенімдімін. Осы жерде айта кететін жаңалығымыз бар. Алдағы күнде Қарекеңнің «Жапырағын жайған бәйтерек» деген кітабы шығады. Кітапты жинақтауға досымыз, ардагер журналист Оралбек Жүнісұлы көмектесіп, бастамашы болды.

Тіршілігінде сөз өнерін саралады. Рухани байлықтың мұндай білгірінің жан дүниесі әлбетте таза болады. Өмірінің мәні халқына адал қызмет ету, саналы ұрпақ тәрбиелеу болды. Мен бұл кітапты өмірден таза өткен адамның мәңгі өлмейтін рухы алдындағы тағзым деп білемін.

– Сырлы сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Нұрдос КӘРІМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button