Қараағаштың қара баласы
Менің Базарбаймен етене араласқан кезім 2010 жылдың жазы еді. Мұхтар Мағауин Прагадан Шұбартауға келіп, біз Мағауия Сембай, Базарбай үшеуіміз сәлем беруге жолға шыққанбыз. Жезқазған қалалық сотының төрағасы Бақытбек Сыздықов бауырымыз да бізбен бірге жүрмекші еді, ол жұмысынан босай алмай, соның көлігімен Қарағандыдан Қарқаралы арқылы Баршатасқа шығып кеттік.
Сол жылы Мағауин жетпіске тұяқ іліктірген, Жезқазған телеарнасының басшысы Базарбай Әлеуханов сұхбат алмаққа видеооператорымен шыққан. Қас қарая келсек, Мұхаң киіз үйіне қайыстырып дастарқан жасап, күтіп отыр екен. Бақыт жеңгеміз, немере, келіндері де осында екен. Дастарқан басында қазақ елі, оның өткені мен бүгінгі тағдыр-таланы, қазақ һәм әлем әдебиеті һақында біраз әңгіме өрбіген.
Абайдың Көпбейіт жайлауына да келдік. Сонадайдан Шыңғыстау көлбеңдеп тұр. Ақынды бұл жайлауға қондырған Мұхаңның бабасы Құрымбай ақсақал екен. Абай «Жаз» деген өлеңін осы жерде жазған. Қазақтың жаңа поэзиясы, ақын шығармашылығының соны дәуірі осы жайлаудан бастау алады.
Мағаштың қырқын бергеннен кейін ақын ауырып, небары 59 жасында фәниден бақиға аттанып кетеді. «Басына тақиясы сыймай қалып еді», – дейді көзкөргендер, қан қысымынан қайтқан болуы керек?
Мұхаңның «Шәкәрім құдығында» айтқан әңгімелері сай-сүйегімізді сырқыратты. Жендеттер оны атып тастағаннан кейін осы ескі Құрқұдыққа лақтырып тастап кетеді! Кейін баласы Ахат құдықты екі күн қазып, ақ жаймасын жайып, сүйекті мүше-мүшесімен түгендеп, Абайдың қасына жерлеген. Мен осы жерде Мұхаңның қолқалауымен «Поэзия демін ішке тартып тұр…» – деген өлеңімді оқыдым. Аруақ естіп тұрды, меніңше…
Сол жолы Мұхаң Абай жүрген жерлерді асықпай аралатқан. Бірде-бір ескі қорымды аттап кетпей, аруақтарға Құран оқыды. Соның бір кезегінде: «Енді сен оқышы?», – деген. «Мен бірде-бір дұғаны жатқа білмейді екем?» – дегем, жерде тесік болса, кіріп кете жаздап! «Сен не деп отырсың осы?», – деді Мұхаң жақтырмай қалып.
– Мұсылман баласы ата-баба басына дұға қылмай өтуші ме еді?! Құран сүрелерін тәржімалап жүргеніңе қарап, «арабша қара таниды екен» деп ырза боп жүрсем, мұның ұяттау болған екен. Ең болмаса, «Ықылас» сүресін жаттап ал, – деп еді мені аяп! Кейін соны жаттап алдым…
Базарбай осы сапарында тірі жанға интервью бермейтін Мұхтар Мағауинмен телесұхбат («Алаштың алдаспаны») жүргізіп қайтты. Бұл бір мағауинтанудағы бағалы дүние болды. Егер ол жазба Жезқазған телеарнасының қорында сақталса, оны тарихи айналымға түсіру – марқұмның әріптестерінің азаматтық парызы болуы керек…
Қаламы қарымды журналист, сатирик жазушы Базарбай Әлеуханның жазған-сызғандарын жинап, оқырман назарына ұсынар күн туды!
Мынау Базкеңнің алпыс жылдығында жазған өлең еді, «Марқұмның аруағы ырза болғай!» деп, назарларыңызға қайта ұсынайын:
Базарбай марқұмға
Кетбұғы – Керегелі – қалың
Найман,
Кейіннен Ким кеп саған малын жайған.
Бір бала бізден саған кетіп еді,
Жүр ме екен зәбір көріп залым байдан?
Кеудесі сол баланың өлең еді,
Думанға Ұлытауды бөлеп еді.
Қай өртке қапылыста барып түсті,
Көзсіз сол Қараағаштың көбелегі?
Алаш-ай, ала бөтен ынтымағы,
Алдыңнан әлі жарық Күн туады.
Найманмен кәріс қоса туған дейді,
(Арғынмен сонда бірге кім туады?!)
Кетбұғы – Керегелі – Найман елі,
Жоңғарды алдына сап айдап еді.
Ұлысқа Ұлытауда хан көтеріп,
Арқаны алаңсыз бір жайлап еді.
Төменде мама бие байлап еді,
Төріңде Тайжан бұлбұл сайрап еді!
…Сол ұлды кесірлі анау Ким мырзаға,
Көз түрткі қыла көрме, Найман елі…
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ
Қарағанды. Күнгей.
22.09.2023 ж.