Қараөткелдегі қарашаңырақ
Астанаға барып, Бәйтеректің ұшар басына шығып, Әнұран тыңдаған соң маңайға көз тастасаңыз, заманауи озық үлгіде салынған іргелі ғимараттар көз тартады. Солардың арасында Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ Мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры да бар. Шындығында, іргелі театрдың негізі елорда Ақмолаға көшпей тұрып, 1991 жылы 15 қарашада қаланып, Қараөткел маңындағы жұрттың көз қуанышына айналған. Театр шымылдығының Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясымен ашылуы рухани орданың болашақта қазақ руханиятында өз орнын табатынын әу бастан-ақ белгілеп бергендей…
Сәкен Сейфуллиннің 1917 жылдың сәуірінде қоғамдық-саяси және мәдени мақсат көздеген «Жас қазақ» ұйымы ашылып, жалынды жастар мен қайраткерлердің белсене араласуымен жұмыс қарқынды дамып, «Бақыт жолында» драмасы жазылыпты. Шығарма 1918 жылы 1 мамырда көрермен назарына ұсынылған. Нәтижесінде, 1919 жылы Ақмолада облыстық орыс-қазақ театры ашылады. Театр шымылдығын түргенімен, тұрақты сахнасы болмай, 1923 жылы «Халық үйі» деп аталған мәдени ошақтар шоғырланған ғимаратқа көшірілген. Кейін табиғи апат салдарынан театр да жұмысын тоқтатқан екен.
1943 жылы облыс басшылығының шешімімен орыс-қазақ театры қайта құрылды. Бұрынғы қыздар семинариясы болған ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, театр меншігіне өтеді. 1955 жылы театрға жазушы Максим Горький есімі беріліп, қазіргі ғимаратқа біржола орнығады.
Ал, 1989 жылы Целиноградтан қазақ театрын ашу туралы «Қазақ тілі» қоғамына хат жазылып, 1990 жылы 10 мамырда Целиноград қаласында «Тіл және мәдениет» атты облыстық қазақ қоғамы құрылады. Драма театрын ашу жолында түрлі кедергілерге қарамай, 1990 жылғы 28 шілдеде облыстық атқару комитетінің қазақ музыкалық драма театрын құру туралы шешіміне қол жеткізеді. Осылайша, 1991 жылдың 15 қарашасында театр ашылады.
Театрды ұйымдастырушы, көркемдік жетекшісі, әрі бас режиссері және алғашқы қойылымды сахналаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақып Омаров.
Жақып Омарұлы 1960-1961 жылдары Қарағандыда Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында актер ретінде еңбек жолын бастаса, 1972-1980 жылдары бас режиссер болып қызмет атқарған. Кенді өлкеде қанаттанып, жинақтаған тәжірибесі Қ.Қуанышбаев театрын ашуда рухани азық болғаны анық.
Біреу білсе, біреу білмес, театрдың іргесі қаланған сәттен оның репертуарын қалыптастыруда, көрерменнің көңілінен шығып, жүрегін жаулауда қарағандылық театр артистерінің зор үлесі бар. Жақып Омаровтың маңайынан табылып, елдің рухын оятуға бар күш-жігерін аямаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов бастаған белді әртістер театрдың аяққа нық тұруына еңбегін сіңіріпті.
– Қ.Қуанышбаев театрында қазіргі С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының актерлері Қайрат Кемалов, Рымкеш Омарханова, Шәміл Жүнісов, Болат Ыбыраев, Махфуза Ибраева, Рамазан Баймағамбетов, Бижамал Кемалова сынды талантты актерлер театрдың негізін қалауда үлкен еңбек сіңірген. Сол ағалар салған сара жолмен мен де біршама уақыт театрда жұмыс істедім. Жуырда 30 жылдығын тойлады. 1999-2009 жылдары театр директоры әрі көркемдік жетекшісі болып арнайы шақыртумен қазақ режиссурасының мэтрі, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов келіп, жемісті еңбек етті. Кейін Талғат Теменов те театрдың өсіп-өркендеуіне үлес қосса, көптеген талантты режиссерлер барын салып, қызмет атқарды. Бүгінде академиялық дәрежесі бар алып өнер ордасы 2020 жылы жаңа ғимаратқа көшті. Қазақ театр өнерінде алдыңғы сапта келе жатыр. Шет елдерге де ұялмай көрсетуге тұрарлық репертуары бай, әлеуеті бекем өнер ошағы, – деп бөлісті Сәкен театрының басшысы Құрман Өмірбекұлы.
Ұйымшыл әрі талантты ұжымда жетістіктің болары сөзсіз. 1992 жылы қарашада театр ұжымы Алматыда өткен сөз зергері Ғ.Мүсіреповтің 90 жылдығына арналған ел театрларының фестивалінде алғаш лауреат атанды.
Араға көп уақыт салмай, 1996 жылы Уфа қаласында түркітілдес мемлекеттер арасында өткен халықаралық «Туғанлық» театр фестивалінде Ш.Хұсайыновтың «Алдар Көсе» музыкалық комедиясымен лауреат атанды. Дәл осы жылы театрға КСРО Халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Қалибек Қуанышбаевтың есімі берілді. Ал, 2011 жылы 14 желтоқсанда театр «Мемлекеттік академиялық театр» мәртебесіне ие болды.
Қысқа ғана уақытта бірқатар шыңды бағындырып үлгерген театрдың репертуары да таңғаларлықтай. Атап айтсақ, М.Әуезовтің «Абай», «Айман – Шолпан», Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», С.Тұрғынбекұлының «Мұқағали», А.Дударевтің «Кеш», Дж. Патриктің «Қымбатты Памела», М.Фриштің «Дон Жуанның думаны», И.Штраустың «Жұбайлар жұмбағы», У.Шекспирдің «Гамлет», А.Цагарелидің «Гамарджоба» сынды қойылымдарды айтып тауысу мүмкін емес.
Айболат Жанғалиұлы басшылық ететін ұжымда Түймехан Атымтаева, Гүлжан Әспетова, Тілектес Мейрамов, Жұмагүл Мейрамова, Бақыт Исабекова, Бақыт Жұмағұлова, Зибагүл Карина, Ақыш Омар, Лейло Бекназар-Ханинга, Жанат Чайкина, Майра Омар, Кеңес Нұрланов, Гүлбаршын Қылышбай, Айман Аймағамбет, Нұрзада Тәшімова, Алтынай Нөгербек және басқа да көптеген артистер жемісті еңбек етуде. Телехикаялардан жиі кездестіретін Қобыланды Болат, Айкөркем Тұранова сынды талантты жас әртістер де осында жұмыс істейді. Ұжымдағы 73 актердің үшеуі – «ҚР Халық артисі», төртеуі – «ҚР еңбек сіңірген артисі», 24-і – «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», 8-і – ҚР «Дарын» Мемлекеттік Жастар сыйлығының иегері, 10-ы – ҚР «Құрмет» орденінің иегері атанған. Бұдан бөлек, басқа да жетістіктерге жеткен.
2020 жылы театрдың көркемдік жетекшісі болып Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев тағайындалып, театр жастарына суреткерлік еркіндік беріліпті. Мұнда тұңғыш рет «QALLEKI театр-лабораториясы» құрылды. Мақсаты – шығармашыл жандар үшін байланыс ортасын құру және өнерге өзгеше көзқарас жасап, тың дүниелерді сахналау.
Қаллеки театры туралы жанашырлық пікір айтпаған зиялылар кемде-кем. Ә.Сығай, Е.Жуасбек, Б.Нұрпейіс, С.Әбединова сынды театр зерттеушілері театрдың тарихы және оның режиссерлері мен артистері жөнінде арнайы зерттеу кітаптарын жазған.
Театр Түркия, Татарстан, Иран, Германия, Ресей сынды көптеген шет елдерде гастрольдік сапарда болып, түрлі театр фестиваліне қатысып, белестерді бағындырған. Түрлі сыйлыққа ие болған.
Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қ.Қуанышбаев театрында сахналанған «Жошы хан» спектаклінің премьерасына қатысып, қойылымның ұнағанын айтты. Тарихи драманың авторы – белгілі жазушы-драматург Думан Рамазан, қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Мемлекет басшысы қойылымнан соң туынды авторымен және театр ұжымымен әңгіме өрбітті.
«Өте керемет қойылым болды. Шын мәнінде, пьесаның тақырыбы өте маңызды, өзекті. Мұндай туындылар халқымыз үшін қажет деп ойлаймын. Пьесаның тілі, мәтіні өте жақсы жазылған. Әртістердің бәрі жақсы ойнады. Шеберлігі мықты екен. Біздің тарихымызды, тарихи құндылықтарымызды қазіргі таңда халық арасында кеңірек дәріптеуіміз керек. Кейбіреулер қазақтардың өз тарихы, мемлекеті, елі болмаған деген сөздер айтып жүр. Ол – біздің тарихымызды бұрмалау. Өнерлеріңіз қашанда табысты болсын! Баршаңызға аманшылық тілеймін», – деді Мемлекет басшысы. Президент театр ұжымына толағай шығармашылық табыс тілеп, театрға «ұлттық» мәртебе беру жөнінде шешім қабылдағанын айтты. Тиісті Жарлық қазан айында Республика күні қарсаңында жарияланбақ.
1946 жылы М.Әуезов театрында М.Әуезовтің «Абай» пьесасын Асқар Тоқпанов сахналап, Абай рөлін тұңғыш рет Қалибек Қуанышбаев сомдапты. Иә, даңқты актердің өнегелі жолы бүгінде ұлттық театр өнерінің сүрлеуіне ұласты. Қарқаралы ауданы, М.Мамыраев ауылында, туған жерінде Қ.Қуанышбаевтың мұражайы бар. Жолыңыз түссе, бас сұғыңыз. Өзінің қатарластары және Мұхтар Әуезов те «Қаллеки» деп атаған даңқты жерлесіміздің атымен аталатын Қараөткелдегі өнер қарашаңырағы туралы айтпағымыз әзірге осы…
«Тыныққыңыз, тазарғыңыз келсе, ойға шомып, қиялға батқыңыз келсе, өнерді аңсарыңыз бек ақиқат» депті бір жазбасында сарабдал театр сыншысы Әшірбек Сығай. Ендеше, Астанаға жол түссе, күйбең тірлік шаршатса, «Қаллеки» театрына келіңіз!
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz



