Жаңалықтар

Қарағандылықтар Қаныш Сәтбаев рухына тағзым етті

Бүгін біртуар тұлға Қаныш Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толды. Осыған орай, ғалымның көзін көрген азаматтар, туыстары мен жерлестері Қарағанды вокзалының алаңында тұрған академиктің еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына дұға бағыштады.

Ғұлама ғалымның мерейтойы құрметіне ұйымдастырылған митингті Ұлттық ғылым академиясының академигі Арыстан Ғазалиев ашып, құттықтау сөз сөйледі.

  • Қаныш Имантайұлы – Қазақстанның дамуына ерекше үлес қосқан жандардың бірі. Ол кісі небәрі 64 жыл ғана өмір сүрді. Әйтсе де, осы бір қысқа уақыттың ішінде өшпейтін мұра, айрықша із қалдыра білді. Біз ғалымның өмірін үлгі тұтып өстік. Ол бастаған істі жалғастыруды мақсат етіп, ғылыммен айналыстық. – деді Арыстан Газалиев.

Академик Қаныш Сәтбаев геолог, инженер, заңгер ғана емес, қаламгер де болған. Ол он жылдық қазақ мектептеріне арналған Алгебра оқулығын жазып, Абай шығармаларының алғашқы басылымына редакторлық етті. Ел арасындағы «Ер Едіге» жырын жинақтап, алғысөзімен жарыққа шығарды. Ғалымның тағы бір қыры – жер-су атауларын зерттеуі. Осы бір зеректігі мен ізденімпаздығының арқасында қай жерден қандай металл іздеу керектігін дөп басып айта білетін қасиетке ие болған.

  • Қаныш Имантайұлы ерен еңбегінің арқасында қазақты күллі әлемге танытты. Қазір аспанда ғалым атындағы планета жарқырап тұр. Бұның бәрі біз үшін – мақтаныш. Қаныш атаның өнегелі өмірін келер ұрпақ көрсін, білсін деп осы шараны өткізіп отырмыз. Ғалымның көзін көріп, тәрбиесін алдым. Бұл жерге, тек, мерейтойда ғана емес, күн сайын келіп, ғалымның алдында басымды иемін, – дейді академиктің көзін көрген жерлесі Құрмет Омаров.

Салтанатты жиынға келген жастардың да қарасы қалың. Қолдарына алқызыл гүл шоқтарын ұстаған қыз-жігіттер ел ағаларының өнегелі естеліктерін тыңдап, ғалым рухына тағзым етті.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button