Қарағандылықтарға ризамыз!
Белгілі бір адамды зерттеумен ұзақ уақыт айналыссаң өзіңе жақын туыс адамдай болып кетеді екен. Мен үшін ол жазушы – шежіреші Жайық Кәгенұлы БЕКТҰРОВ. Бұл кісімен туған өңіріне жақынырақ таныстыру және елде есімін қалдыру жолында ұзақ (17 жыл) жылдар айналыстым. Ақкөл ауданының орталығындағы үлкен қазақ орта мектебіне және бір көшеге есімін бергіздім. 105 жылдығын ауданда, қайтыс болғанына 20 жыл болғанда туған елі Амангелді ауылында ас беріп, құран бағыштаттық. Бұл шараларға Жәкеңді білетін, бірге бір өңірде тұрған шәкірттері ақын Ғалым Жайлыбай, марқұм Бақытқали Мұсабеков, ақын-сазгер Иран Тасқара, «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа, қоғам қайраткері Әбдіжапар Әбдиакимов және тағы басқалар қатысты.
Осы жерлес ағамызды қолдап, жылы лебіз білдіргендерге рахметімді айтып, ризашылығымды білдіргім келіп тұрады. Сондай азаматтардың бірі, әрі бірегейі марқұм Нұрмахан Оразбеков. Бұл кісімен Қарағандыда Жайық Бектұровтың 100-жылдығын атап өтуге арналған күндері екі кеш жанында болып, біраз әңгімелерін тыңдап едім. Соның бірінде Нұрекең «Орталық Қазақстан» газетіне бас редактор болып келгенде редактордың портфелінде Жайық Кәгенұлы мен ақын Серік Ақсұңқарұлының мақалалары мен өлеңдері көптен жатып қалыпты. «Барлық материал газетке сұранып тұр екен, бірден баспаға жібердім. Жәкеңмен содан кейін бір айдан соң таныстым әртүрлі себептерге байланысты» деп еді. Нұрмахан Оразбек Жайық ағасын жақсы танып, әлі де ол кісінің еңбектері нашар жарияланып жатқандығын байқады.
Көп жыл баспада жатып қалған шығармасы «Таңба» романын шығартты. Жәкең қайтыс болғаннан кейін ол кісінің мұрағаттағы еңбектерін терең зерттеп, «Енеден ерте айырылған төл секілді…» атты 623 беттік кітап шығарды. Мен Нұрекеңнің Жайық ағамыздың көлемді еңбектерін шығаруы туралы айтып отырмын. Ал, газет бетіне Алаш қайраткерлері туралы алғашқы шындықты жеткізген мақалалары қаншама?!
Таяуда «Егемен Қазақстан» газетінде ақын Серік Ақсұңқарұлының «Ер есімі неге ұмытылып барады?» атты Нұрмахан Оразбекұлы туралы мақаласымен таныстым. Серік Ақсұңқарұлының Нұрмахан Оразбекұлы туралы айтқан ұсынысын толық қолдаймын.
Жайық Бектұровтың есімін елде мәң ілікке қалдыру жолында жұмыс атқарып жатқан кезімде мені мұқатамын деп қарсы шыққандарға соққы ретінде журналист Жақсыбай Самраттың «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан «Өз ұлың, өз ерлерін ескермесе…» атты мақаласынан кейін іле Төлеубай Ермекбаевтың «Саудаға салар сабаз ба?» атты мақаласы жарық көрді. Осы екі мақаладан соң түсінгісі келмейтіндер түсінгендей болды. Шегебай Қарпықбаев сияқты еліміздің қарт тұрғыны кешірім сұрады. Таяуда «Астана ақшамы» газетінде Төлеубай Ермекбаевтың «Мендешев пен Бектұров қалай кездесті?» мақаласы жарық көрді. Көрнекті мемлекет қайраткері Сейітқали мен жас Жайық екеуі бірге суретке түсіпті. Сол кезде небары 22 жастағы Жайықты Үкімет ашаршылықпен күрес комиссиясының құрамына енгізіпті. Автор осы мақаласы арқылы Жайық ағамыздың жас кезінен жоғары биліктің көзіне түскендігін көрсетіп отыр. Кезінде Жәкеңді қолдап, ол кісінің кім екенін жалпы жұртшылыққа таныстыруда қарағандылық журналистер Б.Мұсабеков, М.Халиолла, Д.Мақаш, «Жайық мінген қайық» атты кітап жазған М.Әлиакпаров, «Желқызылы Ақкөлдің» әнін шығарған Иран сал Тасқара, т.б. көп еңбек сіңірді. Белгілі, айтулы ақын Серік Ақсұңқарұлы Жәкеңді ақтық сапарға шығарып салу кезінде «Жәкеңнің көзі тірісінде кім екенін мен де аңғара алғам жоқ. Қара шал қабір басында қара нардай шөгіп жатқанда мынау жарық дүние көз алдымда көлденең аунап түсті. Сонда мен ағыл-тегіл боздап, егіле жыладым. Бағы кемдеу, басы жұмыр пендені Тәңірі о баста жылауға бола жаратқан. Оның орны осы Қарағандыда әлі күнге дейін үңірейіп бос тұр!» – деген екен. Сол өлеңінен үзінді:
Қара шал!
Тізгін тартып бөгел бері!
Өксікті айт өмірдегі, өлеңдегі
Мағжан, Сәкен кеткен дүниеге
Сен-дағы жатырсың ба жөнелгелі?!…
Ақын Серік Ақсұңқарұлы осы өлеңімен біздің Жайық ағамызға ескерткіш қойды деп есептеймін.
Қарағандылық журналистер қауымына, «Орталық Қазақстан» газетінің ұжымына, жалпы Қарағанды халқына Ақмола облысының, оның ішінде Ақкөл ауданы мен кіндік қаны тамған Амангелді ауылының тұрғындары атынан ризашылығымды білдіремін.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ, жайықтанушы.