Бас тақырып

Қарағандылық Паралимпиадашылар «Құрмет» орденімен марапатталды

Бүгін Үкімет басшысы Олжас Бектенов Президент атынан Паралимпиада жүлдегерлері мен жаттықтырушыларға мемлекеттік наградалар табыс етті. Оның ішінде қарағандылық Дастан Мұқашбеков пен Даяна Федосова Паралимпиада ойындарында жоғары нәтиже көрсетіп, қола медаль жеңіп алған болатын. Олар спорттағы ел намысын қорғаған еңбектері үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды.

Сурет: ҚР Туризм және спорт министрлігінен

Үкімет үйі ғимаратында XVII Жазғы Паралимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жаттықтырушылар құрамын марапаттау рәсімі өтті. Премьер-Министр Олжас Бектенов Президенттің атынан жоғары спорттық жетістіктері үшін мемлекеттік наградаларды табыс етті.

Үкімет басшысы спортшыларды жоғары жетістіктерімен құттықтады. Биыл Қазақстанның Паралимпиада құрамасы тоғыз медаль жеңіп алып, тарихи рекорд орнатты, атап айтқанда, 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль алды.

– Мемлекет басшысы атап өткендей,Паралимпиада спортшыларының жеңістері – қашанда мақсатқа ұмтылудың, табандылық пен өз күшіне сенімнің үлгісі. Ойындар қарсаңындағы кездесуімізден кейін бүкіл ел байрақты бәсекеде көрсеткен әрбір ойындарыңызды тамашалады, сіздердің жетістіктеріңіз біз үшін ерекше мақтаныш болды. Жыл өткен сайын ерекше жандардың спортқа қатысуы артып келе жатқаны бізді қуантады. Бүгінде елімізде ерекше қажеттіліктері бар 56 мыңнан астам қазақстандық дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысады. Сіздердің әрқайсыларыңыздың көрсеткен үлгілеріңіз көптеген адамды біздің Паралимпиадашылар қатарына қосылуға ынталы ететініне сенімдімін. Үкімет спортшыларға қолайлы жағдай жасап, қолдау көрсету жұмыстарын күшейтуде, — деп атап өтті Премьер-Министр. Спортшыларды Паралимпиадаға дайындауда маңызды рөл атқарған жаттықтырушылар мен тәлімгерлерге ерекше алғыс сөздер айтылды.

Өз кезегінде Паралимпиада спортшылары жарыс кезінде қолдау көрсеткені үшін Қазақстан халқына алғыстарын білдірді.

ҚР Президентінің Жарлығымен I дәрежелі «Барыс» орденімен пара пауэрлифтингтен еліміздегі алғашқы екі дүркін Чемпион Дэвид Дегтярев, III дәрежелі «Барыс» орденімен Париждегі Паралимпиада ойындарының чемпионы және пара дзюдодан алғашқы алтын иегері Ақмарал Науатбек марапатталды. Күміс медаль жеңіп алған мерген Еркін Ғаббасов, жүзуші Нұрдәулет Жұмағали және дзюдошы Шамей Ерғали «Парасат» орденінің иегерлері атанды. «Құрмет» орденімен қола жүлдегерлер – Дастан Мұқашбеков, Зарина Райфова, Даяна Федосова және Жұрқамырза Шүкірбеков марапатталды.

Ұлттық құраманың бас жаттықтырушылары мен спортшылардың жеке бапкерлері де жоғары марапаттарға ие болды. 5 тәлімгер «Парасат» орденімен, 7 – «Құрмет» орденімен, 2 жаттықтырушы ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button