Қарағандылық паралимпиадашы Дастан Мұқашбеков Әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды
Қарағандылық паралимпиадашы Дастан Мұқашбеков жеңіл атлетикадан Парижде өтіп жатқан Әлем біріншілігіне қатысып, жүлдемен оралды. Сонымен қатар, жерлесіміз Азия рекордын орнатып, Парижде 2024 жылы өтетін жазғы Паралимпиада ойындарына жолдама иеленді.
Айта кетейік, 8 шілдеде басталған Әлемдік турнир 17 шілдеде аяқталады. Оған 107 елден 1300-ге жуық спортшы қатысуда. Жарыстың алтыншы күнінде жерлесіміз ядро лақтыру спорт түрінен қола медаль жеңіп алды.
Спортшы облыстық мүгедектер спортына мамандандырылған мектептің тәрбиеленушісі. Ол Әлем чемпионатында қолындағы ядросын 15 метрден астам қашықтыққа лақтырған. Оның осы көрсеткіші турнир соңына дейін екінші орыннан түскен жоқ. Алайда, мексикалық спортшы өзінің соңғы мүмкіндігін пайдаланып, жерлесіміз көрсеткен көрсеткіштен 8 см-ге асып түскен.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz