Қарағанды

Қарағандылық оқушылар Astana IT University-де оқу грантын ұтып алды

8-11 сынып оқушылары арасында өткен “STEM Олимпиада – білім берудегі инновациялар” халықаралық олимпиадасында Теміртаудың 10- сынып оқушылары Гран-при жеңіп алды, ал Қарағанды қаласының  11-сынып оқушылары Astana IT University-де оқу грантын ұтып алды, деп хабарлайды Ortalyq.kz тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Олимпиаданы “Astana Innovation” АҚ ұйымдастырды. Зияткерлік сайысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен 280-ден астам команда қатысты, яғни 180 оқу орнынан 500-ден астам оқушы бақ сынады. Одан бөлек, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан оқушылары да қатысты. 

Бас жүлдеге Astana IT University-де оқуға арналған екі грант берілді. Сондай-ақ, жүлдегерлерге ойын консольдері, ноутбуктер, кіріктірілген оқу бағдарламасы бар планшеттер, смартфондар, экшн-камералар, смарт-сағаттар, электрондық кітаптар сыйға берілді.

Бас жүлдені Теміртау қаласының № 20 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушылары Данил Лазарев пен Артемий Кочетов иеленді. Олардың жетекшісі – Әли Ахмет. Оқушыларға жеңісі үшін кубок пен PlayStation табысталды.

“Дарын” ММЛИ 11-сынып оқушыларынан құралған (Ерасыл Советов пен Әлібек Тастен) Teen Spirit командасы Astana IT University-де оқу грантын жеңіп алды.  

– Астанада алғаш рет халықаралық деңгейде STEM-олимпиада өткізілді. Биыл біздің оқушылар Astana IT University-де оқу гранттарын жеңіп алды. Мұндай олимпиадаға қатысу үшін балалар маусым айында сынақтан өтті – оларға винті бар шағын жүк көлігін және қағаз ұшақтарын ұшыру механизмін жасау керек болды. Мұның бәрі олимпиаданың бірінші күні тексеріліп, оларға қосымша тапсырма берілді. Екінші күні 120 сұрақтан тұратын бағдарламалау және модельдеу тестілеуі болды. Екі турдың қорытындысы бойынша оқушылар ең жоғары балл жинады, – деді команда жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Әсел Қасым.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ

Басқа материалдар

Back to top button