Қарағандылық кәсіпорындар – үздіктер қатарында
Қарағанды облысының бес кәсіпорыны республикалық байқау жеңімпазы атанды. Елордада ҚР Президентінің «Алтын Сапа» сыйлығы байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтіп, «Үздік индустриялық жоба» номинациясында «Бёмер Арматура» ЖШС жеңімпаз болып танылды.
«Бёмер Арматура» – Орталық Азияда теңдесі жоқ кәсіпорын. Компания неміс технологиясы бойынша шарлы бекіту арматурасын өндіреді. Өнім мұнай-газ секторында және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында сұранысқа ие.
«Шахтерское» ЖШС Қарағанды компаниясы «Іскер» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының арнайы сыйлығын иеленді. 2001 жылы құрылған компания – қазір Қарағанды облысының ірі агроөнеркәсіптік кешендерінің бірі. Инвестициялық көшбасшылар қатарында. 2019 жылы кәсіпорын өндірісті дамытуға 1,7 млрд. теңге жұмсағанын ерекше атаған жөн.
Сонымен қатар, «Іскер» сыйлығына «Нәтиже» сүт фабрикасы» ЖШС да лайық деп танылды.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық байқауы да қарағандылық кәсіпорындардың еңбегін мойындады. Жеңімпаздар қатарында – металлургиялық өндіріс қалдықтарын – домна шлактарын өңдеуші «АлбаСтройДор» ЖШС және «ПИК ЮТАРИЯ LTD» ЖШС жеңіл өнеркәсіп саласының көшбасшысы бар.
Өз тілшімізден.