Қарағандылық «Jeltoqsun» командасы әлемнің үздік 20 командасы қатарына кірді
Қарағандылық мектеп оқушылары Хьюстон қаласында өткен FIRST Championship 2025 халықаралық мектеп инженериясы чемпионатында жүлделі орындарға ие болып, Қазақстанның атын әлемге паш етті. Сонымен қатар, олар беделді Core Values Coopertition Winner номинациясында жеңімпаз атанды.

Биыл Қазақстан құрамасы жалпы алты марапат иеленіп, еліміз үшін рекордтық нәтижеге қол жеткізді. Қарағандыдан бөлек, елордалық, алматылық және павлодарлық жас инженерлер де жоғары жетістіктерге жетті. Мұндай деңгейдегі нәтиже – Қазақстан тарихындағы алғашқы жетістік болып отыр.
– «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының Jeltoqsun командасы роботтар ойыны бойынша 258 команданың ішінен үздік жиырмалыққа енді. Ал осы мектептің тағы бір командасы Core Values Coopertition Winner номинациясының чемпионы атанды, – деп хабарлады Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Биылғы чемпионатқа әлемнің 110 елінен келген 50 мыңнан астам оқушы қатысты. Олардың барлығы ғылым, технология, инженерия және математика саласындағы білімдерін ортаға салып, инновациялық жобаларын қорғады.
Айта кетейік, өткен жылы қазақстандық оқушылар әлемдік олимпиадаларда жеңіске жеткені үшін 5,5 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйақы алған болатын. Биылғы нәтижелер – еліміздің білім беру саласында жүйелі даму мен жас буынның ғылымға қызығушылығы артып келе жатқанының айқын дәлелі.
Қазақстанның жас өнертапқыштары мен инженерлерінің әлемдік деңгейде мойындалуы – болашақтағы ірі жаңалықтар мен жетістіктердің бастауы болмақ.