Қарағандылық дзюдошылар кадеттер арасындағы әлем чемпионатынан жүлдемен оралды
Қарағанды облысының қос жас дзюдошысы Эквадорда өткен кадеттер арасындағы әлем чемпионатынан жүлдемен оралды. Әділжан Жаудінов алтын, Бекәлі Еркен қола медаль жеңіп, ел қоржынына екі жүлде қосты.

Гуаякиль қаласында өткен әлем біріншілігіне 59 елден 457 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы бұл жарыста әлем чемпионаттарындағы өз тарихындағы ең үздік нәтижесіне қол жеткізді.
Жарыстан кейін жеңімпаздар мен жүлдегерлерді және олардың жаттықтырушыларын Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қабылдады.

«Сіздер жарыста мықты қарсыластармен белдесіп, қайсарлық пен жеңіске деген жігерлеріңізді көрсеттіңіздер. Бұл жетістік спортшылардың ғана емес, жаттықтырушылардың және сала мамандарының еңбегінің нәтижесі. Жаңа жеңістер мен биік белестер тілеймін», — деді облыс әкімі.
Әлем чемпионатындағы жоғары нәтижесі үшін екі спортшыға да автокөлік табысталды. Ал олардың жаттықтырушылары ақшалай сертификаттарға ие болды.
Теміртаудағы «Жас сұңқар» балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Әділжан Жаудінов 90 келіден жоғары салмақта чемпион атанды. Ол дзюдомен жеті жылдан бері айналысады. Спортшының жаттықтырушысы — Алмас Нәсіпберлінов.


Жаудінов әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының капитаны болды. Ол жекелей сында алтын медаль алып, командалық жарыста да жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
«Жарысқа ұзақ уақыт дайындалдық. Төрт белдесудің ішінде Бразилия спортшысымен болған кездесу ең қиын болды. Финалда ресейлік Абдулманаф Рамазановпен белдестім. Нәтижеме көңілім толады. Маған қолдау көрсеткендердің барлығына алғыс айтамын», — деді Әділжан Жаудінов.
Ал Шет ауданының Ақадыр кентіндегі балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшысы Бекәлі Еркен 73 келіге дейінгі салмақта қола медаль иеленді. Ол дзюдомен тоғыз жылдан бері шұғылданып келеді. Жаттықтырушысы – Ерсайын Омаров.

Бекәлі Еркен биыл кадеттер арасындағы Еуропа кубогінде алтын медаль жеңіп алған. Әлем чемпионатында да жүлдеге қол жеткізді.
«Жарыс жоғары деңгейде өтті. Турнир алдында бірнеше оқу-жаттығу жиынында дайындалдық. Уақыт айырмашылығына байланысты жергілікті жағдайға бейімделу оңай болған жоқ. Алдағы жарыстарда бұдан да жоғары нәтиже көрсетуге тырысамын», – деді Бекәлі Еркен.
Жаттықтырушы Ерсайын Омаров шәкіртінің жарыс бойы бар күшін салып, соңына дейін күрескенін атап өтті. Оның айтуынша, ендігі мақсат – спортшының салмағын арттырып, келесі жарыстарға дайындықты күшейту.
Қазір Қарағанды облысында 8,5 мыңнан астам адам дзюдомен айналысады. Оларға 91 жаттықтырушы-оқытушы жетекшілік етеді. Дзюдо өңірдегі ең танымал спорт түрлерінің бірі саналады.
Диас СЕЙІЛҒАЗИН
Ortalyq.kz


