Қарағандылық акробаттар Азия чемпионатынан олжалы оралды
Ташкентте өткен Азия чемпионатында Қарағанды гимнастика мектебінің тәрбиеленушілері спорттық акробатикадан жүлде алды.
13-ші Азия чемпионатында Қазақстан спортшыларынан бөлек, Үндістан, Гонконг, Тәжікстан және Өзбекстан елінің акробаттары қатысты. 170-ке жуық жиналған қатысушы өзара төрт жас санаты бойынша бақ сынады.
Чемпионат қорытындысы бойынша Даниэль Диль мен Вадим Шуляр, Игорь Шевченко мен Афина Василаки, Илларион Мацымоха мен Диана Высоцкая, және София Кардапольцева мен Малика Манкенова жұбы І орын иеленді.
Одан бөлек, Азия чемпионатымен қатар Өзбекстанда акробатика спортының негізін қалаушы, еңбек сіңірген жаттықтырушы Николай Лакизаны еске алуға арналған «Азия жұлдыздары» халықаралық турнирі өткен болатын.
Бұл додадан да қарағандылықтардың асығы алшысынан түсті. Денис Андриевский мен Радмила Антоненко жұбы алтын медаль алса, Руслан Мелешко мен Алиса Котова жұбы – күміс, Диас Жеңіс пен Дилара Байбакушеваның жұбы – қола медаль жеңіп алды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz