Қарағандыда жаңа емхана ашылады

Мамыр айында Қарағанды қаласының «Восток-2» ықшамауданында салынып жатқан жаңа емхана қолданысқа беріледі. 

 

Көрнекі сурет

«1 мамырға дейін біз «Восток-2» ықшамауданындағы жаңа емхананы пайдалануға береміз. Ал тамыз айында Пришахтинскіде жаңа балалар емханасы мен әйелдерге кеңес беретін мекеме іске қосылады. Біздің есептеуіміз бойынша, бұл емханаға 17 мыңға жуық бала тіркеледі», — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев. 

Сондай-ақ, облыстық травматология орталығының негізінде заманауи кеңес беру-диагностикалық орталығы ашылады. Жаңа нысан емделушілерді қабылдау мүмкіндігін 20% ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Басқарма басшысының айтуынша,  аймақта денсаулық сақтау саласында мемлекетік-жекеменшік әріптестігі аясында 11 жоба жүзеге асырылуда. 

«Біздегі негізгі проблемалардың бірі — үлкен емханалар мен оларға бекітілген тұрғындардың көптігі. Бүгінгі таңда біздің емханаларда 50-60 мың адам тіркелген. Жағдайды өзгерту үшін облыста бірқатар жобалар әзірленді. Облыс орталығында және өңірдің басқа да қалаларында шағын отбасылық денсаулық орталықтарын ашуды жоспарлап отырмыз», — дейді Ержан Нұрлыбаев.