Қарағандыда заңсыз салынған жылу қазандығының жұмысы тоқтады
Бүгін Қарағанды облысы экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Дархан Исжанов Күнгей ықшам ауданының тұрғындарымен қаңтар айынан бастап дауға айналған жылу қазандығы мәселесі бойынша тұрғындармен кездесті. Ықшам аудан тұрғындары қазандық аудан экологиясына зиян келтіріп жатқанын айтып, экологтарға жүгінді.
Жылу қазандығы күнгейдегі 64 тұрғын үйге жылу таратып отырған. Алайда қазандық жұмысы маңайдағы тұрғындарға ыңғайсыздық туғызып, ауаны ластаған.
Департамент өз тарапынан экологиялық мәселені жою мақсатында тиісті органдармен бірлесіп, заңсыз салынған қазандықтың жұмысын тоқтатуға қатысты барлық шараны жасады.
Қазандық қожайыны сотқа тартылып, 7-ші сәуір күні күнгейдегі жылу қазандығының жұмысын тоқтату туралы сот шешім шығарды. Шешім 7 мамырда заңды түрде күшіне енеді. Әрі қарай сот орындаушылар сот шешімінің орындалуын қадағалайтын болады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz