Қарағандыда волонтерлер қызметіне арналған онлайн-коференция өтті
Бүгін Қарағанды облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен «Пандемия кезеңіндегі облыс волонтерлерінің қызметі және тәжірибе алмасу» атты онлайн-коференция өткізілді. Оған аймақтағы белсенді волонтерлер, өңірлік жастар ресурстық орталықтары, бастамашыл волонтерлық топтар және кәсіпкерлер қатысты.
Конференция барысында пандемия кезіндегі волонтерлікке қатысты ортақ мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, волонтерлік саласындағы тиімді жұмыс тәсілдері ортаға салынып, еріктілер сапына жаңадан қосылған азаматтарды қайырымдылық іс-шараларға тарту, белсенді волонтерлерді марапаттау және олардың қауіпсіздігін қаматамасыз ету мәселелері төңірегіндегі ойлар ортаға салынды.
Бүгінгі таңда облыс бойынша 1722 волонтер қоғам игілігі үшін қызмет етуде. Қарағанды облысында биылғы жылдың 16 наурызынан бастап осы уақытқа дейін волонтерлердің және кәсіпкерлердің жәрдемдесуімен көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты қарт адамдарға, мүгедектерге және басқа да барлық мұқтаж жандарға көмек көрсету бойынша 401 акция өткізілді. Облысымыздың 33198 тұрғынына жалпы сомасы 30 млн теңгеден астам қаражатқа 70 тоннаға жуық азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттар жеткізілді.
Әр өңірде ашылған волонтерлік штабтарға көмекке зәру адамдар түрлі өтінішпен қоңырау шалуда. Негізінен тұрғындар тегін азық-түлік себеттері, дүкеннен азық-түлік жеткізу, дәріханадан дәрі-дәрмек жеткізу, волонтер қатарына қосылу т.б. сұрақтар бойынша хабарласуда.
Сын сағатта волонтерлер қатарынан табылған жастардың еңбегі ерлікке пара-пар. Нағыз патриоттықтың үлгісін танытып жүрген қайырымды жандардың басын қосқан онлайн-конференция біраз түйткілді мәселелердің түйінін шешіп, ортақ бағыт ұстануға септігін тигізді.
Осылайша Қарағанды облысының волонтерлері жаңа технологиялардың мүмкіндігін пайдалана отырып, жұмыстарын жандандыра түсуде.