Қарағандыда шырша шамы жанды
Бұл болса, Қарағандыда Жаңа жылға дайындықтың басталғанынан хабар береді. Бейсенбіде Қарағандыдағы бас шыршаның шамы жағылуына келген қарағандылықтардың қатары қалың. Шырша шамын жағу салтанатына шаһар әкімі Нұрлан ӘУБӘКІРОВ және екі жүз Аяз ата мен Ақша қар қатысты.
Қаланың төрінен, Тәуелсіздік алаңынан орын алған шыршаның маңайы ымырт үйіріле жарқын күлкі мен әзіл, ән мен бидің алаңына айналды. Әдеттегідей, Аяз ата мен Ақша қардың шеруі қалалықтардың мерекелік көңіл күйіне тағы бір соны серпін үстей түсті.
Қарағандылықтарды қала әкімі келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Бұдан соң шыршаның шамы жағылды. Салтанаттың шырқау шегі от шашуға ұласты. Салтанатқа келгендерге қаламыздың өнерпаздары өнерлерін паш етті. Бұл мереке санаулы күннен кейін Жаңа жылдың есік қағып кіретінін және бір еске алды. Ресми өкілдердің айтуынша, тағы бірқатар шыршалар қаланың көрнекі жерлеріне орнатылатын болады.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.
Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.