Қарағандыда шахталар мен кен байыту фабрикаларының даму стратегиясы әзірленді

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментіне қарасты шахталар мен кен байыту фабрикаларының даму стратегиясы әзірленді. 

2020-2041 жылдарға көмір өндіру жобаларын әзірлеуге арналған техникалық тапсырма «Қарағандыгипрошахт» ЖШС институтына берілді. 2019-2023 жылдарға арналған стратегияда көмір өндіруді 10%-ға (2018 жылғы деңгейге қарағанда) және 20%-ға арттыру көзделген. Сонымен қатар, жаңа технологияларды дамыту, жабдықтарды жаңғырту, құрылыстарды қайта жаңарту жұмыстары жоспарлануда. Стратегиялық құжаттағы ірі жобалардың қатарында «Тентек» шахтасында жаңа клеткалық оқпан салу, Күзембаев атындағы шахтаның желдету жүйесін жаңарту, «Восточная» ОБФ қалдық қоймасының екінші кезеңінің құрылысын салу жобалары бар. 
Көмір департаментінің барлық шахталарында жайғастыру жүйесі енгізілуі тиіс. Ол өндірісте автоматтандырылған және сандық бақылау әдістерін дамытуды, тау-кен шахталық жабдықтарды жаңғыртуды көздейді. Бұл жүйе «Қазақстан» шахтасында сынақтан өткен.  Қазіргі таңда көмір департаментіне қарасты кәсіпорындарды  цифрландыру деңгейі шамамен — 60%.
Стратегияны орындау кеншілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді және жер асты еңбегінің қауіпсіздігін арттырады.