Бас тақырыпЖаңалықтар

Қарағандыда Құрбан айт мейрамына орай қайырымдылық шаралары өтті

 «Әнет баба» атындағы орталық мешітте мұсылман қауымының қасиетті мейрамы – Құрбан айт тойланды. Таңғы сағат 6:30-да басталған айт намазында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов  жамағатпен бірге сапқа тұрды. Намаздан кейін жиылған қауымды ұлы мейраммен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді, – деп хабарлайды Ortalyq.kz

Мешіт имамдары жиналған қауымға исламның асыл құндылықтары жайлы уағыз айтып, қайырымдылық жасауға үндеді. ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы халықты мешіт қызметкерлерінің ұймдастыруымен өтетін қайырмыдылық жәрмеңкесіне қатысуға шақырды. Жәрмеңкеден түскен қаражаттың барлығы қайырымдылыққа  жұмсалмақ. Ал арнайы белгіленген орындарда құрбан шалған азаматтар көмекке мұқтаж отбасыларға ет тарады. 

Мешіт іргесінде Құрбан айттың құрметіне дүбірлі думан басталды. Айнала тігілген киіз үйлерде жамағатқа арнайы дастархан жайылып, мерекелік дәм ұсынылды. Қазақша күрес, арқан тартыс, қой көтеру тәрізді ұлттық ойындар қызу тартыспен өтті. Күші басым түскен азаматтар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Мешіт жанында ұйымдастырылған игі шара көптің көңілінен шығып, жиналған қауым алғыстарын білдіріп жатты.  

Құрбан айт – қайырымдылық пен ізгіліктің мейрамы. Бұл күні ескі жаулық ұмытылып, жағдайы жақсы адамдар неғұрлым көп садақа жасауға ұмтылуы тиіс. Дін талабы осы. Қастерлі мерекенің аясында балалар да базарлықтан құр қалмады. Мешіт жанына жамағатпен еріп келген балалар алаңсыз ойнап,  шаттыққа бөлену үшін арнайы атракциондар орнатылған екен. Бейбіт күнде шаттана күлген сәбилердің үні айналаға қуаныш нұрын шашып тұрғандай әсер қалдырды.

Жаратқанның игілігі жолында «Әнет баба» атындағы мешіт ұжымы қаламыздағы екі бірдей балалар үйінің тәрбиеленушілеріне сыйлық жасады. Мешіттің наиб имамы Нұржігіт Мұсабеков балаларға түрлі тәттілер мен жаңа киімдер, оқу құралдарын табыстады. Өз кезегінде балалар үйінің ұжымы  мешіт ұжымына алғыстарын білдірді.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button