Бас тақырып

Қарағандыда Networking форматында жастар конференциясы өтті

Қарағанды қаласындағы Достық үйінде облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы мен «Жұмысшы жастар одағы» ЖҚБ ұйытқы болуымен тұңғыш рет Networking форматында «Ойтолғау» жастар конференциясы өтті. Онда белгілі кәсіпкерлер, журналистер, маркетологтар, спортшылар сөз сөйледі. Жас болса да біршама белесті бағындырып үлгерген талғамы биік, белсенді спикерлер өз жетістіктерімен, тәжірибелерімен бөлісті.

Конференцияға «Global Procurement Company» ЖШС бизнесті дамыту жөніндегі директоры, Жас кәсіпкер Олжас Сүлейменов, «Дарын» жастар мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Saryarqa aqparat» ЖШС директоры Олжас Беркімбаев, Хабар телеарнасындағы «Таңғы хабар» бағдарламасының авторы және журналист-шолушысы Дәулет Мұқаев, Woopchain компаниясының жетекші маманы, криптограф, әзірлеуші Артур Сүндетов, Қарағандыда TEDx бірінші конференциясын ұйымдастырушы Шахзада Шөгелбаева және «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, параолимпиадашы, туризм және спорт академиясының студенті, волейболшы Серік Есматов қатысты.

  • Мен жастарға ешқашан еңсемізді түсірмеуге және әрқашан алға жылжуға кеңес бердім. Бүгін өз тәжірибеммен бөлісіп, «Қазақстанның 100 жаңа есім» жобасы туралы айттым. Жобаның басқа жеңімпаздарымен қатар, маған үлкен жауапкершілік жүктеледі. Себебі, «Жаңа есімдер» – өзгелер үшін үлгі. Осы атаққа лайықты болып, түрлі бағытта даму қажет. Ол үшін қазір барлық жастардың мүмкіндіктері бар, – дейді паралимпиадалық спортшы Серік Есматов.

Конференцияның Networking форматы қатысушыларға бір-бірімен танысуға, қарым-қатынас құруға және іскерлік байланыстарды орнатуға көмектеседі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, конференцияның басты мақсаты – өз саласында биік белестерге қол жеткізген табысты жастар туралы көрсету және айту.

– Бүгін негізгінен баспана, өз жұмысында жетістістікке жету, әр іске белсенділік, өз ісін бастаудағы кедергілерді бағындыру сияқты мәлелелер төңірегінде белсенді спикерлер сөз қозғады. Жастарға өте қызықты болды деп ойлаймын. Алдағы уақытта осы форматтағы кездесулерді аймағымыздың әр қалаларында айына бір рет өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы басшысы Нұржан Жетпісбаев.

Жалпы, шара өте көңілді әрі қызықты өрбіді. Әр спикер өз ерекшелігімен ерекшеленіп, жиылған жастарды жігерлендірді. Қарапайым мысалдар арқылы өз тақырыптарын түсінікті тілмен жеткізе білді. Жастар да өз кезегінде өздерін қызықтырған сауалдарына жауап алды. Журналист Дәулет Мұқаев та пәтерге қол жеткізудің ең тиімді жолдарына тоқталды. Жас кезден бастап, ақшаны көп табумен қатар, оны дұрыс жарата білуді, қаржыны үнемдеп жинаудың дұрыс жолдарын нұсқады.

Кездесудің ең ерекше, көзінің оты бар, қысқа-нұсқа бағдарламасымен көпшілікті баурап алған жерлесіміз, Шет ауданының тумасы жас кәсіпкер Олжас Сүлейменнің айтуынша, өз тәжірибесін отандастырмен бөлісуден шаршаған емес. «Арнайы Атыраудан келдім. Мамандығым – инженер-құрылысшы. Бүгінде мұнай саласында кәсібім бар. Қазақстанмен шектелмеу керек жастар, көбірек армандап, алдына үлкен мақсаттар қоя білуі керек. Ешкімнің керітарпа сөзін елемей, мақсатына жету үшін тынымсыз еңбектенуі тиіс. Қажет болса мінезін өзгертіп, араласатын ортасын өзі құрып, болашақта баласының жақсы ортада өмір сүруін қамтамасыз ету керек» дейді ол.

Сондағы қатысушы жастардың айтуынша, жас кәсіпкер Олжас Сүлеймен өз компаниясының ісін сауатты жүргізумен қатар, жетістікке жету тақырыбында дәріс оқиды, содан алатын 180 мың еңбекақысын аз қамтылған, көмекке мұқтаж отбасыларға аударып отырады екен. Бүгінгі конференциядан көп мәлімет алдық. Өмірге деген құлшынысымыз артты. Олжас сияқты жетістікке жетіп, елге көмектескіміз келеді» деді олар.

Кеш соңында барлық спикерлерге облыстық әкімдіктің атынан Алғыс хаттар тапсырылды.

Басқа материалдар

Back to top button