Бас тақырып

Қарағандыда фармацевтикалық өндіріс өрісі кеңейді

Аймақтағы «Фитохимия» халықаралық ғылымиөндірістік холдингі» акционерлік қоғамында препараттарды арнайы қабықшамен қаптауға мүмкіндік беретін өндіріс учаскесі ашылды.

Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров, «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Әнуарбек Сұлтанғазин, облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмасұлтанов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев, сондай-ақ израильдік фармацевтикалық компанияның басшылары қатысты. Олар холдингтің тұтас өндірістік жұмысымен танысты.

– Бұл технологиялық жабдық бірегей болып табылады. Қазіргі уақытта мұндай технология еліміз бойынша бізде ғана бар. Қазіргі таңда холдинг шығаратын барлық таблеткаларды арнайы қабықшамен қаптап, нарыққа шығарудамыз. Қабықша дәрінің жақсы сіңірілуіне әсер ететіндіктен, алдағы уақытта оның дозасын азайту жұмыстары жасалады. Нәтижесінде өндірістік процесс қысқарып, өнімділік артады. Бұл дәрінің құнын бірнеше есе арзандатуға ықпал етеді, – дейді холдингтің бас директоры Серғазы Әдекенов.

Өндіріс учаскесі «Ғылым қоры» АҚ-ның қаржылай қолдауының арқасында іске асты. Ол үшін мемлекет пен «Ғылым қоры» АҚ 100 млн. теңге бөлген болатын. Үш жылдық жұмыстың нәтижесі бүгін көпшілік назарына ұсынылды.

Ұнтақ түріндегі дәрілер субстанцияларын арнайы қабықшамен қаптайтын соңғы үлгідегі технологиялық қондырғы холдингтің тапсырысы бойынша Германияның Diosna компаниясында жасалған. Онымен жұмыс жасау үшін ғылыми институттың үш маманы сол елге барып, тәжірибе жинақтап қайтқан. Әзірге мұндай қондырғы өндірісте біреу ғана. Алдағы уақытта осының бесеуін алу жоспарланған. Оның әрқайсының құны – 65 млн. теңге. Сондықтан да бұл технологияны еліміздің басқа да фармацевтикалық кәсіпорындарына тарату жұмыстары – алдағы уақыттағы негізгі міндеттердің бірі.

Мамандардың айтуы бойынша осы технология арқылы холдинг шығаратын 72 түрлі дәрі-дәрмектің қатты препараттарға жататын 18 түрі арнайы қабықшамен қапталатын болады. Былайша айтқанда, жұтылуы жеңіл болып, сіңірілуі жақсарады. «Арглабин», «Саусалин», «Салсоколлин» бірегей өнімдері негізінен онкологиялық аурулармен ауыратын науқастарға арналған. «Арглабин» еліміздің тоғыз клиникасында, бес шет мемлекетте қолданыста. «Саусалин» мен «Салсоколлин» де еліміздің бірқатар клиникалары мен сыртқары үш елге таратылады.

Ашылу салтанатына қатысқан израильдік ғалымдар да өздерінің ұнтақ түріндегі дәрілерін осында әкеліп, арнайы қабықшамен қаптатып, қазақстандық нарыққа шығаруға мүдделі екендіктерін білдірді.

Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button