Бас тақырып

Қарағандыда егіс алқабы ұлғаяды

Облыста биылғы көктемгі егіс жұмыстарына қамдану шаралары жүзеге асырылуда. Техника қазірдің өзінде 100 пайызға әзір. Қажетті тұқым көлемі дайындалды. Арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелері шешілуде.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өкілдерінің айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемі 60 мың гектарға ұлғаяды. Биылғы жылы аймағымызда 969,7 мың гектар алқапқа дәнді-дақылдар, мал азығы, картоп, көкөніс өнімдері егіледі. Мәселен, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар егілетін 885 мың гектар жерге 52 мың гектар қосылады деп күтілуде. Картоп егу – 9 600 гектарға, көкөніс егу – 1 500 гектар жерге жоспарланған. Науқанға ауыл шаруашылығы техникасының үлкен паркі тартылады. Көктемгі далалық жұмыстарды жүргізу үшін 9 600 трактор, 168 егіс кешені және 6 100 жер өңдейтін техника дайын тұр.

Бұл маусымда көп жер жыртылады. Өңдеу үшін 6 000 тонна минералды тыңайтқыштар сатып алу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, облыста арзандатылған дизель отынын тасып алу жұмыстары жеделдетіп ұйымдастырылуда, қажеттілік 18 мың тоннаны құрайды.

Алқаптарға қажетті инфрақұрылым тарту жұмыстары басталды. Осы жылдан бастап рәсімдеу жұмыстары электрондық форматқа ауысты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалана алады. Биыл субсидияға 2 млрд. теңгеден астам қаражат қарастырылған. Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру мәселесі де шешімін тауып жатыр.

Басқа материалдар

Back to top button