Бас тақырып

Қарағандыда қаржы вице-министрімен кездесуде салық реформалары талқыланды

Қарағандылық бизнесмендер ҚР қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековпен кездесуде салық реформаларына қатысты өз ескертулері мен ұсыныстарын білдірді. Пікірталас екі сағаттан астам уақытқа созылды. Осы уақыт аралығында түрлі салалар мен қызмет көрсету саласының 19 өкілі баяндама жасады. Ашық диалогта кәсіпкерлер өз ұстанымдарын білдірді.

Сурет облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 7 ақпанда Астанада бизнеспен кездесу барысында Үкіметке ҚҚС мөлшерлемесі бойынша мәселені қосымша пысықтауды тапсырған болатын. Жұмыс топтары жергілікті жерлердегі бизнес-қоғамдастықпен салықтық реформаларды талқылау үшін өңірлерге барады.

Сараланған тәсілді енгізу мәселесі талқыланды.

– Жалпы ҚҚС мөлшерлемесін 16% деңгейінде белгілеу ұсынылады, ал ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді салықтан толық босату жоспарланып отыр. Бірқатар салалар үшін аралық мөлшерлемені 10%-ға енгізу ұсынылды – деді Дәурен Темірбеков.

Сондай-ақ, ҚҚС бойынша қолданыстағы есепке қою шегін 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендету ұсынылады.

Ал кәсіпкерлер нөлдік ҚҚС қолдануды кеңейту қажет деп есептейді.

– Бүгін мен ет өңдеу саласының, агроөнеркәсіп кешеніндегі маңызды сегменттің мүддесін білдіремін. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ҚҚС-тан босатылған, ал ет өңдеу кәсіпорындары өндірістік тізбектің қисынды жалғасы болып табылғанымен, әзірге жоқ. Тең жағдай жасауды ұсынамын. Бұл шешім салықтың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ет өнімдерінің тұрақты бағасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді кәсіпкер Денис Дедов.

Теміртаулық республикалық қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Марина Бошель B2B-бизнеске қатысты мәселелерді көтерді.

Түрлі салалар қозғалды: тұрғын үй құрылысы, заң және бухгалтерлік қызметтер, сауда және т. б.

Өңірлік кеңес мүшесі Николай Абт көлеңкелі экономикамен күреске, жекелеген салаларды монополиясыздандыруға, мемлекеттік активтерді жекешелендіруге және ірі шикізат компаниялары үшін салық жеңілдіктерін қайта қарауға назар аударуды ұсынды. Ол экономика мен бизнес үшін ықтимал тәуекелдерге егжей-тегжейлі талдау жасады.

Кездесуге қатысушылар экономиканы дамыту мен жұмыс орындарын көбейтуді қамтамасыз ететін шағын және орта бизнестің мүдделерін ескеруге шақырды. Барлық ұсыныстар «Атамекен» ҰКП арқылы қаржы министрлігіне жіберіледі.

– Жақсы диалог болды. Көптеген ұсыныстар айтылды. Бәрін жазып алдық, әрине, талқылаймыз. Біз өңірлерді аралаймыз, ұсыныстардың бір бөлігі ұқсас. Жаңа салық кодексінде ескерілген сұрақтар да қойылды. Жұмыс жалғасады, соның ішінде Парламент алаңында да, – деп қорытындылады сөзін Дәурен Темірбеков.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button