Бас тақырып

Қарағандыда қайда демалуға болады?

Былтыр көршім баласы һәм әйелімен 1 аптаға Дубайға барып, демалып қайтты. Алайда, аса ұнамағанын айтты. Оңтүстіктің жігіті үшін ыстық ауа райы мен құмды өлке һәм түйелер ешқандай қызығушылық тудырмапты. Қаладағы зәулім ғимараттар мен люкс қонақ үйден басқа ауыз толтырып айтарлық түк таппады. Байтақ Отанымыздың көз тоймайтын табиғатына үйренген жан анаумынауға таң қалмасы анық. Еуропаның тарихи қалалары болса, әңгіме басқа. Шындығында, біз неге елдегі кереметтей демалыс орындары бола тұра шет елге құмармыз? Басқа аймақтарды айтпағанда, Қарағанды облысы аумағында да жаныңды рухани ләззатқа бөлейтін мекендер баршылық қой.

Облыс орталығына жақын маңдағы шипажайларды есептемегенде, Қарқаралы, Балқаш, Топар сынды демалыс орындары бірінен-бірі асады. Арқаның үш алтын тәжінің бірі қасиетті Қарқаралының қоңыр салқын ауа райы, тылсым табиғаты, мөлдір суы бар.

Мәселен, Қарқаралы қаласы маңында демалыс орындары өте көп. Жазда таудағы сай-саланың бәріне киіз үйлер мен контейнерлерді қойып тастайды. Қонуға да болады. Бағасы тәулігіне 3-7 мың аралығында. Кейбірінде тамақ өздерінен болса, негізінен ішіп-жемді өзің апарып, сонда істеп жейсің. Жатып-тұру, кәуап пісіретін, самаурын сынды барлық жабдықтары бар. Күні бойы табиғат тамашалап, суға шомылып, кешке қосқа құлайсыз.

Бұдан бөлек, іргелі 2 демалыс үйі бар. Көбіне кеншілер демалатын «Шахтердің» жолдамасы – тәулігіне 15-17 мың аралығында. Үш мезгіл ыстық тамақ осы сомаға кіреді.

Ал, «Жолжақсы» демалыс орнында да демалушыларға барлық жағдай жасалған. Мұнда құны кісі басына 10 мың теңгеден басталады. Тамақты үйден апаруға немесе сол жерден алып жеуге болады. Ал, «Берлога» демалыс орны өте таза әрі әдемілігімен ерекшеленеді. Мұнда негізінен асыл дінімізді берік ұстанып, халал өнім тұтынатын демалушылар келеді. Мангал, пеш сынды қажетті дүниелерден басқа, бассейн, караоке де бар екен. Керегіңді сатып алатын дүкен де табылады.

Жалпы, Қарқаралыға жаз мезгілінде 35 мыңнан астам турист келеді демалуға. Бұл – тіркеліп, ұлттық табиғи парктің бекетінен рұқсатпен өткендері ғана. Тіркелмегендерін қоса есептесе, 40 мыңға жуықтайды. Осыдан-ақ, Қарқаралының қаншалықты сұранысқа ие екенін білуге болады. Ал, біз жиған-тергенімізді шет елге апарып береміз.

Ал, енді үнемі ыстық ауа райы мен жағажайды, көлдің тұнық, шипалы суын қаласаңыз, халық арасында «Көкше теңіз» атанған Балқаш көліне баруға болады. Көлі Балқаш қаласына жақын орналасқандықтан, қаладан пәтер жалдап қойып, қалағаныңызша суға шомылып, күнге қыздырынуға мүмкіндік бар. Пәтерді тәулігіне 3 мың теңгеге табуға болады. Ал, қала ішінде такси құны 300 теңгеден басталса, жағажайға баруға 1000 теңгенің мұғдарында бересіз. Көлігі барлар көлікпен барса, ұтады. Тамақты жағажайдан алса, қымбаттау болары анық. Ғаламторда бұл жайлы барлық мәлімет тұр.

Бұдан басқа, Балқашта «Жемчужина», «Тораңғылық», «Шұбартүбек» деген демалыс орындары орналасқан ауылдар бар. «Жемчужина» қалаға жақын болса, қалған екеуі Алматы тас жолы жақтан орын тепкен. Мәселен, «Шұбартүбек» ауылындағы демалыс үйлерінде бағасы адам басына 7-10 мыңнан басталып, 35 мыңға дейін барады. Үйлер 2, 4, 6 адамдық болып бөлінеді. Сондай-ақ, мұнда күнде кешке би кеші ұйымдастырылып, кинотеатр, ресторан, бар судың жағасында жұмыс істеп тұрады. Суға қарап отырып, ас-ауқат ішіп, ми тынықтыруға таптырмас орын. Мұндағы жағажайдың бір жақсысы асты жұмсақ топырақ, тас жоқ. Шомылғанда уайымсыз сүңгисіз. Сондай-ақ, «Тораңғылық» пен «Шұбартүбекке» қонбай-ақ, таңертеңнен кешке дейін де демалып қайтуға болады. Кіру құны кісі басына 300 теңге мен 2000 мың теңге аралығы. Бұл баға онда жасалған жағдайға байланысты. «Халықтың жағдайына ыңғайлы болсын» деп барлық жағы ескерілген. Қалай да келген демалушыны жібермейді.

Балқашта демалудың бір ерекшелігі – суында. Себебі, көлдің суы адам денесіндегі ұсақ-түйек ауруларға ем, теріге әсері зор. Құрамында пайдалы минералдар мен тұздар бар. Оның алдында Қырғызстандағы Ыстықкөлге барғанбыз. Салыстырсақ, Балқаш әлдеқайда тиімді. Шекара асып, шаршап-шалдығып, ақшаңды шашқанша, іргеміздегі бар дүниеге барайық. Оның үстіне өз еліңде еркін жүресің. Аудармашы іздеп қиналмайсыз. Еліміз туризмге енді-енді бейімделіп келе жатса да, онда демалуға қажеттің бәрі бар. Екі адамға үш күнге 50 мың теңге ақша кетті. Қалтаңыз қалың болса, тіпті, қиналмайсыз. Шет елге жүгіре бермей, оларды елімізге тартып, қаржыларының бетін бері қарай бұратын уақыт жетті. Ол үшін алдымен өзіміз елімізде демалып, насихатын күшейту керек. Балқашқа барып демалуды кеңес беремін, – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Сәкіш Тұрғанбекқызы.

Ал, енді алысқа бармай-ақ, Топар кентіндегі жағажайда демалғыңыз келсе, оған да мүмкіндік бар. Топар су қоймасының оң жақ жағалауында «Жемчужина», «Лагуна», «Жеңіс» сынды демалыс үйлерін ел мақтаса, сол жақ жағалауда «Бақыт» демалыс үйі, тіпті, кәрамат. Барсаң, барақатың тасып, жаның рахатқа бөленеді. Жол да алыс емес, шаршамайсыз. Қаланың шуынан бір сәт аулақ, ой жинақтап, жұмысқа тың серпінмен кірісесіз.

Байқасақ, алыстан арбаламай-ақ, облыс аумағында демалуға да болады. Сонымен қатар, атап өткен үш өңірге барар жолда қаншама тарихи орындардың бар екенін ескерсек, демалумен қатар, көңіл көкжиегін кеңейтуге де мүмкіндік мол. Тек, өзіміздің өлкеге деген құрмет және махаббат сезімі болса жеткілікті. Мұқағали: «Барғаным жоқ, Олар маған тұрған да жоқ қол бұлғап, Қалсам болды, Өлсем болды, Осы отырған орнымда-ақ» деп жырлағанындай біз өз аймағымыздағы демалыс орындарына бару арқылы балаларымызды облыстың табиғаты мен тарихи орындарын білуге, құрметтеуге баулумен қатар, жарнамасын көбейтіп, шетелдіктерді де қызықтыра алар едік. Қасиетті Қарқаралы, ұлт ұясы Ұлытау, ажарлы Ақтоғай, базарлы Балқашымыз тұрғанда Қырым асып, Қытай шолып неміз бар? Көп ақша жұмсамай-ақ, асықпай таңдап, жан-жағын екшеп, біреуін таңдап, сапалы демалыс ұйымдастыруға әбден болады. Ендеше, аймақтың демалыс орындарына келушілер қатарын арттыруға үлес қосайық. Сонымен, Сіз қайда барасыз?

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button