Қарағандыда 100 аула жөнделеді

Биыл Қарағанды қаласында 100 аула абаттандырылмақ. Олардың барлығына жаңадан асфальт төселіп, қоқыс жәшіктері мен орындықтар орнатылады және жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Аулаларды жөндеу кезінде тұрғындардың талап-арызы толық ескерілмек. Бұл туралы қала әкімі аппаратының жиынында айтылды.

Жөндеу жұмыстары мамыр айынан басталып қазанға дейін жалғасады. Жоспар бойынша, Қазыбек би ауданында – 50, Октябрь ауданында – 50 аула абаттандырылуы тиіс. Сонымен қатар, тұрғын үйлердің жанында орналасқан 15 шағын сквер қайта жөнделіп, халық игілігіне беріледі.

– Қазыбек би ауданында 5 шағын сквер қайта жөнделеді. Олар Бұқар жырау даңғылының, Гоголь, Гапиев, Полетаев көшелерінің бойында, Язев көшесі мен Университет көшесінің қиылысында орналасқан. Шағын скверлерге жасыл желектер егіліп, балалардың ойын алаңдары, спорт жабдықтары орнатылады. Сондай-ақ, орамдар арасын байланыстыратын жолдарды жөндеуді де жоспарлап отырмыз, – деді Қазыбек би ауданының әкімі Татьяна Шатохина.

Октябрь ауданында 343 аула болса, оның 115-і ескіріп, қайта жаңғыртуды қажетсінеді. Әйтсе де, биылғы жоспарға тек 50 аула ғана енген. Аудан әкімі Мейрам Кожуховтың айтуынша, Майқұдықта – 36, Пришахтинскде – 10 және Сұрыптауда — 14 аула жөнделеді.

– Бұл жұмыстар ауданның келбеті мен экологиялық ахуалын ғана жақсартып қоймай, тұрғындарға жайлылық сыйлап, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аулаларды абаттандыру бағдарламасының аясында ықшамаудандарды байланыстыратын жолдарды жөндеу, жарықтандыру жоспарланып отыр, – деді Мейрам Кожухов.

Қала әкімі Нұрлан Әубәкіров жөндеу жұмыстары жүргізілетін аулаларға мердігер компания мен құрылыс жұмыстарының мерзімі көрсетілген ақпарат орналастыруды тапсырды.

– Тұрғындар бұл учаскеде кім жұмыс істеп жатқанын білуі керек. Егер қандай да бір келіспеушіліктер, дау-дамай болса, олар бірден мердігер компанияның басшысына хабарласа алады. Ақпараттық тақтайшалар көрнекті жерлерге ілінсін. Бірнеше жерге орнатылса, тіптен жақсы. Мәселен, Құрылысшылар даңғылының бойындағы жұмыстар екі жылға жоспарланған. Оны қарапайым халық білмейді. Сәйкесінше, біз бір жерді жыл сайын қазып жатқандай боламыз, – деді қала басшысы.

Аппарат жиынында өткен жылдары жөнделген аулалардың жайкүйі туралы сөз болды. Абаттандыру жұмыстары аяқталған аулалардың қазіргі ахуалы қандай?

Қазыбек би ауданының әкімі Татьяна Шатохина ханымның айтуынша, қалада вандализм әрекеттері бой көрсеткен. Тұрмыстық қалдықтарды арнайы контейнерлерге емес, ауладағы қоқыс жәшігіне тастайтын, ойын алаңдарын сындырып, төсемелерді жыртып кететін тұрғындар да бар екен.

Қала әкімі Нұрлан Әубәкіров аудан басшыларына биыл жөндеуден өтетін әр нысанды жеке бақылауына алуды тапсырды. Әсіресе, жөндеу жұмыстарының сапасы мен уақытылы аяқталуына баса мән берілуі қажет. Сонымен қатар, аудан әкімдері абаттандыру жұмыстары аяқталған аулаларға әрі қарай кім жауапты болатынын да осы бастан ойланғаны жөн. Өйткені, кейін вандализм белгілері байқалса, келген шығынды өндіріп алу қажет. Ол үшін абаттандыру жұмысы жүргізілген орындардың техникалық паспорты дайындалып, белгілі бір мекеменің базасына тіркелуі тиіс.