Қарағанды. «ЖасҚазақ». 1974.

«ЖасҚазақ» ұйымы туралы алғаш рет мен Алматыда жүріп естідім. 1971 жылы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ политехникалық институтының есептегіш техникалар факультетіне түстім.

Оқуға бой үйретіп, жан-жағымызға қарағанда елдің оқып жатқан оқуларынан басқа да түрлі шаруаларымен айналысатынын бағамдадық. Біреулер кешкілік жұмыс істесе, енді біреулер қапшықтарын арқалап спорт залдарын бетке алып бара жататын. Енді біреулер би, тағы басқа үйірмелерге қатысады екен. Сол кезде политте «Дос-Мұқасан», «Видикон» ансамбльдері дүрілдеп тұрды. Содан да шығар, біраз елдің аңсары эстрадада екен.

Мұнан басқа институт жанында «Бәйшешек» әдебиет клубы жұмыс істеді.

Менің ыңғайыма осы «Бәйшешек» келетін» еді. Өйткені ауылдың бала ақыны «атағым» бар болатын. Жергілікті басылымдардың штаттан тыс тілшісі деген куәліктерім де бар еді.

Мұнан басқа бұл клубқа менің бала кезден досым Болат Дүйсенбаев та қатысады екен. Ол елде жүрген кезде менен бір сынып жоғары оқыды. Мұнда да ол бір курс жоғары оқыды. Сол кездің өзінде-ақ ол «Кек» деген повесть жазып жүретін. Кейкі батыр жөнінде.

Ондағы жаныма жақын тартқан жігітім Нығымет Ахметов деген керекулік азамат еді. Ол сол тұста үшінші курста оқыды-ау деймін. Екі тілге бірдей жүйрік еді. Екі тілде де өлең жазатын. Мені қызықтырғаны оның ақ өлеңдері еді.

Кейін ол ағамызбен 1973 жылы Алматыда өткен жас ақын-жазушылардың фестивалінде кездестік. «Қазақ әдебиетінде» кездесуге қатысқан бір топ ақын-жазушылардың суреті жарияланды. Сол топтың ішінде Нығмет ағамыз екеуіміз де болдық. Ұмытпасам, соңғы курста оқып жүрді. 1953 жылғы. Кейін хабарсыз кеттік. Туған жеріне оралды деген хабары ғана жеткен.

Ол кезде елдің бәрі Олжас Сүлейменовпен, Мұрат Әуезовпен «ауыратын». Ол екі ағамыздың алдында Роберт Рождественский, Евгений Евтушенко және басқалары тұрды. Ал, политехымыз болса Андрей Вознесенскиймен жаппай «ауырды».

 Болат досым да арнау өлеңдер жазатын. Политехникалық. Күйдім-сүйдім деген сынды. Ондай ақындарды темір ақын, термин ақын деуші едік.

«Жас тұлпар» жөнінде осында жүріп естідім.

Бұл жағынан бізден гөрі Болат жүйрік еді. Өйткені, Болаттың ағасы Бақыт та осында оқыды. Бұл ағамыз да қаншыл, барынша ұлтшыл азамат болды. Бақыт ағамыз кезінде Ақшатау кен-байыту комбинатының автотранспорт цехын басқарды. Ел «партбилетін Ельциннен кейін тапсырған азамат» деп отырады. Онысы рас еді. Әйтеуір сол кездегі Ақадыр ауданын шулатып жататын. Партиялық форумдарға барғанда қияс сөйлейтін.

Кейін білсем, оның негізі де бар екен. Бұл кісілердің нағашысы Төлеубек Тұрысбекұлы – Шет ауданының Ақшатау ауылының тумасы. Заманында Токаревка ауылшаруашылығы училищесін бітірген екен. Біраз уақыт елде шатауат болады. Кейіндеу Ақшатау совхозының машина ауласының меңгерушісі, бригадир болып істейді. Бұл жерде айтайын деп тұрғаным осы Төлеубек ағамыз екінші толқындағы «ЕСЕП» партиясының мүшесі. Кейінге дейін үш әріптің есебінде тұрды.

Төлеубек ағамыз отыз тоғызыншы жылғы. Ол кісімен бетпе-бет сырласқанбыз. Айтарға ғана әңгіме айтты. Одан кейін де талай кездестік. Сол бұрынғысынан таймады. «Алдымдағы бір адамды, артымдағы екі адамды білдім» дейтін.

Ақшатаудың пошта жәшігінен жанжаққа жөнелтілген хаттар жөнінде біраз әңгіме біледі екен. Соған қарап ағамыздың да бұған бір қатысы болды-ау деп ойлаймын.

– Бар әңгімені 2012 жылы айтамын, – деп отырушы еді. Неге дегендей сұраулы жүзбен қарамаймын ба?!

 – Елу жыл бойы айтпаймын деп қолхат бергенмін, – дейтін.

Айтпай кетті. Төтеннен келген ажал 2004 жылы алпыс бес жасында алып кетті. Өкінішті, әрине… Бір сегіз жыл аман тұрғанда бәрін айтар да ма еді…

Бақыт пен Болат ағаларымның алдында, осылайша, Төлеубек ағамыз тұрған болатын. Сондықтан олардың «ЕСЕП» болулары да әбден заңды еді.

Менің жазушы болсам деген арманым 1973 жылы Қарағанды мемлекеттік университетіне алып келді. Осындағы филология факультетінде оқыдым.

Оралхан ағам жаратқан «Керат» деген әңгімемді осында жүріп жаздым. Осында жүріп «Жалын» альманахына шықтым. Осында жүріп «Араның» сыйлығын алдым. Қиястанып ақ өлең жаздым.

1974 жылы Қарағандыға Болат келді. Оқуға жаңа кіргенбіз. Біздің №2 жатақханада үш күн болды. Қарағандының сол кездегі мүшкіл хәлін әңгіме арқауы еттік. Содан бұлай болмайды дедік. Баяғы «Не істеу керек?» және «Кім кінәлі?» сауалдарына байландық та қалдық.

Кейінгі сауалдың жауабын соқыр түйсікпен білетін сындымыз. Ал алғашқы сауалға жауап беруіміз керек еді.

Содан біз тұрып жатқан №529 бөлмеге елін сүйетін, жерін сүйетін жастардың басын қосуға бел шештік. Жиынымызды Болат ашты, әрине.

 Оның алдында мен сөйледім. Жиналғандарға Болат досымды таныстырдым. Партия құру, ұйым құру жөнінде сөз қозғамадық.

Жиынымызға біраз ел жиналды. Болашақ заңгерлеріміз де, қаржыгерлеріміз де, математиктеріміз де, тарихшыларымыз да қасымыздан табылды. Қарағандының жайын, қазақ тілінің мүшкіл хәлін әңгімемізге өзек қылдық. Іргеміздегі Абай қаласындағы Абай ескерткішін қорашсындық. Алып ескерткіш орнатсақ деп түкіріндік. Қаражат көзін де өзімізше «таптық». Жазғы еңбек семестрінен түскен нәпақамыздан қарасамыз дестік. Автобус, трамвай, троллейбус маңдайшасындағы орыс жазуларының қазақшасын жазсақ дедік.

Біздің факультетіміздің жанынан ашылған «Балауса» деген әдебиет клубы болды. Соның бар мүшесі қатысты-ау деймін. Сол «Балаусаның» жанынан «ЖасТүрік, «ЖасАлаш», «ЖасҰлан», болмаса «ЖасҚазақ» ұйымын құрайық дестік. Ақыры «ЖасҚазаққа» тоқтадық. Болаттың ұсынысымен жас қазақ сөзін біріктіріп жазайық, қазақ сөзін үлкен әріппен жазайық дедік. Бұрынғы «ЖасҚАЗАҚ»-тан айырымымыз болсын деп. Сонымен «ЖасҚазақты» құрдық. Төрағалыққа мені сайлады. Бірақ, ешқандай да Жарғы, Бағдарлама қабылдамадық.

«ЕСЕП» партиясын ауызға да алмадық.

Ертеңінде тағы да гулестік. Өлең оқыстық. Қарағандының сол кезде есімдері шығып тұрған ақындары Тортай Сәдуақасов, Нұрғали Ибрайымов, Жандос Смағұлов, Ғазиз Әлин және басқа да жігіттер жырдан гүл шоқтарын түздік. Ғазизден басқасының бәрі де филологтер болатын. Бұл жолы да артық сөзге барыспадық. Тағы да сол – Қарағандыны қайтып қазақыландырамыз деген сауалымызға жауап іздестік.

Үшінші күнінде ұстады. Қолымызды қайырған жоқ. Мылтық кезенген жоқ. Түсіністікпен тараған сынды едік. Менен Болатты сұрады. Мен оның қай үйге тоқтағанын біле тұра айтпадым, әрине. Бірақ оған хабарлап үлгердім. Ол Мәскеуге қашып кетті. Одан әрі азаматтық борышын өтеуге аттанды білем. Одан кейін Болат екеуіміз он бес жылдан кейін ғана кездестік. Ол үйленгенде мен бара алмадым, мен үйленгенде тойыма ол да келген жоқ. Елге жұмбақ болған бұл жайдың онша құпиялығы да жоқ еді. Біздер жақсы күнде кездесуге серт берген едік. Сол жақсы күн «Азат» партиясын құрумен тұспа-тұс келді. Содан кейін жұбымызды жазбадық десек те болады. 1994 жылғы алғашқы баламалы сайлауда Жезқазған облыстық мәслихатына депутаттыққа №17 Ақшатау округінен мен түстім. Менен басқа тағы да жеті адам түскен еді. Соның жуан ішінде Болат та жүрді. Соңынан Болат өзінің кандидатурасын алып, №18 Ақсу-Аюлы округінен түскен еді. Не керек депутаттыққа екеуіміз де өттік.

Әңгімемізге қайтып оралайық. Күнде мені айналдырады. Айтбай Нәрешев ұстазымды күйелемек ниеттері болды. Мен ол кісінің есімін аузыма да алмадым. Махмет Темірді де қараламақ ниеттері болды. Неге Махмет? Оны әлі күнге дейін түсіндіре алмаймын. Әйтпесе, жөні менен нағыз «ЕСЕПші» жерлес ағаларым Зейнолла Игіліков пен Кәмел Жүністегі туралы сыр тартса керек еді.

Олардың тағы бір сұраған адамы Төлеуғазы Әбжан ағамыз еді. Ол кісі де ұстазымыз болатын. Барынша патриот адам еді. Мен білсем, ол кісі тек мақтауға ғана тұратын жан еді.

 Қош, сонымен менімен айналысушылар саны көбейе түсті. Жүріп-жүріп үш әріптің жертөлесіне қамап тастады. Онда да сол айналдырып келіп, сұрай береді.

– Бағдарлама қабылдадыңдар ма?

 – Жарғы қабылдадыңдар ма?

– Сендерді бұған кім үгіттеді?..

Мен ойлаушы едім. Менің жертөледе жатқанымды ешкім де біле қоймайтын шығар деп. Жоқ, оным бекер екен.

Ұлы Жеңістің 60 жылдығы құрметіне Өспен ауылында Жеңіс саябағы ашылатын болды. Ол кезде облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде істейтінмін. Іссапармен Өспенге бардым. Ұйымдастырушысы сол кездегі Абай ауданының әкімі Тұрар Алтынбеков ағамыз еді. Дастарқан басында біраз жігіт отырғанбыз. Облыстық сот төрағасының орынбасары Моряк Шегенов, Ұлттық банктің облыстық филиалының басшысы Мағауия Көшімбаев, Қарағанды мемлекеттік университетінің проректоры Салауат Кентбеков және басқа да ел азаматтары отырды. Әңгіме үстінде Салауат пен Мағауия тосын әңгіме айтсын.

– Сіз «үш әріптің» жертөлесінде жатқанда біз «передача» апарып едік. Қолымызды қойып тұрып тапсырып едік. Сол қолыңызға тиді ме? – деп. Отырғандардың көзі атыздай болсын.

– Бұл не әңгіме? – деп.

Тергеуші жігіт онша кексе жастағы емес еді. Әлде есімі – Абай, әлде текесімі – Абаев. Маған жақсы қарады.

Сол азаматты Рымқұл Сүлейменов ағамыз жақсы біледі екен. Маған шапағаты тиген ағамыз осы кісі болды. Кейінде Рымқұл ағамыз екеуіміз Ақадыр аудандық газетінде бірге жұмыс істедік. Ағамыз редактор да мен орынбасары болдым.

 Сол басылымда редактор болып қалуыма да ықпал еткен осы Рымқұл ағам. Өзі тұрған үйді де маған алып беруге ықпал жасаған Рахаң.

Тағы бір шапағаты тиген адам Мұрат Смағұлов ағамыз еді. Бұл әңгімені сол кездегі оқытушы Жеңіс Серғазин, филология факультетінің деканы Задан Жұмағалиев те жақсы білді. Олардың барлығы да менен жақсылап құтылуды – арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін шешімге жетуді ойлады деп білем. Өйткені, біздің шаруамыз ұшынғандай болса, олардың шаруасы да онша келісе қоймайтын еді.

Мұрат ағам заманында Ақшатау шахтасында істеген адам. Дәрі қопарушы әкемнің көмекшісі болған. Сондықтан да ол ағама қатты сендім. Оның үстіне аталас адам еді. Бірақ, оқуға түсуіме ол кісінің емес Задан ағамның қатысы болды. Сол кісілердің ағалық ақылы арқылы осы күніме жетіп отырмын деп ойлаймын. Мұрат ағам:

 – Оқудан кет, бір жылдан кейін қайтып орнықтырамыз, – деді.

Мұның қиыны – мен өз еркіммен кете алмайды екенмін. Ақыры сабақ босатты деп оқудан шығарды. Оның алдында комсомол қатарынан шығарды.

Ал мен жоғары шәкіртақымен оқушы едім.

Елден әкемнің інісі Қасымжан ағатайымды шақыртты. Сөйтіп, мен елге қайттым. Түк болмағандай. Шахтаға түстім. Қара жұмыс істедім.

Келесі жылы айтқандағыдай оқуыма қайтып келдім. Бірақ қабылдамады. Сонымен шахта жұмысын істеп жаттым. Содан менің бағыма қарай біздің кеніштің басшылығына Еслам Бөкетов келсін. Бұл кісі біздің ректорымыз, атақты академик Евней аға Бөкетовтың туған бауыры болады. Бұл кісі де ағасына тартқан көшелі адам еді. Тағы бір жыл өтіп, осы ағамыз қағаздарымды қатырып берді. «К Букетову от Букетова» деген қағаз оңай емес еді. Оқуыма бірден кірдім. «Комсомолда барсың ба, жоқсың ба?» деген әңгіме жайына қалды…

Сөйтіп, оқуымды бітіріп алдым. Бірақ, комсомолымды орнықтыра алмадым. Кейін оның өзі жұмысымда өсуіме үлкен кедергі болды. Партия қатарына өте алмай қойдым. Қайда барсам да, алдымнан «комсомол қатарынан неге шықтың?» деген сауал тұрды.

Қысқаша қайырғанда біздің «ЖасҚазақтың» тарихы осындай.

Болат ағам Дүйсенбаев облыстық деңгейдегі үлкен қызметтерде болды. «Ертіс-Қарағанды» каналына басшылық жасағанын айтсам да болар. Бірінші шақырылған Жезқазған және Қарағанды облыстық мәслихаттарының депутаты болды. 2009 жылы бақилыққа озды.

Бөлмелес бауырларым Нұрмұхан Жүнісов пен Қанат Сәдуақасов та белсенділер қатарын толтырған. Кейінде екеуі де ұлағатты ұстаздар болды. Нұрмұхан бауырымыз бүгінде Кереку қаласында аман-сау жүріп жатыр. Шығармашылықпен айналысады. Ал Қанат бауырымыз бақилыққа озған.

«ЖасҚазақтан» кімнің қандай жапа шеккенін айта алмаймын. Білетінім Ғазиз Әлин оқудан шығып қалды. Кейін орнықтырды. Лауазымды қызметтерде болды. Негізі жақсы ақын еді. Оның өлеңдерін Оралхан Бөкей ағамның өзі жаратып еді. Оның да оқудан шығып қалуына осы «ЖасҚазақ» себеп болды ма деп ойлаймын. Кейінде Ғазиз бауырым «Азат» азаматтық қозғалысының Жезқазған облыстық филиалының басшылығында болды.

Тағы бір белсенді мүшеміз Тілеубай Кәріпбаев дәрежелі қызметтерде болды. Шет ауданы әкімінің орынбасары болды. Бұл күнде облысымыздың іскер азаматтарының бірі.

Біраз жігіттермен хабарласып едім, олар аты-жөндерінің қағазға түскенін құп көрмеді. Оқудан шығып қалса да. Өйткені, олар әлі де мемлекеттік қызметтерде жүріп жатыр.

Ал кейін белгілі болғандай, бізді ұстап берген өзіміздің белсендіміз Ғалымжан Жұмақасов деген ағамыз екен. Сол кезде ол да біздің филфакта оқыды. Кейін менің Ғалымжан ағаммен әріптес болуыма тура келді. Ақадыр аудандық «Ақадыр таңы» газетінде ол жауапты хатшы, мен бөлім меңгерушісі болып істедім. Әлді жорналшы болды. Кейін Ақадыр аудандық баспаханасына, өрт сөндіру мекемесіне басшылық жасады.

Ұстап беру себебін сұрамадым емес, сұрадым.

– Әдейі істегенім жоқ. Жағдай солай болды… – деді.

Бұл жөнінде бүгін де ойланып қоям. Бәлкім, ағамыз «салпаңқұлақ» болған болар деп…

Бір кездері ол да барынша жауапкершілікті қызмет еді ғой…

Осыдан қырық бес жыл бұрын мен де ешкімге тіс жармаймын деп қолхат бергем.

Ол мерзімге көп уақыт қалған жоқ. Қалғанын сонда айтармыз.

Бұл мақала жазылар ма еді, жазылмас па еді. Қазақтың тағы бір ұлтсүйгіш ұланы Арман Қани бауырымыз қолқа салсын. Бұл бауырымыз – Керекудегі «Жасұлан» ұйымын құрушылардың бірі.

Қолқасы орынды-ау, алайда ол күндер туралы жазу оңай болмады. Бұл өзі бір өте нәзік нәрсе ғой. Біреудің шамына тиіп алмайық деп, барынша тігісін жатқызып жазған мақаламыз осы болды.

Енді сөз соңында сол 1974 жылы үш әріптің жертөлесінде отырып жазған «Жертөледе жатырмын» деген өлеңімді ұсынамын.

Өмір жатыр мен сүрген,

Жиырмадан аспаған.

Тең жарымын дәл соның,

Жасағандай басқа адам.

Оқырмандар жыр күтсе,

Шығар жерден діттеген.

Өлең жатыр басталған,

Аяғы оның бітпеген.

Күндерім бар босқа өткен,

Сылтау айтып қайтемін.

Күндерім-ау, терлеген,

Қорғаушым боп айт емін.

Қарсы жүздім, өкінбен,

Өмір деген ағысқа.

Жертөледе жатырмын,

Жығылам деп намысқа.

Отырамын көз ілмей,

Әлдеқашан батқан Ай.

Әлдекімдер төбемнен,

Құй қазып бір жатқандай.

Сырттан келер хабар жоқ,

Не әкелер келер күн?

Өз өзіммен серттестім,

Деп биігімде өлермін.

Өмір жатыр алдымда,

Мен әлі аяқ баспаған.

Тең жарымын оның да,

Сүрмесе екен басқа адам.

Бұл өлеңім «Жалын» альманахында 1974 жылғы санында «Сыр» деген атпен барынша қысқарып басылды. Сол қысқарған шумақтарды орнықтырған түрім осы.

 

Төрехан МАЙБАС,
жазушы