Руханият

Қарағанды Қойлыбайын құрметтеді

Ақын, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның мәдениет қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанов 60 жасқа толды. Ақынның тойы Қарағанды шаһарында дүркіреп өтті. Қадірлі қаламгер Кеншілер мәдениет сарайының төрінде оқырманына есеп берді. Еліміздің түпкір-түпкірінен жақсы мен жайсаң келіп, мерейтой иесінің иығына шапандарын жапты, құрметтерін көрсетті.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Мерейтойлық кеш «Ақзер дүние – аққу жыр» деп аталды. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ұлағатты ұстазы Азат Бабаш тізгіндеді. Ақын, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «Amanat» партия­сының төрағасы Ерлан Қошановтың сәлемін жеткізді. «Құрметті Қойлыбай Дәулетханұлы, асқаралы 60 жастың асуын бағындырған мерейлі тойыңыз құтты болсын! Бабалардың аманатын арқалаған Арқадағы ақиық азаматтардың бірісіз. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарында ақындар айтысының аламанын қыздырып, жыр байрағын желбіреткеніңіз ел есінде. Ғалым ретінде де табанды ізденістеріңіз бен зерделі зерттеулеріңіз арқылы отандық ғылымға зор үлес қостыңыз. Қаламыңыз­дан туған «Құба таң – құлын дүние», «Қойлыбайдың қобызы», «Жылымық жылдың жаңғырығы», «Аңыздың соңы ақжауын» кітаптарыңыз арқылы қаламгерлік қарымыңызды таныта білдіңіз. Осылайша, алпыстың асқарына зор абыроймен шықтыңыз. Ұлт руханиятына әлі де тынбай еңбек етіп, халық ықыласына бөлене беріңіз! Деніңізге саулық, отбасыңызға бақыт, шығармашылық еңбегіңізге толағай табыс тілеймін!» делінген құттықтау хатында. Сөз барысында Аманжол Әлтаев «Қойлыбай Асанов – мені айтысқа үкілеп қосқан қадірлі ағам» деп атап өтті. Мерейтой иесінің иығына шапанын жапты. Содан кейін облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков аймақ басшысының құттықтауын оқып берді. Жеткен құттықтаулар мен мерейтой иесінің иығына жабылған шапан көп. Ел ағаларының қарасы қалың болды бұл кеште. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің де сәлемі жетті. Іле-шала мемлекеттік тапсырыс аясында жарық көрген Қойлыбай ақынның «Сарша тамыз – сары жел» атты жыр жинағының тұсауы кесілді. Сонымен қатар, «Бозторғай өлең, боз дала» атты мерейтойлық жинақ та оқырманға таныстырылды. «Аңсау» деген Қойлыбай Асановтың өлеңдеріне жазылған әндер жинақталған дискі де тыңдарманға жол тартты. Тұсау­кесер рәсіміне Алаштың аяулы ақыны, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсаұңқарұлы бастаған зиялылар қатысты.

Ақынның туған топырағы Жаңаарқа ауданынан да бір қауым ел келді. Аудан әкімінің орынбасары Алмаз Әбдіғожин де құттықтады.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің басқарма төрағасы, заң ғылымдарының докторы Нұрлан Дулатбеков болса, мерейтой иесінің кеудесіне «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты. Бұл – Қазақстан Респуб­ликасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен жеткен марапат.

Кеште Қойлыбай Асановтың өлеңдеріне жазылған әндер орындалды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші, сазгер Дәуренбек Әркенов екеуі шығармашылық байланыста талай жауһарды жарыққа шығарған. Солардың бірі һәм бірегейі – «Арқаның алтын аймағы». Әнді бүгінде талантымен елді мойындата білген дарынды әнші Медет Осатаев шырқады. Қойлыбай Асановтың өлеңдері әнге сұранып тұратынын атап өткен жөн. Жырларынан Арқа жазығының самалы есетіндей. Бұны біз емес, шын өлеңді таныған өрелі оқырман мойындағалы қашан?!

Қойлыбай Асановтың айтыстағы шәкірті, талантты айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Мақсат Ақанов ағасына арнауын айтты. Ақын жырына ел ағасына айналған мерейтой иесінің қадір-қасиетін, еңбегін, тұлғасын арқау етіпті.

Сәкен театрының актерлері Қойлыбай Асановтың «Мен Арлы ғұнның баласы», «Сары жел», «Біз қазақ осындай ел едік» өлеңдерін оқыды.

Жалпы, Қойлыбай Асановтың мерейтойы Арқа төрінде басталғалы біраз болды. Әлеуметтік желідегі қалың оқырманның ыстық ықыласынан бөлек, ұстаз Қойлыбайдың шәкірттері телеарналар мен газет беттерінде лебіздерін білдірген-ді. Қадірлі ақынға газетіміз де айқарма арнаған. Шәкірттерінің ұлағатты ұстазы турасында жазған мақалаларында есеп жоқ. Бәрін газет бетіне бере алмадық. Осы сәтті пайдаланып, шәкірттерінің бірі, әріптесіміз Жансая Амантайдың да ұстаз жайлы толғанған бір ауыз сөзін осында келтіруді жөн көрдік. «Шаранасына шық қонған, сарымсағынан сүт тамған Сары даланың сарыбауыр Сүлікқарасының бірі – Қойлыбай Асанов ағам. Бұлай деп атына атыраптың атағын қосуымның себебі – бұл кісі өзі болған азамат. Еңбегі мен парасаттылығының арқасында кешегі қойшы баладан қазіргі Қойлыбай Асанов дәрежесіне жеткен жанпоз жан. Расында, Қойлыбай ағама аса бір мақтаудың да керегі шамалы екенін білеміз. Абырой асқарын алып, дүние дүрмегінде дүр екенін дәлелдеп қойғалы қашан?! Десек те, көмбені көлденең қиған жүйрік те қиқу мен қошеметті сүймей ме?! «Жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасыту» ол да бір інілік ілтипаттың белгісі секілді» депті ұстаз Қойлыбайдың шәкірті.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button