Облыс бюджеті қай салаларға қайта бөлінді?

Қарағанды облысында 2022 жылға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізілді. Ақша әлеуметтік салаға және экономиканың нақты секторын дамытуға бағытталды. Бюджеттің басқа салаларға бөлінуіне байланысты қаражатты облыстық мәслихат депутаттары кезектен тыс өткізілген XX сессияда бекітті.

Қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина білім беру бойынша мектепке дейінгі ұйымдарда жан басына шаққандағы қаржыландыруға, облыс мектептеріндегі 1-4 сынып оқушыларына арналған тамақтануға шығындар қарастырылғанын атап өтті. Сонымен қатар, патронат тәрбиешілер мен қамқоршыларға жәрдемақы төленеді.

Аймақта чемпиондар көбейіп, үздік спортшылар мен жаттықтырушыларды марапаттау үшін ақша қосылды.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек экономиканың нақты секторын дамытуға баса назар аударылғанын атап өтті.

— Өте маңызды мәселелер шешілуде. Қаражат облыс ішіндегі әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялауға бағытталған. АӨК субъектілеріне пестицидтерді сатып алу және инвестициялық салымдар кезінде шығыстардың бір бөлігін өтеу субсидияланады. Саран қаласында РТИ ауданындағы үйді қайта жөндеуді аяқтау қаржыландырылды.