Аймақ

Қарағанды облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 32 ауыл дамитын болады

Қарағанды облысында «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасына биыл 32 ауыл қатысады. 33 әлеуметтік маңызы бар жоба іске асырылатын болады, оның ішінде 22 елдімекенде жолдар жөнделеді.

Аппараттық кеңесте «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру туралы экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаева баяндады.

Өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» бойынша 60 мыңға жуық адам тұратын 21 ауыл мен кент жақсартылған болатын. Тұрғындар үшін жаңа спорт нысандары салынып, мектептер мен интернаттар, мәдени орталықтар жөнделді. Сондай-ақ жолдар ретке келтірілуде.

Бұл жұмыс белсенді түрде жалғасатын болады.

– Биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен 43 924 адам тұратын 32 ауылдық елдімекенді қамту жоспарлануда, – деп атап өтті Татьяна Аблаева. – Бұқар Жырау ауданы Гагаринское ауылындағы мектепке қосымша құрылыс жалғасады. Екі денешынықтыру-сауықтыру кешені салынуда – Бұқар Жырау ауданының Ғ.Мұстафин атындағы кентінде және Абай ауданының Топар кентінде.

Осакаров ауданы Ақбұлақ ауылындағы орта мектеп қайта жаңартылады. Осакаров ауданы Батпақ, Садовое, Озерное, Шет ауданына қарасты Мойынты және Босаға ауылдарында бес мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары басталады.

Абай, Осакаров, Нұра және Бұқар Жырау аудандарының 22 елдімекенінде 134 шақырым кентішілік жолдарды жөндеу жоспарлануда.

– Бір ауылдық елдімекен–бір жыл деген қағиданы ұстану қажет. Біз бір ауылға кіріп, бәрін шешіп, қайта оралмағанымыз абзал, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. – Аудан әкімдері «Ауыл– Ел бесігі» жобасы аясында ауылдарды кешенді дамыту жоспарларын дайындасын. Барлық конкурстық рәсімдерден уақтылы өтіп, жобаларды іске асыруға кірісу қажет.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Back to top button