Бас тақырып

«Қарағанды кәмпиттері» қайта оралады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекет отандық өнімді қорғауы қажет» деді Қазақстан халқына Жолдауында. Сонымен бірге, Президент тапсыр­масымен экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайт­пау міндет етіп алынды. Кей әкімдер мен министрлердің инвестор тартуда атсалыспайтыны да сыналған. Сондықтан да, Үкіметке инвестор тартуды реттеу ісін жүктеген Мемлекет басшысы. Қазір бұл бағытта жұмыстар жүріп жатқаны мәлім. Ал, Қарағанды аймағы инвесторлармен жұмыста Президент айтқан «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасына сүйенеді. «Жасыл дәліз» қағидасы да назарда.
Осының негізінде Аустрия, Швецария компаниялары аты мәшһүр «Қарағанды кәмпиттері» кондитерлік фабрикасына акционер болады деген жоспар бар. Яғни, фабриканы жақын уақытта қайта іске қосу көзделуде. Бұл үшін 200 миллион доллардан астам инвестиция қажет.

Коллажды жасаған Айбек Рақымжан

– Қазір көптеген елдер ішкі нарықты қорғау шараларын белсенді қолданады. Дамыған мемлекеттердің өзі протекционистік өнеркәсіп саясатына көшті. Дүние­жүзілік сауда ұйымының бағалауынша, біздің елдегі ішкі нарықты қорғау деңгейі төмен, небәрі 128 тарифтік емес шара. Сондықтан біз сауда-саттық саясатында жаңа әрі батыл қадам жасауымыз керек. Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл – біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында.

Отандық өнімнің тарихи тұрғыдағы үздік брендтерінің бірі болған «Қарағанды кәмпиттері» фабрикасының ендігі тағдыры қандай болмақ? Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңір журналистерімен кездесуінде 10 жыл бұрын жабылған кондитерлік фабриканың қайта іске қосылатынын хабарлады. Оның айтуынша, фабрика толықтай жаңадан салынбақ.

– Біз акционерлермен сөйлестік. Бүгінде қаланың Пришахтинск деп аталатын бөлігінде 20 гектардан астам жерді белгілеуді көздеп отырмыз. Бір айдың ішінде бұл мәселелерді шешеміз. Осылайша қаланың ірі жобаларының бірі болмақ. Акционердің жеке қаражаты мен несиелік қаражат салынады, – деп хабарлады облыс әкімі.

Жобаның жалпы құны шамамен 200 миллион АҚШ долларын құрайды. Фабрика ғимараты қайта салынып, өндіріс заманауи технологиялармен жабдықталады. Оған Аустрия мен Швейцария компанияларының қатысуы жоспарлануда.

Акционерлер экспортқа ерекше көңіл бөлмек. Негізгі өнімдерді Біріккен Араб Әмірліктеріне жеткізу жоспарланып отыр.

Бұған дейін қазақстандық компания­лардың шоколад пен кондитерлік өнімдерге сұраныстың 47,2%-ын қамтамасыз еткені хабарланған еді. Аталған жоталы жоба Қарағандының өндірістік әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, өңір экономикасына тың серпін бермек. Заманауи технологиялармен жабдықталған фабрика ішкі нарықты сапалы өніммен қамтып, қазақстандық кондитерлік брендтің шетелге танылуына ықпал етеді. Экспорттық бағыттың кеңеюі отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, еліміздің азықтүлік өнеркәсібінде маңызды орын алуына жол ашпақ. Осылайша, қайта жаңғырған «Қарағанды кәмпиттері» фабрикасы «тәтті» дәстүрді сақтап қана қоймай, оны жаңа деңгейге көтеруді көздейді.

Бұл берекелі бастама – ұлттық өндірісті қолдап, ел экономикасын нығайту жолындағы маңызды қадам. «Қарағанды кәмпиттері» фабрикасының қайта жандануы – тек тәтті өнімдер өндірісінің ғана емес, мыңдаған жұмыс орнының қайта ашылуы, жергілікті кәсіпкерліктің дамуы, өңірлік экономиканың жандана түсуі деген сөз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, отандық өндірісті қорғау – жаһандану дәуірінде экономикалық тәуелсіздікті сақтаудың кепілі. Ұлттық брендті жандандырып, отандық өнімді тұтынуды арттыру – елдің болашағына салынған инвестиция. Бұл тек бір кәсіпорынның емес, Қазақстанның өндірістік әлеуетінің қайта өрлеуінің айшықты нышаны болмақ.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button