Бас тақырып

«Қарағанды-Балқаш»: күрежол ашылды

Құрылысы 2019 жылы басталған «Қарағанды-Балқаш» тасжолының төрт жолағы толығымен ашылды. Жолды тапсыру салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжанов, «Қаз­АвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Дархан Иманашев, Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев, Балқаш қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тайтөлеу Жұманов және жол салушы мердігерлер қатысты.

Сурет автордан

Алғашқы болып сөз алған «Қаз­АвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Басқармасының төрағасы Дархан Иманашев «Қарағанды-Балқаш» күре жолының төрт жолағы толығымен ашылғандығын мәлімдеді.

– Қарағанды қаласынан Балқаш қаласына дейінгі аралықта жаңа асфальт төселіп, төрт жолақты жол толығымен ашылды. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тосқауыл қоршауы орнатылды. Автожолға 400 мың тонна асфальт төселді. «Қарағанды-Балқаш» күре жолының жалпы ұзындығы – 363 шақырым. Күре жол I санатқа ие және төрт жолақтан тұрады. Қайта құру жұмыстары аясында 11 көпір, ауыл шаруашылығы техникасы өтетін 32 жол өткелі, көлік айрығы және теміржол өткелінің құрылысы толығымен аяқталды. Жалпы, «Орталық-Оңтүстік» дәлізіне жататын республикалық маңызы бар «Астана-Алматы» күре жолының ұзындығы – 946 шақырым. 4 жолақты сапалы жолдың ашылуы жол апатының орын алуын тоқтатады. Келесі жылдан бастап, ақылы жол жүйесі іске қосылады, – деді Дархан Иманашев.

Сонымен қатар, Дархан Серікұлы 288 шақырымды алып жатқан 4 жолақты «Балқаш-Буырылбайтал» жолы 10 күн ішінде ашылатындығын жеткізді. Сондай-ақ, Үкімет елдегі 5 мың шақырым автожолды жаңғыртуға Қазақстанның даму банкінен 1 млрд долларға жуық несие алғандығы, қаржы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға тиісті келісім шеңберінде бөлінетіндігін атады. Бұл шараларды 2024-2027 жылдар аралығында іске асыру жоспарланып отырған көрінеді.

– Бұл жол біздің Қарағанды үшін емес, барлық елімізге маңыз­ды жол деп айтуға болады. Көптен күткен «Қарағанды-Балқаш» арасындағы жол торабы пайдалануға беріліп отыр. Жолдың жақсаруы еліміздің экономикасының одан әрі өсуіне үлесін қосады. Осы жыл облыс бойынша 1032 шақырым жол жөндеуден өтті. Осы жолдардың барлығы елдің игілігіне тапсырылды. Осы орайда «Қарағанды-Балқаш» жол торабына үлкен үлесін қосқан «Қаз­АвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Дархан Серікұлы бастаған ұжымға, мердігер компанияға алғыс білдіремін, – деді Азамат Тайжанов.

Сонымен қатар, Балқаш қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тайтөлеу Жұманов ақ батасын беріп, біржақты жүру жолының белгісін салтанатты түрде ашты. Енді, осы тұстан өтетін қалаға кірмейтін көліктер, сондай-ақ, жүк көліктері Балқаш қаласының бағдаршамдарында кідірмей, айналып өтетін болады.

Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button