Басты тақырып

Ар

Ақпанның ақтүтек бораны басылып, аяздың беті қайтқан күн болатын. Осы бейсенбі. Түс ауған шақ. Биік үйлер бой түзеген Сәбит Мұқанов көшесінде күнөстеп, көлік күтіп тұрғам. Олай-былай өткен тұрғындар көп. Қазақтың қара домалақ баласы назар аудартты. Қолында жасыл қағазы бар. Әркімге барып бірдеңе сұрайды. Біреудің мекен-жайын іздеп жүр-ау деп ойладым. Ақыры маған келді.

Ата, мына ақшаны сіз түсіріп алған жоқсыз ба? – деп уысындағы тұтас екі мың теңгені көрсетті.

Баланың неге әркімнің шаужайына жармасып, сұрау салып жүргенін ұқтым. Ойыма мұсылман дініндегі бір тәмсіл оралды. Айдалада бір пақыр бір дорба алтын тауып алып, не істерін білмейді. Алса, ұрлық, алмаса, көзі қимайды. Пайғамбарымызға келіп, ақыл сұрайды: «Мұндайда жо­ғалған зат кімдікі деп үш рет ай­ғайлап сұра. Иесі шықпаса, зат сенікі. Бұл ұрлыққа жатпайды. Арың таза» деген екен Алланың елшісі.

Айналайын, бірталай адамнан сұрадың. Байқап тұрмын. Ешқайсысы «менікі» деген жоқ. Алла бәрін көріп тұр. Арың таза. Өзің ала ғой, – деп қатты разыландым.

Шамасы 5-6 сыныпта оқитын болу керек, қара домалақ баланың пәк жүзі нұрланып сала берді. Аты-жөнін сұрап үлгермедім. Үйіне қарай құстай ұшты.

Қазақта «Малым жанымның садағасы, жаным арымның сада­ғасы» деген толғанған адамға ой салатын сөз бар. Бүгінгі тірлікке қарасаң арлы адамдар азайып бара жатқан сияқты. Далада иесіз қалған дүние түгілі қорасындағы малын, басындағы баспанасын, күн көріп отырған кәсібін талтүсте тартып алатындар көбейіп барады. Һәкім Абай бұлар туралы «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» деген өлеңінің түйінінде былай дейді:

«Мал жиып арамдықпен ұрлап-қарлап,

Қусың десе, қуанып жүр алшаңдап.

Қақса-соқса, бір пайда түсе ме деп,

Елдің бойын еліртіп «жау мұндалап».

Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап –

Бұларды керек қылмас ешкім қалап.

Терең ой, терең ғылым іздемейді,

Өтірік пен өсекті жүндей сабап»

Баланың бойынан ынсап, ұят, арды көрдім. Көрдім де көңілім толды. Әкесінің қанымен, анасының ақ сүтімен келетін тәрбие – бұл. Әрине, мектептегі ұстаздары да қара жаяу болмаса керек. Балаға Абай атасының атап айтқан алты нәрсесінен үшеуі қонған. Ол – ынсап, ұят, ар. Ал, намыс, сабыр, талап өскен сайын даритыны күмәнсіз.

Қазақ көгіне өрмелеп шығып, күн болатын (Сұлтанмахмұт) осындай қара домалақтарымыз көктей қауласа ғой, шіркін!!!

Мағауия СЕМБАЙ

Басқа материалдар

3 пікір

  1. Қоғамның дертін дөп басқан екенсіз. Жалпы, Сіздің “Ой-тамызық” айдарымен берілетін мақалаларыңызды жібермей оқып жүрмін. Нағыз тамыршының тәмсілі! Ризамын. жаза беріңіз, жасай беріңіз!

  2. Әй, Мағау інім! Жақсы нәрсені байқаған екенсің. Жақсының көзі де, көзі де мейірімді ғой қашанда. Осы жазбаңыз арқылы дінге жақындығыңыз байқадым. Сізде мейірімге кең адамның мұндай дүние тумасына қоймайды. Кіші қажылыққа Түркістанға барып қайтыңыз. Шапағатыңыз артып, жүзіңіз нұрланады!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button