Қарқаралы

Қар суының сарсаңы

    Қыста молынан түскен қар күн жылына аудан халқын әбігерге салуда. Оның үстіне аптаның басында екі күн толассыз жаңбыр жауды. Салдарынан өңірдегі бірнеше елдімекен тасқын судың зардабын тартуда.

Бүгінде даладан келген қар суы Нұркен ауылындағы 9 үйді басты. Бір қуанары, дер кезінде құтқару күштері жұмылдырылып, 31 адам мен мал қауіпсіз жерге көшірілді.

Тиісті шаралар барысында аудандық маңыздағы Нұркен – Жаңатоған бағытындағы күрежол арнайы техникамен бұзылып, қар суы өткізілді.

Сондай-ақ, Ақбай-Қызылбай бөлімшесі мен Балқантау ауылына кіреберіс­тегі автожолды бір жерден, Қарқаралы – Қ.Аманжолов бағытындағы жолды үш жерден, Бақты – Томар – Татан бағытындағы жолды бір тұстан су бұзды. Бүгінде аталған жерлердегі су деңгейі төмендеді. Абыз елді мекеніне баратын жолды да су шайып, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде.

Республикалық маңызы бар жолдың Көктас ауылы маңында және Қарағайлы кентіне апаратын жол қиылысынан су жүріп өтті.

Қазіргі уақытта барлық қауіпті аймақтарда кезекшіліктер ұйымдастырылған. Аудан басшысы бастаған аудан әкімдігінің қызметкерлері, қала басындағы мекеме-кәсіпорын басшылары түгелдей дерлік су келген елдімекендерде тиісті шараларды атқаруда. Тілсіз жаумен аудан халқы ұйымшылдықпен күресуде. Ең бастысы – адамдардың амандығы. Тәулік бойы даламен келіп жатқан қар суының ағыс екпіні мен бағдарын бақылауда ұстауда.

Сағыныш ӘБІЛОВА.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button