Жаңалықтар

Қарқаралының құлпырған қызғалдағы

Қасиетті «Атыңнан айналайын, Қарқаралы» (Мәди) топырағында дүниеге келіп, аты әлемге жайылған тұлғалар аз емес. Тек рухани өміріміздің бір тармағы театр өнерінде асқақ таланттарымен ұлттық драматургияның кең тынысты, айтар ойы терең, ішкі жан дүниесі аласапыран кейіпкерлерімен қатар, орыстың Гоголь, Островский, әлемдік деңгейдегі Шекспир, Шиллер шығармаларындағы сан алуан кейіпкерлер галереясын биік дәрежеде сомдап, атағы республикамыздан асып, кезіндегі Одақтың сахна шеберлерін мойындатқан дарын иелері қаншама! Бүгінгі таңда алдыңғы толқын аға-апаларының көркем өнерін жалғастырып, талантымен тай жарысында қара үзіп, республиканың өнер додасында шеберлігімен таңдай қақтырып жүрген ерекше дарын иелерінің бірі – Қарқаралының құлпырған қызғалдағы, бірнеше республикалық театрлар фестивалінде жеңімпазы, Алматының Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі Дина ЗАИТОВА.

Дина Қарқаралыда мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ көрермендер үйірмесіне қатынасып, әншілік өнерімен ерекшеленетін. Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай Қарағанды қаласында өткен мерекелік мәдени шарада Қарқаралы өнерпаздарының арасынан тамаша дуэт ерекшеленіп бірден көзге түсті. Сол кездегі аудандық мәдениет бөлімі меңгерушісі Р.Жылтыбаевадан атыжөндерін жазып алдым. Келер жылы Алматы өнер академиясынан профессор Г.Сапарғалиева жас таланттарды оқуға іріктеуге Қарағандыға келе қалмасы бар ма?!

Қала мектептерін аралатып, көптеген үміткерлермен кездестірдім. Көңілі толыңқырамай, ауыл балаларын таңдап көргісі келетінін айтты. Басқарма басшысы Р.Омарбекова көлікпен қамтамасыз етіп, Шет, Ақтоғай, Бұқара жырау, Қарқаралы аудандарына баруға жағдай жасады. Қарқаралы қазақ мектебіне барғанымызда биыл мектеп бітірушілерден Дина Заитова профессорға бірден ұнады. Бойы, сымбаттылығы, әсіресе, қазақша жалпақ сөйлейтіні мен үні (дикциясы) көңілінен шықты. Міндетті түрде келуін өтініп, аты-жөнін жазып алды. Қайтар жолда маған қайта-қайта: «Осы қыздан жақсы артист шығады. Көз жанарында оты бар. Қайтсең де, маған жеткіз»,– деп өтінішін білдірді. Қырағы көз профессор Г.Сапарғалиева қателеспепті. Дина сол жылы Алматы өнер академиясына түсіп, ұлағатты ұстаздардан білім алып, өнердің қыр-сырына қанып, бітірген соң Қарағанды облыстық С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрына жұмысқа келді. Актердің бағын ашатын – роль. Талантты көреген режиссерлер жас актерлердің қабілетін дәл таба білу де үлкен жеңіс. Режиссерлер, әсіресе, Ә.Оразбеков пен Д.Жұмабаева және Д.Арғынғазина Динаның мүмкіндігін тани біліп, дер кезінде әлемдік драматургияның інжу-маржандары У.Шекспир, А.Чехов, Жан Ануя, П.Мериме, Т.Уильямс, Ғ.Мүсіреповтердің айтулы пъесаларын қолға алып, Динаның бар мүмкіншілігін әдемі пайдалана білді. Актерлік шеберліктің теориясымен үлкен мектептен терең білім алып келген жас талант Дина Заитова уысына түскен актер бақытын өте ұқыпты пайдаланды. Әр роль сайын шеберлігі нығайып, жеңістің баспалдағымен биіктей түсті. Бүгінгі күн тақырыбына жазылған Д.Исабеков, Қ.Аманжолов, Ш.Уәлиханов, К.Жұмабековтердің драмаларында замандастар бейнесін қазіргі күн сұранысына лайықтап, өзекті образдар галереясын жасады. Тіптен, М.Әуезовтың «Қарагөз» трагедиясында көпшілік сахнасында жүріп-ақ жусанды боз далада құлпырған қырмызы қызғалдақтай ерекшеленіп, жастық жалынымен, отты ойнақы көзқарасымен, әсерлі қимыл әрекеттерімен өзіне тартып алады. Алғашқы күндерден-ақ өзінің еңбекқорлығымен, репитиция кезінде жинақылығымен, әсіресе, жұмысқа деген құштарлығымен көзге түсті. Киелі сахнаның қадірін білетін саналы артист. Динаның бағына қарай, ол кезде театрдың көркемдік жетекшісі, республикаға танымал талант иесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков болатын. Француз драматургі Жан Ануяның «Бозторғай» трагедиясындағы әйгілі Жанна Д, Аркті Динаға сеніп берді. Театр сахнасында көсіліп қалған Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Ботагөз Мақсұтовамен қатар түсті. Әрине, актер үшін классикалық шығармада даңқты Жанна Д, Арктің ролін сомдау қолға түсе бермейтін бақыт. Сол мүмкіндікті Дина уысынан шығарған жоқ. Ботагөзбен кезектесе репитиция жасап жүріп, өзінің Жанна Д, Аркін сомдап шықты. Ресейдің «Бастау» фильміндегі И.Чурикова ойнаған Жанна Д, Арктай Қарағанды сахнасында да аты аңызға айналған, үлкен жүректі кішкентай Жанна Д, Арктың образы ұмытылмастай болып сомдалды. Жас талант Дина Заитованың үлкен өнердегі алғашқы жеңісінің баспалдағы еді. Сол биікте масайрап тұрып қалмай, алға өрлеп, әр түрлі жаңа образдарды сомдап, кезекті әлем сахнасында бейнеленген күрделі классикалық шығармаларды ойнауды көздеп жүргенде, бүгінгі күннің үрдісімен әлем драматургиясының інжу-маржандарын жаңаша шешіммен қоюшы талантты режиссер Дина Жұмабаева «Қыз Жібек» жырының желісімен «Қыз Жібек» моноспектаклін дайындап қойды. Әрине, кинодан бұрынғы қойылған спектаклдерді көріп қалған көнекөз көрермендерге спектаклдің шешімі де, пластикалық үлгіде қойылып ойнаған актерлер де көңілдерінен шықпағаны рас. Бұл сөз зергері Ғ.Мүсіреповтің даңқты «Қыз Жібек» музыкалық драмасы емес, ауыз әдебиетіндегі «Қыз Жібек» жырының нұсқасымен, пластикаға, іс-әрекетке жыршының баяндауымен жеткізілетін қойылым. Кәсіби сыншылар, көптеген артистер мен өнер қайраткерлері өте жылы қабылдады. 2014 жылы Ақтөбе қаласында өткен республикалық театрлар фестивалінде «Ең үздік әйел ролі» номинациясы Қыз Жібекті сомдаған Динаға берілуі тегін емес. Дина талантымен жарқылдап, әр театрда шақырумен ойнап жүрген бірегей дарын иесі.

Астанадағы Айгүл Иманбаеваның «А.И.» театрында қойылған ұлы М.Әуезовтың «Қарагөз» трагедиясындағы Маржан роліне арнайы шақырылып, Өскемен қаласында өткен республикалық эксперименттік жастар фестивалінде Маржан ролін тамаша сомдағаны үшін тағы да «Ең үздік әйел ролі» номинациясын қанжығасына байлады. Жақында Алматыдағы белгілі өнер қайраткері А.Сатыбалдының театрында ойнап, өзінің сахнаға қалыптасқан, ешкімге ұқсамайтын дарын иесі екенін тағы да дәлелдеп шықты.

Динамен сахнада әріптес болу ғанибет. Мен Шекспирдің «Король Лирінде» және Т.Уильямстың «Тәнге түскен раушангүл» драмасында әріптес болдым. Екеуінде де Динаның ерекше талант екендігіне көзім жетті. Сахнада репитиция кезінде қатты ізденеді, үлкен дайындықпен жаңа дүниелер тауып, режиссердің айтқанына өз ойын қосып, әріптесінің де қарым-қабілетіне түсіністікпен қарайды. Әсіресе, Гонерильяда өмірге өкінішпен Эдмондпен ашына әңгімелесетін сахнада тірі балықты судан суырып алып, басын тісімен қыршып алатын сәтінде, өмірдегі өзіме тиістіні ешкімге бермеймін» деген долы өркөкірек Гонерильяның ішкі жан дүниесін іс-әркетімен әдемі көрсете білді.

«Мадиярға тек менің ғана айтқаным болады» – деп өзіне сенімді тәкәппар Гонерилья айнасын көзімен жалмап, ішкі залым ойын ышқына нық шегелей сөйлеп, қолындағы басы қыршылған балығының білекке сорғалаған қанын жалап тұрып, «қарсыластарымның қанын ішем» деген сұмдық ойларын әсерлі жеткізеді.

Бір ғажабы – Дина қай спектаклде болмасын ролін терең зерттеп, кейіпкерінің бар болмысын автордың жазғанынан ғана емес, сол ортаның түпкілікті өмір тіршілігіне қанып барып, сахнаға шығады. Кейіпкерінің сөз сөйлеу мәнері, іс-қимылы, көз қарасы, жүріс-тұрысы, тіптен, киім киісіне дейін шынайы үйлесімді болып, көрермендерді сүйсінтеді және сендіреді. Әсіресе, классикалық шығармаларда суда жүзген балықтай. Т.Уильямс, Х.Эчегарай, А.Чехов, Г.Андерсон, М.Әуезов, Иран-Ғайып драматургияларындағы кейіпкерлерді автор жазғанындай, өзіне шақтап тігілген көйлектей өте көрікті етіп сомдайды. Дина – тай жарысынан озық шығып, аламан бәйгеге жарау сәйгүліктей әлем драматургтерінің Эсхил, Еврипид, Шекспир, Шиллер, Островский, Гоголь, Әуезов, Айтматов шығармаларының ойы терең, сан алуан құбылмалы кейіпкерлерін сомдауға дайын бірден-бір артист. Озық ойлы режиссерлердің қандай да қойылымына көрік беретін дарын иесі.

Динаның бүгін күн тақырыбына жазылған драмалардың ішінде еңсесі биік, елеулі кейіпкерлерінің бірі – астаналық режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Жұманиязов қойған Р.Отарбаевтың «Мұқағали мен Фариза» атты поэтикалық драмасындағы Фариза ролі. Сахнадан нағыз ақын Фаризаны көресіз. Мұқағали ақынмен кездесетін тұста жүрек түбіндегі риясыз өкініш пен ашу-ыза көрермендердің жанын қозғап, жүрегін тырнайды. Ой салады, ойландырады. Дина-Фаризаның көзі қанталап, сөзі сүйектен өтіп, ішкі жан-дүниесін ақтарып салады. Сахнада – нағыз өмір. Өмірге келген соң «атың адам болған соң» адалдық қасиетке лайық болу керектігін ұғынасың. Фаризаға тән мінезін көріп, «апырмай, ер-азамат болса, не істер еді?» деп сүйсінесің.

Дина – сирек кездесетін дарын иесі. Шын мәнінде, бүгінгі таңда ұлттық сахна өнерінде Динадай ерекше таланттар өте аз. Динаны жұмысқа Астанаға, Алматыға шақырды, облыстық театрларды айтпағанның өзінде. Бірақ, туған жерінен, әке-шешесінің қасынан ұзап кеткісі жоқ. Өкініштісі, әлі күнге дейін театрдың ішіндегі жатақханада тұрады. Талант атақпен өлшенбейді десек те, «сәйгүлікке тән жабуды, есекке жапқаны» тіптен аянышты, әрі өкінішті екен. Дина Заитова – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына, «Серпер» жастар одағы сыйлығына әбден лайық талант. «Жастар жылында» осы жағын тиянақты қолға алып, өңіріміздегі жастарға қолдау көрсеткендері орынды болар еді…

Сахна төрінде Қарқаралының жусанды даласында қырмызыдай құлпырып тұрған қызғалдағы Дина Заитова, шын мәнінде ұлттық сахна өнерінің биік шыңына өрлеп келеді.

Жарқырай бер, Дина!

Кеңес ЖҰМАБЕКОВ.

Басқа материалдар

Back to top button