Қарқаралыда әлеуметтік нысандар жөнделеді

Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Қарқаралы ауданына жұмыс сапарымен барып, Егіндібұлақ және Қарағайлы ауылдарының ахуалымен танысты. Сонымен қатар, тұрғындардың тұрмыс ахуалын жақсартуға және әлеуметтік мәселелерді шешуге назар аударды.

Егіндібұлақ ауылындағы Мәдениет үйіне соңғы 15 жылда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген екен. Осыдан 50 жылдан астам уақыт бұрын салынған ғимарат айтарлықтай тозған. Аудан әкімі Халел Мақсұтовтың айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Жөндеу жұмыстары 2020 жылы басталады. Ғимараттың қасбетіне және ішіне жаңарту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Мәдениет үйінде балалар мен жасөспірімдерге арналған 9 үйірме жұмыс істейді. Сонымен қатар, ардагерлер хоры, халық ансамблі және Егіндібұлақ театры да бар.

Жергілікті билік өкілдері ауылда спорт нысандарының жетіспейтінін айтты. Дене шынықтыру-сауықтыру орталығының құрылысын салу жайын талқылаған аймақ басшысы жергілікті билік өкілдеріне нысанның жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауды тапсырды. Бұдан соң күрделі жөндеуді талап ететін жергілікті мектептің жұмысымен танысып, мәселені тез арада шешуді тапсырды.

Қарағайлы кентінде де күрделі жөндеу жұмыстарын талап ететін нысандар бар. Құрылысшылар жөндеу жұмыстарына келесі жылдан бастап кіріспек. Сондай-ақ, кентте отбасылық дәрігерлік амбулатория құрылысы салынып жатыр. Мердігерлер нысанды жыл соңына дейін тапсырмақ.

Аудан басшылары облыс әкіміне ауылдағы саябақты абаттандыру жұмыстарының жобасын таныстырды. Тұрғындар өтінішінен кейін ұзақ уақыт қараусыз қалған саябаққа келесі жылы қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Аудандағы су және кәріз мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Халел Мақсұтовтың айтуынша, қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, қаржы көздері қарастырылуда.