Руханият

Қарқаралы Қаллекиді құрметтей алмай отыр

Дарындарды дүниеге әкеліп, апталдарды алақанынан ұшырған Ақжол ауылындағы сәулетті ғимараттың бірі – музей. Мәдени ошақ ұлы актер Қалибек Қуанышбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 18 ақпан 1993 жылы №128 қаулысына сәйкес қыркүйек айында тарихи-өлкетану музейі ретінде ашылады. «Бір өзі – бір театр» атанған Қаллекидің еңбегін дәріптеу мақсатында жүзеге асқанымен, музейге есімі берілмеді.

Қаллеки

Ашылғанына 30 жыл толған тарихи-өлкетану музейі екі қабатты, жалпы аумағы – 1,81 мың шаршы метр. Түрлі мазмұнды тарихи атау берілген бес зал бар. Экспонаттың негізгі қоры – 2336, қосымша қор – 326 болса, оның 137-сі – Қалибек Қуанышбаевқа тиесілі.

Сонымен қатар, музей залдарына ауылдан шыққан ұлы тұлғалардың фотосуреттері мен жәдігерлері топтастырылған.

Ауылдан шыққан төрт Кеңес Одағының батыры Мартбек Мамыраев, Петр Теряевтің, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің, Социалистік Еңбек Ері Нұрбақыт Кәбдікәрімова туралы құнды деректерді кездестіруге болады. Бұдан бөлек, өнер майталмандары Рақия Қойшыбаева, Мұрат Толыбаев, Рымкеш Омарханова, алғашқы ұстаз Әлібек Бүркітбаев хақында жәдігер бар.

Қаллеки

Шағын ауылдың шырайын келтіріп отырған тарихи орынға жылына 500-600 адамға дейін келеді. Әрі музей қызметкерлері қордағы құнды жәдігерлерді жария ету, насихаттау, ұлықтау мақсатында жылжымалы экскурсиялар ұйымдастыруды үрдіске айналдырған.

– Музейдің негізгі бөлмесі – Қаллекидің өмір жолы мен шығармашылығына арналған. Сахнадағы серіктері мен ауылдастары, өнер зерттеушілері мен ақын-жазушылардың естеліктері мен фотосуреттері қойылған. Қаллекидің өзі оқыған Абай өлеңдерінің таспасы, 1940 жылы Абай бейнесін ойнағанда киген бешпенті, Сәбит Мұқановтың Қаллекидің 60 жылдық мерейтойында иығына жапқан шапаны, демалғанда әркез шертетін домбырасы, бәйбішесі Қазия апамыз екеуінің шай ішкен ыдыстары, әр кезде отбасымен, жерлестерімен түскен неше алуан суреттері бар. «Мұхтар Әуезовтен Шәкенге» деп жазылған, бастапқыда Шәкен Айманов, кейіннен Қаллеки ұстаған таяқ осында, – дейді музей қызметкері Жәнібек Жантурин.

Музей қорында Қаллекидің ерекше таланты мен кәсіби шеберлігі туралы жазбалар да жоқ емес. Жасынан ән-күй, ойын-сауық, той-тамашаға жаны құмар, думаншыл еді. Ол жалғыз өзі бірнеше адамның кейпіне түсіп, бір отырыста-ақ «екеудің таласын», «үшеудің керісін», «бесеудің жанжалын» орындап, тыңдаушы көпшілікті күлкіге кенелтетін дарынды өнерпаз ретінде елге танылған.

Қаллеки

1914 жылы маусым айының басында атақты Қоянды жәрмеңкесінде Жынды Омар екеуі алғаш өнер көрсетеді. 1916 жылы патша жарлығымен Белоруссиядағы тылдағы жұмысқа әскерге алынады. 1917-1920 жылдар аралығында Омбы қаласында былғары зауытында ат айдаушы-көшір болады. Осында атақты палуан Қажымұқанмен танысады. 19221924 жылдары Автономияның 1 жылдық тойында әнші Ғаббас, Жынды Омар, Зәрубай, Ахметтермен бірге Қояндыда өнер көрсетіп жүріп, Мұхтар Әуезовпен танысады. 1925 жылы қыркүйекте «Еңбекші қазақ» газетінде бір топ өнерпаздармен қатар Қалибекті театрға шақырған хабарландыру басылады. 1926 жылы 13 қаңтарда Қазақ театрының шымылдығы М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» қойылымымен ашылады. Онда Қаллеки Қараменденің рөлін ойнайды. 1934 жылы «Қазақ ССР-ның Еңбек сіңірген артисі» атағы беріледі.

Жалпылама ел арасында «Қалибек Қуанышбаев музейі» дегенді жиі естиміз. Қарқаралыға ат басын бұрған өнер адамдары «Қаллекидің музейіне барсақ» деген тілегін білдіріп жатады. Дегенмен, ауызекі тілде «Қалибек Қуанышбаев музейі» атанып кеткенімен, ресми атау арада 30 жыл өтсе де, әлі берілген жоқ. Ең өкініштісі де сонда.

Сағыныш ӘБІЛ,
Қарқаралы ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button