Жаңалықтар

Арқаның айшықты жаршысы

Сарыарқаның бел ортасындағы қалың қараған өскен осы бір өңірде отызыншы жылдардың басында Қарағанды қаласының негізі қалана бастаған еді. 1931 жылдың 4 қазанында латын әрпінде «Қарағанды пролетариаты» (қазіргі «Орталық Қазақстан») газетінің тұңғыш саны жарыққа шықты.

Бұл газетті алғашқы жарыққа шығаруды ұйымдастырушы әрі тұңғыш редакторы Хамит Садықов болған. Оның басшылығымен газеттің осы жылғы он екі саны жарық көреді. Ал, 1932 жылдың соңына қарай газетке тәжірибелі журналист Жұмабай Орманбаев жетекші болады. Есімі Қазақ Совет энциклопедиясына енген. 1981 жылы 5 мамырда жарияланған естелігінде ол кісі сол кездегі «Қарағанды пролетариаты» газетінің шығу тарихы жайлы былай деген: «Сол жылдарда маман кадрлар ауадай қажет еді. Тіпті, жоқтың қасы. Бұрын баспаханада жұмыс істеген татар жігіті Хамит Садықов деген азамат редактор болған екен. Кейін оның орнына тағы бір татар жігіті Бәри Мазитов тағайындалды. Бұл жігіт орысша-қазақша сауатты еді, редакторлықтан кейін де белгілі журналист болды. Өмірінің ақырына дейін осы салада жемісті еңбек етті. Бұл кездерде газет аптасына үш рет шығып тұрды, қызметке кірісімен-ақ қолынан іс келетін журналистерді жинастырып, газетті күнде шығаратын етудің қамына кірістік. Газеттің әдеби хатшысы ол кезде Ғабиден Мұстафин, Мінәж Жармұхаметов аударма бөлімінің меңгерушісі, Ғалымбек Нәдіров совет бөлімінің меңгерушісі, ал мәдениет бөлімін Әкпар Хасенов басқарды. Осы аты аталған журналистер газеттің алғашқы жылдардағы ауыртпашылығын көтере білді. Күн-түн демей еңбек етті». Маман журналистің газет басшылығын өз қолына алуы басылымның сапасына да ықпалын тигізді. Әрі газет өмірдің бар саласына үн қосып, үнемі ілгеріде болып, қозғаушы күшке айналды. Газет 1938 жылы 18 қаңтардан бастап «Советтік Қарағанды» деген атпен шыға бастайды. Осы кезде газетті шығарушы редактор міндетін И.Айдарбеков, Ә. Адамов атқарады. Сол кездерде газет редакциясынан көптеген белгілі ақын-жазушылар болды. Сталиндік репрессиядан сол кезде идеологиялық майдан деп саналатын газет қызметкерлері де аман қалған жоқ. Өмірбаяндық деректер көрсетіп отырғандай отызыншы жылдардың ортасында газет редакторлары жиі ауыстырылып, жазаланып отырған. «Советтік Қарағанды» 1963 жылдың мамыр айынан бастап «Орталық Қазақстан» деген атпен шықты. Газеттің өткен шежіресіне көз жүгіртсек, осы редакция қабырғасында есіме жалпақ елге жақсы танымал көптеген қаламгерлердің қызмет атқарғанын көреміз. Солардың ішінде қазақ әдебиетінің аққан жұлдызы Саттар Ерубаев, Ғабиден Мұстафин, Әлжаппар Әбішев тәрізді көрнекті жазушы ағалар да өз үлестерін қосқан екен. Газет Қарағанды өңірінің әлеуметтік-экономикалық мәсе­лелерін жазып көрсетуде көрнекті табыстарға жеткен. 1981 жылы басылым­ның елу жылдық құрметіне Еңбек Қызыл Ту орденімен, 2007 жылы Қазақ Журналистика Академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығымен марапатталған. Арқа өңірінің айнасына айналған «Орталық Қазақстан» газеті ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өзінің 85 жылдығын атап өтпек. Еліміздің өсіп-өркендеуі жолындағы барлық жетістіктерін қазағына сүйіншілей отырып жариялап, ақпарат айдынында алда келеді.

Айым ҚҰДАЙБЕРГЕН,

Ә.Ермеков атындағы мектептің

5 «Ә» сынып оқушысы.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button