АймақҚарағанды

Арқа төріндегі алқалы жиын

Қарағандыға еліміздің әр қаласынан келген мәслихат төрағалары жиналып, жергілікті өкілді органдардың алдында тұрған өзекті сын-қатерлер мен ортақ міндеттерді талқылады.
Пікір әрі тәжірибе алмасудың нәтижелі алаңындағы «Жергілікті өкілді органның рөлі мен міндеттері» тақырыбындағы семинар-кеңесінде Атырау, Павлодар, Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Орал, Семей, Жезқазған, Қаражал, Тараз, Талдықорған, Қызылорда қалаларының мәслихат төрағалары пікірлерін ортаға салды. Халықпен өзара іс-қимылдың тиімді моделін құру мәселелеріне баса назар аударылды.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

– Мәслихаттардың рөлі мен міндеттері туралы мәселелерді бірлесіп талқылау мүмкіндігі туғаны қуантады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың төртінші отырысында және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының екінші республикалық форумында айтты. Мемлекет басшысы жергілікті жерлердегі демократияның негізгі институттары ретінде мәслихаттардың рөлін күшейтудің маңыздылығын, өңірлердің дамуы үшін жауапкершілікті және депутаттардың құзыреттілігін арттыру қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Біздің азаматтарымыздың өмір сүру сапасы, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру және жергілікті жерлерде қабылданған реформаларды одан әрі іске асыру мәслихаттар жұмысының тиімділігіне байланысты. Сонымен қатар, бүгін біздің алдымызда жаңа сын-қатерлер мен міндеттер тұр. Қарқынды өзгеріп отыратын әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси жағдайлар жағдайында бізге қол жеткен нәтижелерді сақтап, жергілікті өзін-өзі басқару институттарын белсенді дамыту қажет, – деп атап өтті облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов.

Кеңеске қатысушылар қоғамдық диалог тетіктерін дамыту арқылы жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде азаматтардың қатысу деңгейін көтеру маңызды екенін атады. Сондай-ақ, халықтың сенімін арттыру үшін мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету күн тәртібінде екеніне тоқталды. Бұл орайда қолайлы инвестициялық жағдайлар жасауда өңірлерді дамытудың ұлттық жобалары мен бағдарламаларын іске асыру әрі қоғамды жалпыұлттық құндылықтар төңірегінде шоғырландыру маңызды екені де айтылды.

Бұл орайда мәслихаттардың міндеті – тиімді жоспарлауды қамтамасыз етуден бастап, халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін шешімдердің іске асырылуын бақылауға дейін ұйымдастыру екені талқыланды.

Экономика басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Әбішева Қарағанды агломерациясында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға арналған таныстырылым өткізді. Бұл қатысушыларға іске асырылып жатқан жобалар туралы өзекті ақпарат алуға мүмкіндік берді. Азаматтардың мүдделерін әрі аумақтарды дамыту мәселелерін шешетін өкілді органдар жайлы атап өтті.

Гүлмира Әбішеваның айтуынша, облыс бойынша жергілікті өзін-өзі басқаруды іске асыру бөлігінде 164 кент әкімдігі жұмыс істейді. Барлығында жергілікті қоғамдастықтар жиналыстарының дербес бюджеттері мен регламенттері бекітілген. Мәселен 2024 жылдың қорытындысы бойынша облыста 54 ауылдық округтер мен кенттерде сайлау өтті. 54 әкімнің 48-ін «Amanat» партиясы ұсынса, 6-уы өзін-өзі ұсынған. Осы орайда облыс бойынша сайланған әкімдердің орташа жасы – 46 жас.

Ал, сайланған 54 әкімнің 45-і – ерлер, 9-ы – әйелдер. Бұл ретте сайланған әкімдердің 17-сі бұрын ауылдық округтің әкімі қызметін атқарған, яғни, жаңадан сайланған, ал, 37-сі алғаш рет сайланған.

– Жергілікті өзін-өзі басқару органдары даму бағдарламаларын іске асырып, инвестициялық ахуалды жақсартуда және бюджеттік саясаттың тиімділігін арттыруда шешуші рөл атқарады. Қарағанды агломерациясы Үкімет бекіткен екінші деңгейдегі агломерациялар тізбесіне енді. Бүгінде жергілікті өкілді органдардың, өкілдері шешім қабылдауға белсенді қатысады. Ауылдарды дамытуда, әсіресе, абаттандыруға, көгалдандыруға, тротуарларды жөндеуге бастамашылық жасайды, – деді Гүлмира Әбішева.

Облыс бойынша жергілікті өзін-өзі басқару органдарында мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасына қолжетімділігі толық қамтамасыз етілген. Осы мақсатта облыс өңірлерінде халыққа арналған 39 коворкинг-орталық жұмыс істеп тұр. Мұнда іскерлік кездесулер мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады, электрондық мемлекеттік қызметтерді (38 орталық, 1 жастар үйі) алуға болады.

Өткен жылы сондай-ақ, өзін-өзі басқару даму бағдарламасын жас буынға түсіндіру мақсатында облыстың 364 мектебінде 2024-2025 оқу жылына арналған мектеп парламенттерінің президенттігіне сайлау өтіп, оған 89 872 оқушы қатысқан. Бүгінгі таңда мектептерде 364 президент және 2 912 фракция мүшелері жұмыс істейді.

Кездесудің еркін форматында депутаттар пікірлерін ортаға салып, ойларымен бөлісті. Қызылорда қалалық мәслихатының төрағасы Ибадулла Құттықожаев жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, аймақтарды дамытуда депутаттардың бастамасымен атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Өзін-өзі басқару органдары халықпен бірлесе отырып, көптеген мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарады. Мәслихат депутаттарының басты міндеті – бюджеттегі қаржының мейлінше тиімді және мақсатты пайдалануын қамтамасыз ету, халықтың әлеуметтік жағдайының одан әрі төмендеуіне жол бермеу, жергілікті жерлерде орын алған көптеген проблемаларды қолдан келгенше шешуге тырысу.
Қазір жергілікті мәслихаттар қоғамды демократияландыру жүйесінде халықтық биліктің негізгі формаларын қалыптастырған жергілікті өзін-өзі басқарудағы маңызды органға айналды. Депутаттардың ықпалымен шешімін тапқан көптеген мәселе бар. Қазіргі депутаттар жұртшылықпен байланысқа ашық, қоғамдық диалог орнатуға ынталы, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аударып келеді деуге толық негіз бар, – деді Ибадулла Құттықожаев.

Сондай-ақ, әр аймақтан келген депутаттар сөз алып, жергілікті халықтың әл-ауқатына қатысты мәселелерде әрбір депутат өздерінің өзекті мәселелерін атқарушы органдар жетекшілеріне ашық қойып, сессия отырыстары тартысты өткізілетінін жеткізді.

– Сіздердің қызметтеріңіз – әр аймақтың табысты болашағының кепілі. Сондықтан, барлық айтылған ұсынымдар хаттамаға енгізіліп, тиісті ұсыныстар Парламентке жіберіледі. Мәслихаттардың болашақтағы рөлі тек нығайып, арта түсетініне сенімдімін. Біз жергілікті өкілді органдардың өңірлерді дамыту мен басқаруға неғұрлым белсенді қатысуы үшін бірлескен күш-жігермен жағдай жасауымыз қажет. Осылайша қалалар мен ауылдардың тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, әрбір тұрғынның әл-ауқаты мен гүлденуі үшін берік негіз жасай аламыз, – деді Нұркен Кобжанов.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button