Бас тақырыпОблыс әкімі

Арқа төрінде – азаттық тойы

Азаттықтың ақ таңы арайлап атып, тәуелсіздігімізді жаһанға жариялағанымызға – 28 жыл толды. Осыған орай, Қарағанды қаласында облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен салтанатты жиын ұйымдастырылды. Қалыптасқан дәстүр бойынша жыл қорытындыланып, жетістіктеріміз сараланды.

Салтанатты жиынды құттықтау сөзімен ашқан облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Тәуелсіздік күнінің маңызына, бірлігі мен ынтымағы жарасқан еліміздің осынау жылдар бедеріндегі айшықты мезеттеріне тоқталды.

– Ел тәуелсіздігі – аталарымыздың асыл арманы. Сол арман бүгінде ақиқатқа айналып, Елбасымыздың дана саясатының арқасында, еліміз өзінің тәуелсіздігіне қол жеткізді. Қазақстан Республикасы саяси, экономикалық, әлеуметтік дамудың даңғыл жолына түсті. Барша әлем елдері үшін Қазақстан бейбітшілік пен келісімнің, татулық пен достықтың алаңына айналып, мемлекетіміздің беделі арта түсті. Осы жылдар ішінде біздің еліміз Елбасының бастауымен қиын белестерді бағындырды. Біз мұны ешуақытта естен шығармауымыз керек. Бейбіт қоғамда, арманы асқақ елде алаңсыз еңбек ету, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – үлкен бақыт! Бұл – біздің Тәуелсіздігіміздің жарқын жеңісі!, – деген аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен өндірістік қызметтегі ерекше ерлігі үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атанған Тұрсынбек Макишевті және «Құрмет» орденімен марапатталған Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ректоры Марат Ибатовты құттықтады.

Соңғы 28 жылда елімізге 300 млрд. АҚШ долларынан астам шетелдік инвестиция құйылған екен. Яғни, Қазақстан ТМД елдерінің арасында инвестициялық тартымдылығы жөнінен көш бастап тұр. Бұл – еліміздің сенімді стратегиялық әріптес екендігінің айғағы.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз елімізді реформалаудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Осы маңызды міндеттерді сапалы орындауымыз керек. Еліміздің әрбір тұрғыны оң өзгерісті сезінуі тиіс» деп атап көрсеткен болатын. Елімізде тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, қолдау көрсетуге бағытталған көптеген шаралар қабылдануда. Аймақ басшысының мәлімдеуінше, биыл Қарағанды облысында өнім шығару көлемі артып, алға қойған жоспарлардың орындалу көрсеткіші жақсарған. Мәселен, жастарға қолдау көрсетуге бөлінген 50%-ға артып, студенттік жатақханалар, спорттық нысандар мен мәдениет үйлерінің құрылысы жүргізілуде. Облыс аумағында жұмыссыз жастарға кәсіп үйрететін, бизнестің қыр-сырын көрсететін мекемелер бар. Жас кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктер мен қолдау ұсынылуда. Мұның барлығы ел дамуына оң серпін берері анық.

Салтанатты жиын барысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына өлшеусіз үлес қосқан, мемлекеттік және қоғамдық қызметке еңбегі сіңген азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды. Сондай-ақ, аймағымыздың өсіп-өнуіне атсалысқан бірқатар азаматтың еңбегі бағаланып, «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағын иеленді.

– Осы марапатты елімнің ортасында, Арқаның төрінде қабылдау мен үшін үлкен сый-құрмет. Сол үшін облыс басшылығына, ел үшін қызмет етіп жүрген азаматтардың барлығына алғыс білдіремін. Бабаларымыз аманаттап қалдырған жерімізді түгел сақтап, шекарамызды тастай бекітіп, егеменді ел құруымыз Елбасымыздың салиқалы саясатының нәтижесі. Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Оны баянды ету – үлкен жауапкершілік, – дейді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ІІ дәрежелі «Барыс» орденінің иегері атанған Мұхамбет Көпеев.

 Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын мерекелік концертпен жалғасты.

Басқа материалдар

Back to top button