Арқа спорты абырой биігінде
Аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ Индонезияның Жакарта және Палембанг қалаларында өткен Азия ойындарында ел намысын қорғаған облыстың спортшыларын қабылдап, құрмет көрсетті.
Спортшылармен кездесу барысында облыс әкімі өңір спортының өркендеуі үшін барлық жағдайлар қарастырылғанын айта келіп, жергілікті атқарушы билік тарапынан алдағы уақытта да спортшыларға көрсетілетін қолдау толастамайтынын жеткізді.
– Бүгінгі біздің кездесуіміздің орны ерекше. Өйткені, намысты дода барысында лайықты өнер көрсеткен облысымыздың айтулы спортшыларымен жүздесіп отырмыз. Мақсатымыз – спортшыларымызға қолдау білдіру, облысымыздың, жанкүйерлердің атынан алғысымызды жеткізу. Барлығыңыз да ел үшін аянып қалған жоқсыздар. Барлық жігерлеріңізді, күштеріңізді салдыңыздар. Осымен он сегізінші рет өткізіліп отырған Азия ойындарына қатысу – ол сіздердің жеке жеңістеріңіз, ал иеленген медальдарыңыз – біздің ортақ жеңісіміз, біздің елдің, біздің облыстың жетістігі. Қазақстанның көкбайрағы осы секілді ірі сайыстарда жиі жоғары көтеріле берсін. Біз сіздерге сенеміз және жаңа жеңістерді күтеміз. Біз сіздердің әрбір жарыстарыңызды қадағалап көріп отырдық. Сіздер жарыста лайықты өнер көрсеттіңіздер. Сіздердей саңлақ спортшыларымызбен мақтанамыз және мақтан тұтамыз, – деді облыс әкімі Ерлан Қошанов.
Азия ойындары туралы баяндама жасаған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дмитрий Карпов жоғары өнер көрсетіп, ел мерейін асқақтатқан спортшыларды атап өтті.
– Қарағандылықтар Азия ойындарында 11 медаль жеңіп алып, лайықтыөнер көрсетті. Біріншіден, Азиадада жеңіске жеткен және жүлдегер болғандарға және олардың жаттықтырушыларына жарыстың аяғына дейін табандылық танытқандары үшін алғыс айтамын. Біз Азия ойындарының жеңімпаздарын, самбошы Бағлан Ибрагим бастаған спортшыларға шын жүректен ризашылығымызды жеткіземіз. Сондай-ақ, Азиаданың күміс жүлде иегерлері, дзюдошылар Ислам Бозбаев, Жансай Смағұловқа және Санжар Жаборов, қола медальға қол жеткізген Бейімбет Қанжановқа, синхронды жүзуден дуэттік сайыста жүлде сыйлаған Александра мен Екатерина Немичтерге, әйелдер арасында күресте қоланы қоржынымызға салған Эльмира Сыздықова сынды спортшыларға үлкен рахмет! Қарағанды спорты қанат жайып келеді. Алдымызда талай байрақты бәсекелер, сыналар сәттер күтіп тұр. Сол додаларда қарағандылық спортшылар міндетті түрде жоғары деңгейден көрініп, Қазақстанның және өзінің туған өңірінің атын әйгілейтіндігіне сенімдімін, – деді Дмитрий Карпов.
Сөз алған Азия ойындарының чемпионы Бағлан Ибрагим:
– Бұл дода мен үшін үлкен сынақ алаңы болды. Төрт жылда бір келетін байрақты бәсекенің бәсі жоғары. Менің артымда қазақ елі, қарағандылықтар, жерлестерім, сенім артқан ата-анам мен бапкерім тұрды. Мен аса зор қолдауды және жерлестерімнің алдындағы жауапкершілікті сезіндім. Жеңіліп жатқаныма қарамастан, барлық күшқуатымды жинап, қарсыласымның қолын ауырту әдісіне салу арқылы жеңіске жеттім. Азия ойындарының алғашқы жекпе-жегінде монғолиялық балуанмен белдесу кезінде жарақат алдым. Мұрным сынды. Соған қарамастан ерік-жігердің арқасында тағы да үш жекпе-жек өткізіп, жеңімпаз атандым, – деді.
Жезқазғандық 23 жастағы Бағлан Ибрагимның бұл жеңісін аймақ басшысы жоғары бағалады. Румынияда өтетін әлем чемпионатында жеңіпаз атануына тілектестік білдірді. Сондай-ақ, синхронды жүзуден жүлдегерлер апалы-сіңлілі Александра мен Екатерина Немичтерді әңгімеге тартқан облыс әкімі Ерлан Қошанов айтулы спорттың Қарағандыда дамып жатқандығын жақсы жетістікке балады.
– Спортшылар Олимпиада, әлем чемпионаттарында биік белестерді бағындыратындығына сенімдері мол. Спорт еңбекті қажет етеді. Егер өзіңе сеніп, тынбай еңбек етсең, алынбайтын қамал жоқ. Сонымен қатар, барлығы бірдей чемпион бола алмауы мүмкін. Бірақ, жаттығу кезінде алған тәлім, дайындық өмірде қажет болатыны анық. Біздің үшін барлық жағдайды жасаған өңір басшылығына алғысымызды айтамыз. Спортшылар халықтың құрметінен әркез қуат алатын болады, – деді синхронды жүзуден Азия ойындарының қола жүлдегері – Александра Немич.
Аймақ басшысы облыстағы осы сынды спорт түрлеріне ерекше қолдау қажеттігін атап өтті. Ол өңірдегі осы саланың дамуына серпін беріп, спортшылардың Әлемдік ареналарда топ жаруына мүмкіндік беретіндігін сөз етті. Жерлестеріміздің алдағы уақытта да толайым табыстарға қол жеткізе берулеріне тілектестігін білдірді. Мұның барлығы елдегі осы салаға жасалып жатқан жағдайдың жемісі екенін атап өтті.
Сонымен қатар, басқа да спортшылар және бапкерлер жекелеген алғыстарын жеткізіп, облыс спортының өркендеуіне үлес қосуға уәде берді.
Облыс әкімі жүлдегерлеріміздің Азия ойындарында лайықты деңгейде нәтиже көрсеткенін айта келіп, еліміздің даңқын асырып келген жеңімпаз спортшыларға өңір басшылығы тарапынан арнайы сый-сияпат жасады. Азия чемпионы Бағлан Ибрагимге Жезқазған қаласынан 1 бөлмелі пәтердің кілті мен 1 млн. 500 мың теңге сыйақы табыстады.
– Пәтер – меценаттар, жезқазғандықтар мен қарағандылықтар атынан жасалған сыйлық. Бұл – біздің жанашыр жерлестеріміздің алғысы. Мен жай ғана кілтті табыс етіп отырмын, – деп атап өтті Ерлан Қошанов.
Бұдан бөлек, Азиадада күміс алғандарға 1 млн. теңге, қолаға қол жеткізгендерге 750 мың теңге сыйақы беріп, облыс басшысы мәрттік танытты.
Айта кетейік, Азия ойындарында қарағандылық 34 спортшы өнер көрсетті. Осы спортшылардың арасында жеңімпаз атанып, алтынан алқа таққан самбодан 52 келі салмақта Бағлан Ибрагим, дзюдодан 90 келіде Ислам Бозбаев, 73 келіде Жансай Смағұлов, +100 келіде Санжар Жаборов күміспен күптелді. Сондай-ақ, әйелдер күресінде 76 келіде Эльмира Сыздықова, грек-рим күресінен 97 келіде Ерұлан Искаков, джиу-джитсудан 56 келіде Нұржан Сайдуали, самбодан 52 келіде Бейімбет Қанжанов, синхронды жүзуден (дуэт) Александра Немич, Екатерина Немич, жеңіл атлетика, эстафета 4х100 метр қашықтықта Римма Кашафутдинова қола жүлдегер атанды.
Жуырда Индонезия елінде өткен Азия ойындары бойынша таяуда аймақтардың рейтингі шығарылды. Нәтижесінде, Азиядан ең көп медаль алған облыстар рейтингінде біздің өңір 11 медаль еншілеп, жоғарғы орынға жайғасты.
Аталған ойындарға Қазақстан ұлттық құрамасы атынан 440 спортшы қатысқан, оның ішінде 404 спортшы 25 олимпиадалық спорт түрінен бақ сынады. Жакартадағы Азия ойындарында жалпы есебі 462 медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Оның ішінде 363 жүлде олимпиадалық спорт түрлерінен өз иесін тапты. Тағы бір айта кетерлігі, биыл Азия ойындарының бағдарламасынан нысана көздеу және стенд атудан командалық жарыс пен бокстан ерлер арасында ауыр салмақ дәрежелері (81 келі, 91 келі, +91 келі) алынып тасталған болатын.
Жазғы Азия ойындарының чемпиондарына мемлекет атынан 10 мың доллар сыйақы беріледі. Сондай-ақ, күміс жүлде иегерлері 5 мың доллар алады. Ал, қола медаль ұтып алғандарға 3 мың доллар берілмек. Олардың бапкерлері де сыйақысыз қалмайды.
Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»