Арқа әншісіне арналды

     Елбасы: «Біз жаңару жолында бабаларымыздан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта тірілтуіміз керек» деді. Рухани жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодымызды сақтау екенін әрдайым есте ұстап, әлемдік өзгерістерге сай жаңаша ойлау жүйесін қалыптастырғанымыз абзал.

Ұлттық  болмыстың өзі біздің ежелден келе жатқан қазақи салт-дәстүрімізден, мәдениетімізден, барлық рухани құндылықтарымыздан бастау алады. Таяуда М.Әуезов атындағы орталықтандырылған  қалалық кітапханада  Ғаббас Айтбаевтың 135 жылдығына орай «Арқа әншісі – Ғаббас Айтбаев» атты ретро — ән кеші өтті. Әнші, ақын 1882 жылы Қарағанды облысы, Егіндібұлақ ауданында туған. Қазақтың атақты әншісі. Әкесі Айтбай – Арқаның белгілі әнші-композиторларының бірі. А.Затаевичтің сөзімен айтқанда «Айтбаев – өте сирек кездесетін әнші-ақын».

Ретро – ән кешіне Ғаббас Айтбаевтың немересі Дариға Садыққызы, Жоламан Ғаббасов, Мақсат Нүсіпов және №34 жалпы білім беретін орта мектеп оқушылары мен кітапханашысы Гүлжанат Жолдыбекова қатысты. Әншілер Қарағанды мемлекеттік университетінің үшінші курс студенттері Заңғар Тілеулинов, Данияр Тәңірберген, Абайбол Кәлім «Көзімнің қарасы», «Ақ бұлақ», Тәттімбет өнер колледжінің студенттері Еркебұлан Манарбеков, Берік Қазкен «Тау ішінде», «Балқурай», «Сарыарқа», «Алтын анам» әндерін орындады.

Кеште әншінің немересі Жоламан Рауфұлы қазақ халқының ақыны, композиторы жөнінде естіген білгендерін оқырмандарға айтып берді. Кеш әсерлі өтті. Сан ғасырдан бүгінге жеткен қазақ әндері тыңдалды.

    Гүлайым ЖЫЛТЫБАЕВА,

М. Әуезов атындағы қалалық кітапхананың өлкетану бөлімінің меңгерушісі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.