Саран

Арқаға аян “Ақ шаңырақ”

Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығындағы «Ақ шаңырақ» қазақ этномәдени бірлестігінің құрылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде бірлестік мүшелері аталған кент пен Саран қаласы, облыс тұрғындары арасында халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, өнері мен мәдениетін үзбей насихаттап келеді.

«Ақ шаңырақ» 2002 жылы ресми түрде тіркеліп, құрылған болатын. Сол кезде қазақ ұлтының саны аз бұл елді мекенде мұндай батыл да игі қадамға барған ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Амангелді Кенжебаев пен Рымтай Сейтқазина еді. Бұл іске бекем бел буып, материалдық жағынан да, қаржылай да көмегін аямады. Рымтай Отарқызы осында өзі ұйымдастырған «Ақ әже» вокал тобында ән шырқап, зейнетке шықса да, әлі де қатардан қалған жоқ, оның бұл шығармашылық белсенділігі мен демеушілігі лайықты бағаланып, «Саран қаласының Құрметті азаматы» атанған. Сонымен қатар, Рымтай Отарқызы – кент әкімдігінде қоғамдық келісім бірлестігінің төрағасы.

«Ақ шаңырақ» ашылған алғашқы күннен бастап оған жетекшілік етіп келе жатқан Марта Супиянова:

– Жоғарыдағы орталықта «Русская песня» хоры мен татардың «Яхташылар» этномәдени бірлестігі де бар. Біз солармен бірлесе жұмыс істеп, кент, қала мен облыс көлемінде өтетін мәдени-бұқаралық және мерекелік шаралардың бірде-біреуінен тыс қалмаймыз. Соған лайық алған марапаттарымыз бен жүлделеріміз де аз емес, – дейді.

Айтса, айтқандай, «Ақ әже» вокал тобы осыдан бес жыл бұрын өткен «Өнерім – өмірім» облыстық фестивалінде жүлделі ІІ орынды иеленсе, ал биыл 22 қыркүйекте оның Гран-приін жеңіп алды. Сондай-ақ, былтыр Саран қаласындағы «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» облыстық фестивалінде қолөнер бойынша І орыннан көрініп, осы жылы олардың өнерін облыстық теледидардан көрсетіпті.

«Ақ шаңырақтың» аясында бұдан бөлек «Гүлдер-ай», «Қарлығаш» топтары мен «Балапан», «Қыз Жібек» клубтары топтасқан. Бұлардың жұмысына кент тұрғындары, №16 мектеп мұғалімдері мен оқушылары жұмыла атсалысып, Наурыз мерекесі, түрлі мәдени шаралар, тіпті мұсылман мерекелері Ораза, Құрбан айтта да мерекелік шараның бел ортасында жүреді. Рымтай Сейітқазина, Нұрбике Ахметжанова, Амангелді Мұсабеков, Жалғас Садықов, Айша Сыздықова, Мереке Нұршева, Манат Ахметова, Жәмила Серікбаева, Айсұлу Сейтімова, Света Желубаева, Гүлімжан Күлкеева, Мартбек Күлбаев сынды өнерпаз ата-әжелерінің жолын қуған жеткіншектердің жетістіктері де көңіл қуантады. Атап айтқанда, 8-сынып оқушысы Ұлту Қаштаева Қарағанды қаласында өткен «Шоқ жұлдыз» республикалық балалар мен жастар шығармашылығының фестивалінде лауреат атанып, 1 дәрежелі диплом алса, тағы да бір 8-сынып оқушысы Астана күнінде «Жұлдызды сәт» халықаралық өнер байқауында көркемсөз оқудан бас жүлдені жеңіп алды. Ал, 4-сынып оқушысы Нұрсұлу Қайыржан да «Шоқ жұлдыз» сайысында І орын иеленген. Олардың мұғалімдері де «Гүлдер-ай» вокал тобына қатысуға уақыт тауып, шәкірттеріне үлгі көрсетіп жүр.

Арқаға аты аян «Ақ шаңырақ» ұжымы өздерінің 20 жылдық мерейтойына орай 3 желтоқсан күні Ақтас кентінің жұртшылығы алдында есеп беру концертін өткізбек.

Ержан ИМАШ

САРАН

Басқа материалдар

Back to top button